Алкоголь сусындары жарнамасы отандық БАҚ-қа қосымша табыс табуға жол ашады. Мұндай пікірді БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Бақнияз Қарашина мәлімдеді.
Бақнияз Қарашина «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасаған еді. Баяндамасында: «БАҚ туралы» заңға өзгеріс – Қазақстан аумағында өндірілген сыра мен шарап атауы немесе тауар белгісін жарнамалауға рұқсат берілмек. Бұл ережені ұсынбас бұрын біз халықаралық тәжірибе мен қазіргі медиасаланың жағдайын зерттегенімізді атап өткім келеді. Мәселен, Ресей, алыс және жақын шетелде сыра мен шарап жарнамаланып жатады. Ал біздің отандық бұқаралық ақпарат құралдарымыз мұндай қосымша табыс көзінен қағылып отыр. Біз бұл мәселені жан-жақты зерттеп, салауатты өмір салтын қалыптастыруға зиян тигізбеу жағын да қарастырдық» деп өзгерістің шетін шығарды.
БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаменті директоры сөзінің жаны бар. Мұндай заң жобасы алыс-жақын шетелде де жүзеге асқан. Мысалы, Ресейде 2012 жылы сыра мен шарап жайында жарнамаға тыйым салынды. 2014 жылы қайта қаралып, 2019 жылға дейін тек спорт телехабарлары мен радиостансаларында жарнамалауға рұқсат берілді. Бұл 2018 жылғы Әлем чемпионатына байланысты. Өйткені Anheuser-Busch InBev сыра компаниясы чемпионаттың бас демеушісінің бірі болды. 2019 жылдың ақпанында Ресейдің Мемлекеттік думасында біздікіне ұқсас заң жобасы талқылауға түсті. Маусым айында ведомство жарнама туралы заңға өзгертулер енгізетін федералдық заң жобасымен жұмыс істейтінін мәлімдеді.
Бұған дейін Ақпарат және қоғамдық даму министрлік басшылығы осы заң жобасы төңірегінде мәлімдеме жасады. Ол еліміздегі «Жарнама туралы» заң 2004 жылдан бері алкоголі аз ішімдіктерді жарнамалауға тыйым салғанын алға тартқан. Ұсынылған заң жобасының БАҚ-қа берері барын нықтады. Өйткені БАҚ субъектілері жарнама арқылы жұмыс істейтінін қосты. ЕАЭО елдері, атап айтқанда, Ресей, Беларусь, Армения мен Қырғызстанда алкоголі аз өнімдерді БАҚ-та жарнамалауға тыйым салынбайды екен. Осылайша, бұл жағдай алкоголі аз ішімдік өндіретін отандық кәсіпкерлерге де, отандық БАҚ-қа да жағдай жасайтынын айтты.
Кезекті қағидаттар орындалса, жарнама беруге болатынын ескертті. Аталған сусындардың жарнамасы газеттің бірінші және соңғы бетінде, журнал мұқабасында көрініс таппауы керек. 22.00 мен 06.00-де телеарналар шарап пен сыраны жарнамалай алады. Қарашинаның айтуынша, заңға сәйкес бұл уақытта балалар теледидар көрмейді-міс. Алкоголь өнімдерін жарнамалағанда зияны баяндалатын бейнеролик көрсетіледі екен.
Бақнияз Қарашина баяндамасында: «Біз бұл тұста балаларды зиянды ақпараттан қорғау туралы заңды ескеріп отырмыз. Заңға сәйкес, балалар осындай уақытта теледидар алдында болмауы тиіс. Сәйкесінше, мұндай жарнама көрсетілімі оларға зиян келтірмейді. Жарнаманы трансляциялау кезінде алкоголь сусындарының зияны туралы міндетті түрде ескертіледі және одан кейін салауатты өмір салтын қалыптастыру жайлы әлеуметтік ролик көрсетіледі» деп толықтырды.
