9 балабақшаның құрылысы басталмаған
Тексеру комиссиясының төрағасы Иманжүсіп Ақпомбаевтың айтуынша, 2017 жылмен салыстырғанда МЖӘ-нің іске асырылып жатқан жобаларының төмендеу үрдісі анықталыпты. Мысалы, егер 2017 жылы жалпы сомасы 32 млрд теңгеден астам қаржыға 7 жоба іске асырылса, 2019 жылы жалпы сомасы 10 млрд теңгеге жуық қаржығы барлығы 4 жоба ғана іске асырылды. Бұған бюджеттік бағдарламалар әкімшілері МЖӘ жобаларының сапасыз жоспарлануы әсер еткен. «Ал МЖӘ жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау бөлігінде оң динамика байқалады. Егер 2017 жылы МЖӘ шарттарымен барлық 7 жоба бойынша 32 млрд теңгеден астам сомаға міндеттеме қабылданса, 2018 жылы 3 жобаның 2-еуі бойынша 5 млрд теңгеге ғана міндеттеме қабылданды. 2019 жылы жасалған 4 МЖӘ шартының барлығы бойынша мемлекеттік міндеттеме қабылданбаған, бұл жергілікті бюджетке түсетін жүктеменің төмендегенін көрсетеді», – дейді Тексеру комиссиясының төрағасы. Мемлекеттік аудит барысында балабақшалар салу бойынша 11 жобалық-сметалық және техникалық құжаттаманы әзірлеуге жергілікті бюджеттен 312 млн 63,9 мың теңге жұмсалғанын, соның ішінде жалпы сомасы 259 млн теңгеге 9 жоба бойынша құрылыс әлі басталмағаны анықталды. Бұл жобаларға 2014-2015 жылдардағы мемлекеттік ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындылары бар. Қазіргі уақытта аталған жобалық-сметалық және техникалық құжаттар ескірген. Демек, балабақшалар салу бойынша 9 жобалық-сметалық және техникалық құжаттаманы әзірлеуге жұмсалған 259 165,2 мың теңге тиімсіз пайдаланылған болып шығады. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының 4 жобаны іске асырмауы да бюджет қаражатының тиімсіз жоспарланғанын көрсетеді. Ал бұл аз ақша емес. Конкурстық құжаттарды әзірлеуге және консультациялық сүйемелдеуге 42 млн теңге жұмсалған. Есте болса, осыдан үш жыл бұрын елордада ақылы автотұрақтар туралы мәселе жиі айтылды. Сол ақылы автотұрақтар да МЖӘ арқылы жүзеге асырылатын болған. Ендігі қызықты қараңыз, Астана қаласы әкімдігінің 2017 жылғы 22 маусымдағы №108-1325 «Елордадағы көлік құралдарын тұраққа қою үшін ақы алуға және оларды тұраққа қою уақытын есепке алуға арналған арнайы сертификатталған құрылғылармен жабдықталған орындарды белгілеу туралы» қаулысына өзгеріс енгізу туралы құжат қабылданбай қалған. Ал осы қаулыға енгізілмеген тұрақ орындары бойынша төлем алынып келген. Сондай-ақ тестілік режимде жұмыс істейтін тұрақ орындарына да төлем алынбауы тиіс болатын, алайда бұл туралы халықты хабардар ету жұмысы тиісті деңгейде жүргізілмеген. Елордадағы МЖӘ саласындағы мемлекеттік аудит нәтижесі бойынша жалпы сомасы 42 млн теңгеден астам бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау және пайдалану, 58 рәсімдік бұзу мен 14 кемшілік анықталды. Мемлекеттік аудиттің бір материалы процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына тапсыруға ұсынылды.Жарты жылда 109 лауазымды тұлға заң бұзған
Біз жоғарыда бір саладағы қаржының жұмсалуына қатысты анықталған кемшіліктер туралы сөз еттік. Ал басқа салаларда қандай жағдай қалыптасып отыр? Бұл сауалдың жауабын Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Тексеру комиссиясының осы жылдың алғашқы жарты жылдағы бюджет қаржысының жұмсалуына жүргізген тексеру қорытындысынан білуге тырысамыз. Бұл тексеру «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» заңға сәйкес жүргізілетінін айта кеткен жөн. Сонымен, жыл басынан бергі 6 айда Тексеру комиссиясы жалпы сомасы 189 млрд 713,0 млн теңге болатын 40 нысанды тексерді. Аталған қаржының 133 млрд 929,0 млн теңгесі мемлекеттік органдарда, 55 млрд 784,0 млн теңге квазимемлекеттік сектор субъектілерінде игеріліп жатыр. Аудиторлық іс-шара қорытындысында 17 млрд теңгеден астам қаржыға қатысты заңбұзушылық анықталды. Оның ішінде қаржылық бұзушылықтар – 8 млрд 735,2 млн теңге, бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану – 4 млрд 468,5 млн теңге және тиімсіз жоспарлау – 4 млрд 273,9 млн теңге болыпты. Ал аудит объектілерінің қызметіне қатысты рәсімдеулерге қатысты 938 заң бұзу мен кемшілік анықталған.