«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы жемқорлыққа қарсы күресті күшейтіп, темірдей тәртіпке көше бастады. Компанияда сыбайлас жемқорлыққа қарсы төзушілік деңгейін нөлдік шкалаға тұрақтандыру қолға алынды. Бұл туралы ұлттық компанияда өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінде айтылды. Бейнеконференция режимінде өткен басқосуға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшылары мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының өңірлердегі филиалдары мен еншілес кәсіпорындарының жетекшілері қатысты.
Сыбайлас жемқорлық пен бизнесті адал жүргізбеу – кез келген компанияға қауіп төндіреді. Сондықтан да бүгінгі таңда ірі корпорациялар мен компаниялар абырой-беделге нұқсан келтіретін жемқорлықпен күресті күшейтуге мүдделі. Бұл қатарда «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы да бар.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының корпоративтік мәселелер және HR жөніндегі орынбасары Серік Әбденов компанияда жемқорлыққа қарсы күресу мақсатында жұмысшылар тәртібіне қатысты ережелер мен нормалар стандарттары, сондай-ақ 2019-2020 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар жоспары жасалып, бекітілгенін жеткізді. Бұған қоса, 2018 жылдың желтоқсан айында «Қазақстан темір жолы» компаниясы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі арасында теміржол көлігіндегі жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім жасалған. Бүгіндері аталған келісім шеңберінде «Адал жол» жобалық кеңсесі жұмыс істеп тұр. Компания сонымен бірге саладағы тұрмыстық жемқорлықты жою шараларын да назардан тыс қалдырмай келеді.
Компанияға қарасты ұжымдардың барлығында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңы мен Іскерлік әдеп кодексін оқу, зерделеу шараларын тұрақты жүргізу дәстүрі қалыптасты. Көлік саласында жемқорлықпен күресуді жүзеге асыру үшін мемлекеттік және басқа да сала өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылып тұрады.
«Компания қызметінің барлық саласында ашықтық пен айқындық саясаты, кез келген құқық бұзушылыққа «нөлдік төзушілік» енгізіліп жатыр. Кез келген басшы өзіне сеніп тапсырылған бөлімшеде жемқорлыққа қарсы стратегияның қамтамасыз етілуіне жеке басымен жауап береді. Компанияда жемқорлыққа қатысты оқиғалар мен деректерді ашық және кедергісіз хабарлау үшін кері байланыс арналары құрылған. Бұдан бөлек, Іскерлік әдеп кодексі талаптарының сақталуына мониторинг жүргізіледі. Компанияның құрылымдық бөлімшелері мен филиалдарында бос жұмыс орындарына кадрларды конкурстық негізде іріктеу тәртібінің ашықтығы қамтамасыз етіледі», – деді Серік Әбденов.
Оның айтуынша, компанияда жемқорлыққа қарсы ең негізгі де маңызды қажетті құжаттар қабылданды. Мәселен, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар саясаты, ақпараттандыру саясаты, әдеп және тәртіп кодексін айтуға болады. Ақпан айынан бастап Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен, тиісті министрлікпен теміржолдың тасымалдау саласындағы ішкі жемқорлық мәселелеріне арналған жол картасы бекітілді. Осы құжат аясында белсенді шаралар атқарылып жатыр.
Компания басқарма төрағасының орынбасары «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының сатып алулары «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының Бірыңғай электронды сатып алулар порталында жүзеге асырылатынын атап өтті. Оның пікірінше, бұл сатып алуларды ұйымдастыру, өткізу және келісімшарт жасау кезіндегі жемқорлық көріністерін туындататын жағдайлардың азаюына айтарлықтай ықпал етіп отыр.
Сатып алулар қорытындысы бойынша жасалатын келісімшарттардың барлығына тараптарға жемқорлықты жоюға міндеттейтін «Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» бөлімі енгізіледі. Адам факторын жою үшін жүк қозғалысына жаңа технологиялар енгізіліп отыр. Мәселен, «Келісімшарт және коммерциялық жұмыс», «Энерго-диспетчерлік тарту» деп аталатын автоматтандырылған басқару жүйелерінің тиімділігі дәлелденді. Тасымалдау құжаттарын қағазсыз рәсімдеу технологиясы да осы бағыттағы жұмыстың ашықтығын қамтамасыз етіп, жемқорлықтың жолын кесуге ықпал етті. Компанияның барлық бөлімшесінде қандай да бір жемқорлық дерегі анықталса, жедел хабарлау үшін сенім телефондары туралы ақпарат орналастырылған. Мұның барлығы жеңастынан жалғасқан жемқорлықтың жолын кесу үшін жасалып жатқан амалдар.
