Нью-Йорк сапары: жарқын болашақ жолы
Нью-Йорк сапары: жарқын болашақ жолы
171
оқылды

Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясы 74-сессиясының ресми іс-шаралары аясында АҚШ президенті Дональд Трамппен және БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесті.

Дональд Трамппен әңгімелесу барысында екі ел көшбасшылары Қазақстан мен Американың кеңейтілген стратегиялық серік­тестігінің өзекті мәселелері мен перспективаларын талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-пен саяси, сауда-экономикалық, гуманитарлық, сондай-ақ өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларындағы жан-жақты қарым-қатынастарды одан ары нығайтуды жалғастыра беретінін атап өтті.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесу барысында Мемлекет басшысы ұйымның ха­лықаралық тұрақтылық пен қауіп­сіздікті қолдаудағы, халықаралық қақтығыстардың алдын алу мен реттеудегі басшылық рөлін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның қазіргі заман талаптарына сай бейімделуінде Антониу Гутерриштің белсенді қызметін қолдайтынын білдірді.

Президент БҰҰ БА-ның осы сессиясында көтеріліп отырған «Кедейлікті жою, сапалы білім беруді және климатты сақтау іс-қимылдары мен жан-жақ­ты тәсілдерді ілгерілету үшін көп­жақты күш-жігерді шоғыр­лан­дыру» тақырыбы аса өзекті мәселе екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі Орнықты да­му мақсаттарын жүзеге асыруға әзір. Өйткені бұл құжат біздің ел­дің алдағы экономикалық және әлеуметтік жаңғырту мәсе­ле­лері бойынша жариялаған жос­па­ры­мен үндеседі.

Өз кезегінде Антониу Гутерриш Орнықты даму мақсаттарын іске асыруда Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесімен өзара іс-қимылына оң баға берді. Қазақ­стан­ның жаһандық ядролық қа­ру­ға қарсы күн тәртібінде жетек­ші рөл атқаратыны, өңірлік қақ­ты­ғыстарды реттеу ісінде халықара­лық күш жұмылдыруы, соның ішінде Сирия мәселесі бойынша өткен Астана процесі аясындағы қомақты үлесі айтылды. Бас хат­шы Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2019 жылдың мамыр айында БҰҰ-ның 16 аймақтық өкіл­ді­гін бір шаңырақ астына біріктір­ген Алматы қаласындағы халықара­лық ұйымдар ғимаратын ашқаны үшін алғыс білдірді.

Сондай-ақ Қазақстан Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы 74-сессиясының жалпы дебаттарында сөз сөйледі.

Бұл Нью-Йорк сапарының басты оқиғасы болды. Қазақстан Президенті халықаралық беделді мінберде БҰҰ бүкіл адамзаттың мүддесін қорғайтын әмбебап әрі бірегей ұйым екенін мәлімдеді.

– Бүгінде Ұлттар ұйымы ғаламдық даму және өркениеттер сабақтастығын қамтамасыз етуде аса маңызды рөл атқарып келеді. Бас хатшы Антониу Гутерриштің әр адам мен мемлекет тағдырын ортақ құндылық деп тауып, на­зардан тыс қалдырмау идеясын Қазақстан толық қолдайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы 2030 жылға дейінгі Орнықты даму мақсаттарын жүзеге асыруда елеулі кедергі келтіріп отырған әлем­дегі геосаяси және геоэконо­микалық өзгерістерге қатысты өзінің алаңдаушылығын білдірді.

Мемлекет басшысы екінші фактор ретінде ғаламдық және аймақтық ойыншылар арасын­дағы қарым-қатынаста бір-біріне деген сенімнің жоқтығын атады. Оның айтуынша, бұл бүгінгі қауіпсіздік құрылымы мен қару­лануды бақылау жүйесінің іргесін сөгіп, жаппай қарулануға әкеп соғуы мүмкін.

– Бұл сын-қатерлерді ұзақ­мерзімді санкциялар, сау­да соғысы, ғарыштағы бақта­лас­тықтың артуы, кибертехноло­гия­лар мен жасанды интеллект терең­детіп жіберді. Осы айтыл­ғандардың барлығы – ушыққан фундаменталды дағдарыстың қауіпті аспектілерінің көрінісі,– деді Президент.

Мемлекет басшысы үшінші фактор ретінде Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы әлеу­меттік, экономикалық және тех­но­логиялық теңсіздікті, көзқарастар қақтығысының артуын, сонымен қатар ғаламдық қарыз дағдарысын атап көрсетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев про­тек­ционизм мен ұлтшылдық саяса­тының күшеюі халықаралық әріптестік пен ынтымақтастыққа кедергі келтіріп отыр деп санайды.