Осыған қосымша Ақпарат және қоғамдық даму министрі заң жобасының ішімдік жарнамасына қатысты бөлігін Ішкі істер министрлігімен бірге зерттегендерін айтты. Мұндай жарнамалардың көрсетілуі қылмыстың өсуіне әсер етпейтінін қосты. Сондай-ақ жарнамадан түскен табыстан әлеуметтік жарнама саны артатынын жеткізді.
Бірақ жарнаманың адам психологиясына әсерін есте ұстағанымыз жөн. Қызығы, интернет желісі мен қоғамдық ортадан, теледидар мен газет-журнал беттерінен байқаған жарнама адамды көзсіз еліктеуге алып келеді.
Жарнама – табыс көзінің негізі. Google-дің 2018 жылғы нәтижесі сөзімізге дәлел болады. Компания жарнамадан 116,3 млрд доллар пайда көрген. Табыстың 32 пайызы цифрлы жарнамадан түскен. Жарнаманың әлеуметтік желіден басқа таралу аймағын зерттейтін Kantar Media компаниялардың шығынын есептеп шықты. Мысалы, Procter & Gamble жылына жарнамаға 2 млрд доллар жұмсайды екен.
Статистика көрсеткендей, жарнаманың БАҚ-қа пайдасы бар. Бірақ жарнаманың адам психологиясына әсерін есте ұстағанымыз жөн. Қызығы, интернет желісі мен қоғамдық ортадан, теледидар мен газет-журнал беттерінен байқаған жарнама адамды көзсіз еліктеуге алып келеді. Жігеріміз жоқ дегенімен, бейсанадағы ахуал мүлдем өзгеше. Психологтың айтуынша, жарнаманың аты – бәрібір жарнама.
Жарнаманың адам психологиясына қалай ықпалы зор. Кез келген адам темекінің қорабын қолына ұстап оқып көрген болар. Қораптың сыртында темекі шегу денсаулыққа зиян, түрлі ауруға әкеледі деген ескерту жазба бар. Сыра мен шарапта да мөлшерден тыс пайдалану – денсаулығыңызға зиян деген ескерту бар. Ақыл-есі сау адамға бұл нәрсе дұрыс болып көрінеді. Түсінікті тілде зиян екені ескертіліп тұр. Бірақ адамның «сен оған жолама» деген нәрсеге жоламай бұрылып кеткен кезі болды ма? Тіпті бір мысал айтайын: «бұл әлі кеппеген, ұстама» деп ескерту жасағанда, сол ескертуге құлақ асып мектепте немесе үйде сырлап қойған есік, үстел немесе партаны ұстамай кеткен адам жоқ. Сол адамның көзін ала бере кепкен-кеппегеніне көз жеткізу үшін саусақпен түртіп көреміз. Сыра мен шарап та сол секілді. Өйткені алғашқы адам пайда болған заманнан бастап адам психикасының құрылымы еш өзгерген жоқ. Тағы бір мысал: екі жеткіншек көшеде келе жатыр, жол шетіндегі билбордта «Есірткі пайдаланбау керек» деген жазу тұрады. Есірткі туралы ақпараты жоқ жеткіншектерде «бұл не нәрсе екен?» деген қызығушылық пайда болады. Адамның психикасының құрылымын жетік білмегендіктен, «иә, бұл дұрыс» деп ойлаймыз. Ал шын мәнінде адамға мұның бәрі теріс әсер береді. Сондықтан адам санасына ықпал ететін эмоциялар жарнаманың нысанасына айналады. Формуласы қарапайым: біріншіден, адам көбінесе эмоцияны түсінбейді. Сол себепті сатып алушының «көзіне» жарнаманың әсері жасырын болады. Екіншіден, әсер еткеннен кейін, бейсаналық адам психикасына «қысым жасай» бастайды, осылайша, сатып алушыға тауарды сатып алуға ынталандыру пайда болады. Өйткені санаңызды антагонистік түрде қабылдау қиын болмайды. Ал қазіргі уақытта кез келген өнім шығаратын өндіріс, корпорация және компаниялар адамның бейсанасына әсер етіп, өнімін жылдам сатуды бірінші орынға қояды» дейді психология ғылымдарының докторы Балабек Сақтағанов.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