Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен палатаның жалпы отырысы өтті. Жиында депутаттар ТМД-дағы кедендік бюрократияны толық жоймағанымен, біршама азайтуға мүмкіндік беретін халықаралық құжатты мақұлдап, Сенаттың қарауына жолдады. Заң жобасы «1994 жылғы 15 сәуірдегі Кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы» ратификациялайды.
Оны қорғаған Үкімет басшысының бірінші орынбасары – Қаржы министрі Əлихан Смайыловтың айтуынша, бұл келісім – ТМД мемлекеттерінің кеден қызметтерінің өзара іс-қимыл тәртібін реттейтін посткеңестік кеңістіктегі басты халықаралық шарт.
– Келісімге қол қойылғалы 25 жылдай уақыт өтті. Сол себепті оны жетілдіру қажет. Хаттама кеден саласындағы ТМД нормативтік-құқықтық базасына жүргізілген инвентаризация қорытындысы бойынша, өзге әріптес мемлекеттермен бірге әзірленді. Мәліметтерді беру, сұраулардың нысаны мен мазмұны, сұрауды орындау, алынған ақпаратты пайдалану мәселелеріне қатысты бірқатар негізгі баптарға өзгерістер енгізу ұсынылады. Оған сәйкес, ақпаратпен алмасу орталық кеден органдары арасында да, сол сияқты тікелей өңірлік кеден органдары арасында да жүзеге асырылмақ, – деді бас қаржыгер.
Заң жобасын қабылдау – кедендік бақылаудың тиімділігін арттыруға, кеден заңнамасын бұзу тәуекелдерін барынша азайтуға, ТМД елдері кеден органдарының қызметін үйлестіруге, тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге септеседі.
Вице-премьер посткеңестік елдер кеден қызметтерінен жылына 1,5 мыңдай сұрау түсетінін, Қазақстан оларға 1 мыңдай сұрау жолдайтынын хабарлады.
– Олардың көбі қандай да бір тауарлар партиясының шынымен шекараны кесіп өткенін растауға немесе кедендік декларацияда көрсетілген мәліметтердің шынайылығын тексеруге қатысты болады. 25 жыл бұрынғы келісім бойынша бүкіл ақпарат алмасу тек орталық кедендік орган арқылы ғана жүргізіледі. Яғни, кедендік тексеру жүргізу кезінде өңірлік кеден органы көрші мемлекеттің өзіндей өңірлік органынан қажетті ақпаратты сұрату үшін алдымен өзінің орталық кеден органына сұрау жіберуі керек. Ол өз кезегінде көрші мемлекеттің орталық кеден органына сұрау салады. Ол ары қарай өңірлікке жолдайды және осы тізбек бойынша кері қайтады. Салдарынан, рәсім шамамен 6-8 айға ұзайтын. Бұл кеден органдары қызметіне қиындық келтіреді және тексеру жұмыстарын жедел өткізуге кері ықпал етеді. Енді хаттама бойынша бұл мерзім 1-2 айға дейін, шұғыл жағдайларда 2 аптаға дейін азаяды, – деді Ә.Смайылов.
Күн тәртібіне шығарылған жалғыз құжатты құптағасын, қалаулылар бірқатар мемлекеттік орган басшыларына депутаттық сауалдарын жолдады. Мәселен, Үкімет басшысы Асқар Маминге жүгінген депутат Айқын Қоңыров «жұмыссыздық» жәрдемақысы елдегі орташа жалақы көлеміне де жетпейтініне наразылық білдірді. Оның үстіне, бұл төлем бұған дейін жұмыс істеген азаматтарға бірнеше айға ғана төленеді.
«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленген аталған төлемақының орташа көлемі 2018 жылы 24 816 теңгені құрады. Бұл ретте орташа жалақы 176 мың теңге болды. Биылғы жылдың І жартысында орташа жалақы 177 мың теңгеге дейін өскен, ал төлемнің орташа көлемі 22 736 теңгеге дейін азайды. Тамыз айында орташа жалақы 188 мың теңгеге жеткені хабарланды. Ал төлем мөлшері 22 069 теңгеге дейін құлдырады. Қазіргі кезде Қазақстанда табысты өтеу коэффициенті 0,3-ке тең. Яғни, азаматтардың жоғалтқан айлық табысының тек 0,3 бөлігі ғана өтеледі. Ал Халықаралық еңбек ұйымының стандарты бойынша бұл көрсеткіш ең кем дегенде, 0,45 болуға тиіс» деген депутат бұл төлем әлгі азаматтардың жаңа жұмыс тапқанға дейінгі қарапайым тіршілігін де қамтамасыз етпейтініне назар аудартты. Себебі елімізде өмір сүрудің ең төменгі шегі 29 668 мың теңгені құрайды.
Әсіресе, аса ауыр жағдай Қостанай, Қызылорда, Ақмола, Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарында қалыптасуда, оларда аталған қор төлейтін төлемнің орташа мөлшері 15 мың теңгеден де аспайды.
Қор болса, жұмыс істейтін қазақстандықтардан миллиардтап ақша саууда. Тек 2019 жылдың бірінші жартысында ғана әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы саналатын 5,6 миллион адам Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына 119 миллиард теңге аударған. Сондықтан депутат төлемді ең болмағанда, өмір сүру шегінен асыруды сұрады.