Тәңіршілдердің «жаңаша» жаназасы
Тәңіршілдердің «жаңаша» жаназасы
771
оқылды
КТК арнасының хабарлауынша, марқұм тәңіршілдік ілімін ұстанған. Осы ілімді ұстанатындардың дәстүрі бойынша қайтқан кісіге Құран бағышталып, жаназа намазы оқылмаған. Тек марқұмның қарызы мен парызы сұралып, қара сөзбен жаназасы шы­ғарылып, Құдайға табысталған. Тәңіршілдердің басқа да ұс­танымдары бар. Олар ас қайырғанда да алақан жайып, «әумин» демейді. Қос қолын кеудесіне қойып, «өмін» дейді. Біз Алматыдағы «Тәңір ілімі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тоқтар Абызға хабарласып, «Қайтыс болған кісіні тәңіршілдік жолмен ақтық сапарға аттан­дырудың елдің назарын ау­даратындай қандай ерекшелігі бар?» деген сұрақ қойған едік. Ол «Басты ерекшелігі – ақтық са­парға қазақ сөзінің қорын, қазақ тілін пайдалана отырып, қазақы жолмен шығарылғандығында. Бұған дейін ислам жолымен шы­ғарылатын. Бұл жолы қазақ сөз­дік қорын пайдалана отырып, адамның  өшкен жанын, біткен демін Құдайға тапсыруға бола­тыны дәлелденді. Сондықтан шу болды. Шудың болғаны да керек. Неге десеңіз, қазақ дүр сілкінді. Қазақтың тілі ұлы екені, оның да құтқа айналып, Құдайға да жете алатыны, өшкен жанды, біт­кен демді шығарып салу рә­сімі­не пайдалануға болатыны нақ­тыланды. Шын мәнінде, исламда адам тез жерленеді. Бұл үрдіс қазір сақталып жүрген жоқ. Қазіргі жасалып жүрген рәсімнің бәрі қазақы. Мейрам суы беріліп, үш күн оң жақта жатқызылады. Ке­шегі дене мәйітке айналады, одан көрге беріледі. Біз марқұмды ақтық сапарға шығарып салғанда қазақы рәсімнің бәрі жасалды. Сондықтан қазақ дүр сілкініп, таңғаларлық дүние болды», – деді. Сондай-ақ ол ешқандай жарна алмағандықтан, тәңіршілдік жо­лында жүргендердің жалпы санын білмейтінін, әйтсе де кейбір зерт­теушілердің айтуы бойынша, қазақ даласында тәңіршілдік жол­­ мен жүретіндердің саны 200 мың­дай екенін, осы оқиғадан ке­йін хабарласып жатқандар көп­тігін айтып өтті. Тоқтар Абыздың айтуынша, әр сәрсенбі сайын осы бағытты ұстанатын 20-30 адам жиналып, түрлі тақырыпта әңгімелесіп отырады. Олардың арасында ғалым, жазушы, әнші, суретші, басқа да өнер адамдары бар. Ол жерде уағыз айтылмайды, тек өмірдің заңдылықтары туралы әңгіме өрбиді. Тәңіршілдердің қайтыс болған кісіні жер қойнына тапсырудағы өзгеше іс-әрекеттеріне бірнеше күннен бері түрлі пікір білдіріп жатқандар көп. Елге ерекше әсер еткен жағдайға байланысты Қа­зақ­стан мұсылмандары діни бас­қармасына хабарласқанбыз. Басқарма шариғат және пә­туа бөлімі меңгерушісінің орын­басары Хасан Аманқұловтың пі­кірін ұсынды. Ол «VII ғасырда ислам дінінің келуімен қазақтың Тәңір туралы ұғым-нанымы тү­гел мұсылмандық түсінікке ал­мас­ты. Атап айтқанда, «Бір тәңір­шілдік» танымы «Жалғыз Алла Тағаланың» ұғымына дәлме-дәл келді. Қазақтар әлі күнге дейін Алла мен Тәңір ұғымдарын қатар қолданады. Тәңір – ұлы Алланы білдіретін ұғымға айналды. Бірақ тәңіршілдік дін бе, әлде наным-сенім бе деген сұраққа әлі күнге дейін нақты жауап берілмеген. Қазақ даласына ислам діні келіп жеткеннен соң халқымыз жаңа дінді өз еркімен қабылдағаны та­рихи шындық. Сонда да, ат төбеліндей тәңіршілдер «қазақ өзінің ата-баба діні тәңіршілдікті ұстануға тиіс» деп аты бар да заты жоқ өлі дінді тірілту әрекетінде жүр. Әрине, қазақ халқын енді «елес» дін тәңіршілдікке қайтару мүмкін емесі анық. Олар исламды арабтардың ұлттық діні ретінде көр­сете отырып, қазақтарды өз­де­рінің ата-баба