Адвокат Игорь Вранчев жемқорлықпен күресуші органның елордадан арнайы келген қызметкерлері облыс әкімінің №1 орынбасарын шетелге кетейін деп тұрған жерінен құрықтағанын жеткізді.
«Маған Таубаевтың туыстары қоңырау шалды. Мен бірден сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке тарттым. Жедел қызметкердің және тергеушінің көзінше Таубаевпен жүздестім. Содан кейін екеуімізге жеке тілдесуге мүмкіндік бердім. Ол іссапарға ұшуды жоспарлағанын, сол себепті түстен кейін үйіне келіп, жолға жинала бастағанын айтты. Үй ауласының есігі ашық жатыпты. Ұлы өсімдіктерді суарып жүрген. Осы кезде арнайы формасы жоқ, қарапайым киінген бір топ адам сау ете қалады. Олар баладан әкесінің қайда екенін сұраған, содан кейін үйге енеді. Өздерін таныстырғаннан кейін Таубаевқа антикоррупциялық органға бірге бару керегін, бірқатар мәселені талқылау қажетін мәлімдепті. Таубаев киініп, оларға ере жүрген. Органның ғимаратына кірген кезде ғана оның пара алғаны туралы ақпарат барын хабарлап, қолына кісен салған», – деді Игорь Вранчев.
Қорғаушы күдіктіге істің егжей-тегжейі түсіндірілмегеніне тоқталды.
«Оған ешкім ештеңені түсіндірмеген. Тек ұстау рәсімі өткізілген, тергеуші хаттама толтырған. Онда ұстау негізі көрсетілмеген. Мен оған қандай күдік келтіріліп отырғанын түсіндіруді сұрадым. Тергеуші оның пара алғанына қатысты сөз шыққанын, анық-қанығын өзі де білмейтінін білдірді. Ол тіпті тергеу-жедел әрекет ету тобына кіретін-кірмейтінін де білмейді. Өзіне тапсырылғандықтан, топта бар шығармын деп топшылайды. Сондықтан тергеу-жедел топ құру туралы хаттаманы және аталған топтың қылмыстық істі өндіріске қабылдап алғаны туралы қаулыны тауып көрсетуді өтіндім. Қос құжат та оның қолында болмай шықты», – дейді адвокат.
Оның мәліметінше, ізінше тергеуші ауыстырылған: жергілікті маманның орнына Нұр-Сұлтаннан арнайы тергеуші аттандырылды. Қорғаушы одан да қандай айып тағылып отырғанын айтуды өтінеді. Жауап қысқа болған: облыс әкімінің бірінші орынбасары пара алды деген күдік бар. Алайда кімнен және қанша көлемде алғаны нақтыланбады. Сәйкесінше, Н.Таубаевқа қорғаушысы өз құқығын пайдаланып, ешқандай айғақсөз айтпауға кеңес беріпті. Өз кезегінде тергеушілер оған тергеумен ынтымақтасып, істің ілгерілеуіне көмек көрсетуге ұсыныс жасаған көрінеді.
Ақпарат құралдары сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметіне сілтеме жасай отырып, Атырау облысы әкімдігінің лауазымды тұлғалары 182 миллион теңге және 400 мың доллар пара алғанын жазуда. Осыған орай облыс әкімінің бірінші орынбасарына Қылмыстық кодекстің 366-бабының 4-тармағы бойынша «аса ірі мөлшерде пара алғаны» үшін айып тағылып отыр.