"Мен жауаптымын": Мұхаммед бен Салман Хашыкжының өлімі туралы не деді?
"Мен жауаптымын": Мұхаммед бен Салман Хашыкжының өлімі туралы не деді?
137
оқылды

Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман саудиялық журналист Жамал Хашыкжының өліміне жауапкершілікті алды. Бұл туралы АҚШ-тың Public Broadcasting Service сайтының жариялаған деректі фильмінің анонсында хабарланды.

«Washington Post» басылымының журналисі болған Жамал Хашыкжы өткен жылы Сауд Арабиясының Стамбұлдағы елшілігінде өлтірілген еді. «Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы» атты деректі фильм эфирге 1 қазанда шығады.

Деректі фильмде Мұхаммед бен Салманның билікке келуі мен биліктегі өмірі сөз болады. 20 жыл қатарынан Таяу Шығыстағы жағдай туралы жазып жүрген журналист Мартин Смит мұрагер ханзаданың болашаққа қатысты көзқарастарын айтып, оның Хашыкжның өліміне қандай байланысы болғанын да мәлім етеді.

Фильмнің анонсында Мұхаммед бен Салманның Жамал Хашыкжының өліміне жауапкершілікті өз мойнына алғаны көрсетіледі. «Бұл менің кезегімде болды. Бар жауапкершілікті өз мойныма аламын», - дейді ханзада.

Алайда ол Хашыкжының өліміне қатысты жоспардан бейхабар болғанын алға тартады. Ханзаданың бұйрығынсыз журналист қалай өлтірілді деген сұраққа Смит бен Салманның мына сөзін келтіреді:

«Корольдікте 20 миллион қызметкер мен 3 миллион мемлекеттік қызметкер бар. Олардың әр қайсысы не істеп жүргенін білу мүмкін емес», - дейді ханзада.

Өлімге қатысы барлар үкіметке тиесілі ұшақтарды қолдануы мүмкін бе деген сұраққа бен Салман «Менің әр іске жауапты шенеуніктерім мен министрлерім бар, сондықтан бәріне жауапкершілікті олар алады. Олардың бұлай істеуге әлеуеттері жетеді», - деді.

Еске салсақ, журналист Жамал Хашыкжы (Хашогги) өткен жылдың 2 қазанында жоғалып кетті. Журналист Корольдіктің Стамбұлдағы елшілігіне кіргеннен кейін қайтып шықпаған. Түркияның Бас прокуратурасы журналист алдын ала жоспарланған өлімнің құрбаны болды деді. Ақпар бойынша Хашыкжыны елшілікке кірген сәтінде буындырып өлтірген. Сосын денесін бөлшектеп, мүшелерін жоқ қылған.

2019 жылдың маусымында БҰҰ-ның соттан тыс өлім жазалары туралы арнайы өкілі Хашыкжының өлімі алдын ала ұйымдастырылғанын хабарлады. Аньес Каламардың айтуынша журналистің өліміне Мұхаммед бен Салман жауапты. Алайда Сауд Арабиясы бұл айыптауларды жоққа шығарды.