Кеңес барысында сөз алған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Нұрлан Шабдар ескерту-алдын алу қызметі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басым бағыттарының бірі екенін тілге тиек етті. Ол Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен және «ҚТЖ» ұлттық компаниясымен бірлесіп теміржол тасымалындағы тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою бойынша «Жол картасы» әзірлегенін, бірлескен рейдтік іс-шаралар нәтижесінде әртүрлі бұзушылықтар анықталғанын, бірқатар қызметкерлердің жұмыстан шығарылғанын көлденең тартты.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алдын алу департаментінің директоры Анар Жарова мемлекеттік органдармен, квазимемлекеттік сектор, бағынысты ұйымдар, аумақтық бөлімшелермен бетпе-бет отырып үнқатысу құру – жемқорлық мәселесін талқылаудың тиімді құралы деп санайды.
«Біз теміржол саласындағы өзекті мәселені талқыладық және оны шешудің бірлескен жолын қарастырдық. Компаниямен бұл бағыттағы ынтымақтастығымыз биыл ғана басталған жоқ. Біздің жемқорлықпен күресу үшін қабылдаған бірлескен Жол картамыздың шеңберінде бүгінге дейін көп жұмыс атқарылды. Біздің ортақ мақсатымыз – теміржол көлігі саласындағы жемқорлық көріністерін толыққанды жою», – дейді ол.
Сөз басында айтқанымыздай, теміржол саласында да жемқорлыққа қарсы күрес мықтап қолға алынып отыр. Соның және бір мысалы, жыл басында іске қосылған Комплаенс-қызметі. Аталған қызметтің міндеті – реттеуші ережелер мен жемқорлыққа қарсы заңнаманың сақталуын бақылау, баламалы процестерді құру есебінен жемқорлықты азайту. Бұл қызмет жемқорлыққа қарсы заңнамаларды, әдеп нормалары мен жауапкершілік тәртібінің сақталуын қамтамасыз етеді.
«Жемқорлықпен күрес тікелей жоғары басшылықтан басталуы керек және ол компания жұмысының негізгі ұстанымына айналуы маңызды. Келесі негізгі принцип – кез келген жемқорлықтың пайда болуына төзбеушілік қалыптасуы қажет. Сондықтан компания нөлдік төзушілік аумағын орнатуға кірісті. Сондай-ақ бұлтартпас жазалау принципін басшылыққа алған ләзім. Жалпы, осы және өзге де іс-шаралар жемқорлықпен күрес туралы заңнамаларда нақты жазылған. Жемқорлықтың қай түрі болмасын, компания беделіне нұқсан келтіреді. Ал абырой-бедел – компанияның ең негізгі активі. Сол себепті компания басшылығы тарапынан бірқатар маңызды шаралар қабылданып жатыр» дейді Комплаенс-қызметінің жетекшісі Ирина Капанова.
Оның пікірінше, теміржол көлігіндегі тұрмыстық жемқорлықты жою мен билет сатуды автоматтандырудың маңызы зор. Компания әлеуметтік бағыттағы қызметтерді де ұсынады және тұрақтылық орнағаның қалайды. «Компанияда кез келген жемқорлық оқиғасына «нөлдік төзушілік» деңгейі қабылданғандықтан, жемқорлыққа қатысы бар адамдар басшылық қызметке қабылданбайды. Бұл жөнінде коррупцияға қарсы заңда анық жазылған және біз оны құптаймыз. Себебі біз қатарымызда тәртіпті, адал және жауапкершілігі жоғары адамдар еңбек еткенін қалаймыз» дейді ол.
Компанияның Комплаенс-қызметіне референс үлгіге басымдық берілген. Референс үлгі, қарапайым түрде түсіндірсек, кез келген жұмыстың үздік үлгісі дегенді білдіреді. Яғни, компания жемқорлықпен күресті күшейтудің барынша озық үлгісін енгізуге кірісті деуге толық негіз бар.
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