Ғаламдық тұрақсыздық фак­торын тудыратын төртінші мәселе – қоршаған ортаның тозуы. Президент Орталық Азиядағы климаттың өзгеруі даланың шөлге айналуына, мұздықтардың еруіне және ауызсу мен ағын судың қай­нар көзінің тартылуына әкеліп соғатынын мәлімдеді.

– Осындай күрделі жағдайда Қазақстан инклюзивті және ор­нықты даму, жан-жақты диалог пен бейбітшілікті сақтау саясатын ұдайы жүзеге асырып келеді, – деді Мемлекет басшысы.

Президент ядролық қарудан азат бейбітшілікке қол жеткізу Қазақстан үшін негізгі басымдық екенін атап өтті. Баяндамада елі­міздің антиядролық бастама­ларына, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қаруды таратпау және қарусыздану процесіне қосқан елеулі үлесіне зор көңіл бөлінді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Иранға қатысты жан-жақты қамтылған бірлескен іс-қимылдар жоспары мен Корей түбегін ядро­лық қарусыздандыруды жү­зеге асырудағы проблемалар тарап­тардың өзара мүдделерін ескере отырып, тек саяси әдіс-тәсілмен ғана шешілуі керек деп есептейді.

Мемлекет басшысы өз баян­дамасында Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шара­лары жөніндегі кеңесті қауіпсіздік пен даму бойынша толыққанды аймақтық ұйым ретінде қайта құруды ұсынды. Оның айтуынша, Қазақстан бұл ұсынысты 2020 жылы аталған ұйымға төрағалық ету кезінде жүзеге асыруды қолға алмақ.

Президент Ауғанстан мен Таяу Шығыстағы жағдайға қа­тысты біздің елдің ұстанымын айтып, «Жусан» гуманитарлық операциясының тәжірибесімен бөлісуге әзір екенін білдірді.


Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ өз миссиясын орындау барысында кезігетін кейбір кедергілерге на­зар аударды. Осы орайда, Мем­лекет басшысы Бас хатшы Антониу Гутерриштің БҰҰ-ны реформалау жөніндегі нақты әрі батыл қадамдарын ұйымға мүше-мемлекеттердің барлығы кеңінен қолдауға лайықты екенін атап өтті.

Орнықты даму мақсаттары туралы айта келе, Президент биыл мамыр айында Қазақстанда ашылған Халықаралық ұйымдар ғимаратының базасында Орталық Азия мемлекеттері мен Ауғанстан үшін Орнықты даму орталығын құру жөнінде ұсыныс білдірді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-сессиясы аясында жоспарланған барлық екіжақты кездесулерден кейін Тұрақты даму мәселелері жөнінде жоғары деңгейдегі форумға қатысты. Мемлекет басшысы шараға қатысушы спикерлер арасынан бірінші болып сөз алды.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз баяндамасында 2030 жыл­ға дейінгі тұрақты даму мақ­сат­тары – адамзатқа әлеуметтік, технологиялық және экономи­калық жетістіктердің игілігі бар­шаға ортақ болатын кемел келешекке жетудің нақты жол картасын ұсыну екенін атап өтті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу жөнінен артта қалып бара жатқанына алаң­даушылық білдіретінін мәлім­деді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселені шешу үшін алдағы он жылдықта тиісті нәтижеге қол жеткізу мақсатында нақты шешім қабылдау қажеттігін айтты.

– Өз елімнің саяси, эконо­ми­калық, әлеуметтік және эколо­гиялық саясатының 2030 жыл­ға дейінгі тұрақты даму мін­дет­темелеріне толықтай сәйкес келетінін айта аламын. Әлемдік нарықтың әралуандығына қара­мастан Қазақстанның эконо­микасы табанды өсімді сақтап қалады, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Тұрақ­ты даму мақсаттарының, жал­пы планетаның келбетін қалып­тас­тыратын өзара байланысын ескерте отырып, жекелеген са­нат­тардың немесе елдердің жетіс­тігіне қанағат тұтып қарап отыруға болмайтынын айтты. Бұл мәселеде Мемлекет басшысы Қазақстанның Тұрақты даму мақсаттарын аймақтық және халықаралық деңгейде белсенді жүзеге асырып жатқанына тоқ­талды.

БҰҰ Бас Ассамблеясы 74-сессиясының ресми іс-шара­лары аясында Мемлекет бас­шы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев Финляндия президенті Саули Ниинистёмен, Молдова прези­денті Игорь Додонмен, Люксембург премьер-министрі Ксавье Беттельмен, сондай-ақ Eurasia Group компаниясының президенті Ян Бреммермен және Goldman Sachs компаниясының президенті Дэвид Соломонмен кездесті.