Сондықтан Мәжілістің жалпы отырысында «Халық коммунистері» фракциясының депутаттары атынан Үкімет басшысы Асқар Маминге жеке және заңды тұлғалар үшін кең ауқымды кредит рақымшылығын жүргізу қажет деген ұсыныс айтылды, – деп жазады «Қазақпарат».
«Пандемияға байланысты төтенше жағдай режимі, карантин және локдаун секілді шектеу шараларын енгізу уақыт көрсеткендей, аурудың ерекше қарқынмен дамуын тоқтатуға септігін тигізген шешім болды.
Осы орайда «Халық коммунистері» фракциясы бұл шаралар жалдамалы жұмысшылар мен кәсіпкерлердің кірісінің төмендеуіне немесе жоғалуына әкелгеніне назар аударып отыр. Әрине, бұл жағдай оларға байланысты емес.
Бірақ ешкім халық пен бизнестің қаржы ұйымдары алдындағы міндеттемелерінің күшін жойған жоқ. Карантин кезінде ШОБ саласында өндіріс көлемі күрт төмендеді: қоғамдық тамақтану – 53, бөлшек сауда – 45, көлік – 37 пайыз. Бұл кәсіпкерлердің де, олардың қызметкерлерінің де кәсіпорындарды жабу, банкроттық жариялау, банктермен сот ісін жүргізу секілді тәуекелін арттырады.
Ресми мәлімет бойынша, карантин кезінде жұмыспен қамту аймағынан 4 миллион 200 мың адам шығып қалды. Шын мәнінде, жұмыссыздық 46 пайызға жетті. Бұл ел тарихында бұрын-соңды болмаған деңгей. Қазіргі дағдарыс тек санитарлық-эпидемиологиялық қана емес, сонымен бірге еңбек нарығындағы төтенше жағдай сипатына ие. Тиісінше, төтенше шара қажет», – деді фракция атынан сауалды жолдаған Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров.
Бірақ биыл бірінші жартыжылдықта микрокредит көлемі айтарлықтай өсті. ШОБ-қа берілген микрокредит көлемі 850 пайызға артты. Бұл ретте негізгі борыш немесе есептелген сыйақы бойынша мерзімі өткен берешек 283 пайызға жетті. Жеке тұлғалар шағын несиелерді 145 пайызға ұлғайтты. Мерзімі өткен берешек 332 пайызға өсті.
«Бұрын азаматтар тұрмыстық техника, қымбат киім сатып алу, түрлі отбасылық іс-шараларды өткізу үшін несие алса, шектеу шаралары жағдайында және одан кейінгі кезеңде уақыты өтіп кеткен несиені өтеуге, оқуға, емделуге, киім мен азық-түлікке қарыз алатын болды. Қаржы институттары қарыз алушыларға төлемді кейінге қалдырып төлеуді ұсынды.
Бірақ Президент жариялаған мораторий мерзімі қыркүйек айында аяқталады. Коммунистер оған дейін қарыз алушылар төлем қабілеттілігін қалпына келтіреді дегенге күмәнмен қарайды. Мамандардың болжамынша, 3 миллионға жуық қазақстандық шағын және орта бизнеске шоғырланған. Егер жаңа шектеу шаралары енгізілмесе, шағын және орта бизнеске шамамен бір жыл бойы қалпына келу қажет болады. Түрлі бағалауларға сәйкес, ШОБ субъектілерінің 30-50 пайызы жабылады деп күтілуде», – деді депутат.
Депутаттың пікірінше, Қазақстанда шектеу шаралары енгізілгенге дейін тұрақты түрде салық төлеген, жұмыс орындарын құрған, қазір объективті себепке байланысты несиелерге қызмет көрсету бойынша күрделі жағдайға тап болған жеке және заңды тұлғалар үшін кең ауқымды несие рақымшылығын жүргізу қажет.
Олар өмір сүруге қаражат таппай, қаржы институттарының қысымына ұшырауы мүмкін.