«Көктөбеге» қабылдау
«Көктөбеге» қабылдау
175
оқылды

Алматыдағы «Көктөбе» демалыс кешенінде Қазақ ұлттық аграрлық университетінің «Жастар – кемел келешек кепілі» атты дәстүрлі Студенттер қатарына қабылдау салтанатты шарасы өтті.

Мерекелік шараны ҚазҰАУ ректоры, ҰҒА вице-президенті, академик Тілектес Есполов құт­тық­тау сөзбен ашып, бірінші курс студенттеріне салтанатты түр­­де студенттік билеттің симво­ли­калық нышанын тапсырды.

– Елбасы биылғы жылды Жас­­тар жылы деп жариялады. Жастар – біздің болашағымыз, еліміздің ертеңгі тірегі. Сондық­тан бұл, ең алдымен, білім алушы жас­тарға ерекше серпін беру, олар­дың патриоттық рухын кө­те­­ру, бірлік пен достыққа ша­қы­ратын салтанатты мереке. Алматы – білім мен ғылымның, мәдениет пен өнердің, арманшыл жастардың қаласы. Сондықтан «Көктөбедегі» бүгінгі салтанатты шарамыз сіздер­дің естеріңізде мәңгі қалады деп есептеймін, – деді Тілектес Есполов.

Салтанатты шараға Алматы қа­л­асы әкімдігі, Медеу, Бос­тан­­­дық аудандарының бас­шы­­лығы, Nur Otan партиясы мен Jas Otan өкілдері, Алма­ты қа­ла­­сындағы ұлттық универ­си­тет­тердің ректорлары, елімізге бел­гілі Мемлекет және қоғам қай­раткерлері, көрнекті ға­лым­дар, мәдениет пен өнер май­тал­ман­дары, көптеген ұйымдар мен ақпарат құралдарының өкілдері арнайы келді. Сонымен қатар ҚазҰАУ әріптестері – Еуропаның 8 жетекші университетінен, Ре­сей­дің 10, Қазақстанның 8 жо­ға­ры оқу орындарынан аграр­лық сала мамандары қатысты.

Салтанатты шарада өнерпаз сту­денттердің концерттік бағ­дар­ламасы ұсынылды. Мазмұнды концерттік бағдарламамен көм­керілген мерекелік шарада уни­верситет жанынан құрылған «Гүлбану» би ансамблі, Ұлт ас­паптар оркестрі, «Эстрада» үйір­месінің және әскери кафе­дра­ның талантты студент жас­та­рының өнеріне жиналған көп­ші­лік тәнті болды.

Университетке биылғы оқу жы­­лы­на бакалавриат бойынша 2,5 мың талапкер қабылданды. Оқуға түскен талапкерлер ара­сын­да 64 – «Алтын белгі», 57– үздік аттестат, 30 – үздік диплом иелері мен 56 шетел азаматы бар. Олар – Қытай, Түркия, Түркі­менстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғанстан тағы бас­қа елдердің азаматтары. Бұл – ҚазҰАУ-ға деген зор сенімнің уа­қыт өткен сайын артып келе жат­қа­нының ай­қын көрінісі.

Бүгінгі күні университет QS рейтингінде 651-орынға көте­рі­ліп, топ-500 университет қа­­та­рына қосылды. Алдағы мақ­­сат –  2023 жы­­лы QS-300 рей­тин­гі­сіне еніп, әлемдік деңгейдегі уни­вер­си­тет дәрежесіне ие болу.

 

Нұржан ДУМАНҚЫЗЫ