дініне, яғни «ұлт­тық» діні тәңіршілдікке қайтаруға тырысуда. Бұл насихат түптеп кел­генде, қазақты тәңіршілдікке қай­тару бағытында айтарлықтай нә­тиже бермесе де, онсыз да ыдырап жүрген ұлтжанды азамат­тардың бірігуіне кедергі болуда», – дейді. Хасан Аманқұловтың ай­туын­ша, исламды қазақ халқына жат дін етіп көрсету арқылы тә­ңір­шілдікті насихаттау үрдісі мұ­сыл­мандыққа жасалып жат­қан бірінші идеологиялық ша­буыл емес. «Біріншіден, түркі елдеріне, әсіресе қазақ халқына, тәңіршілдікті Ресей империясы енгізе бастады. Отар елдерінде православ дінін тарату мақсатында олар «мемлекеттілігі жоқ, бас­қару жүйесі қалыптаспаған, бел­гілі идеологиясы, мәдениеті, діні болған емес, олар пұтқа та­бынушы» деген ұғымды тарат­ты. Ағартушы-миссионер Нико­лай Ильминский 1860 жылы Патша үкіметіне жазған құпия ба­ян­хатында: «Қазақтарға «Сендер мұсылман емессіңдер, сендердің діндерің басқа, ата-бабаң тәңір дінін ұстанған» деп түсіндіру қажет, бұл ұғым толық орныққан жағдайда оларды христиан діні­не кіргізу оңай болады»  деп тү­сіндірген. Бұл бағытта Ресей им­периясы якут, алтай және бурят секілді елдерге христиан дінін таратуға қол жеткізген. Бірақ қазақ даласында, мұсылман халықтар арасында бұл идея жүзеге аспады. Орынбор мұсылман мәжілісі құрылғаннан кейін бағыт мүлде өзгерді. Екіншіден, Кеңес өкіметі кезінде де бұл саясат жалғасын тапты. Этнограф ғалымдар кезең-кезеңмен бұл тақырыпқа оралып отырды, түрлі ғылыми экспедиция ұйымдастырылды. Сөйтіп, Ке­ңес дәуірінде Орта Азия және Қа­зақстан халықтары туралы «мұ­сылмандықтан хабары жоқ» деген пікірді қалыптастырып, исламнан бұрынғы мәдениет элементтері көбірек сақталып қалған деп тұжырымдауға әрекет етті. Үшін­шіден, тәуелсіздік заманында тә­ңіршілдікті насихаттайтын «ойшылдар» шыға бастады. Бұған себеп, дінсіздік (атеизм) қоғамы құлаған соң кейбір атеистер дін мәселесінде өзінің позициясын таба алмай қалды. Сол үшін олар түрлі идея ойлап таба бастады да, оны өздерінің клубтары мен са­йт­­тары арқылы таратуға кірісіп ке­т­ті» деген ол қазақ халқын, әсі­р­есе жастарды қисыны жоқ сөз­дерге, күмәнді мәліметтерге ер­меуге шақырды. Зерттеп қарасақ, тәңіршілдікті жақтайтындар да, оны тарихтың қойнауына енген ескі салт деп қа­райтындар да баршылық екен. Бұған түрколог, академик Қар­жау­бай Сартқожаның «Шын мәнінде, сахалар және басқа түркі халықтары тәңіршілдік ту­ра­лы толық біле бермейді. Со­нау түркі империяларының ке­­зін­дегі дүниетанымның сар­қын­шақтары ғана қалған. Кейбір Еуропа тарихшыларының жаз­басымен «Шаманизм» немесе «Тәңіршілдік» аталып кетті. Діннің аты бүгу болатын. Тәңіршілдіктің ғибадатханасы ретінде Тоныкөк, Күлтегін ескерткіштерін атауға болады. Ол ғибадатханаларға адам жерленбеген, тек түрлі жоралғы өтіп отырған. Тәңіршілдік – ба­баларымыздың тарихы. Біз сол тұрғыдан қарастырамыз әрі зерт­тейміз» деген пікірі дәлел. Алматыда осыдан біраз жыл бұрын Орта Азия, Қазақстан және Алтайдағы тәңіршілдік та­қырыбына арналған үлкен халық­аралық конференция да өткен. Қазақстандағы Франция елшілігі ұйымдастырған халықаралық ша-­ раға көптеген шет мемлекеттен арнайы қонақтар шақырылған. Қазақстан дипломатиялық қыз­метінің еңбек сіңірген қызметкері Сайлау Батыршаұлы сол кезде «Тәуелсіздік келгелі сәнге айнал­ған тәңіршілдік идеясын көтеріп, өршітіп отырған да қазақтар емес, бұл да шекараның ар жа­ғынан әдейі ұйымдастырылған аран­датушылық, ұлтты бұзушылық әрекет. Әлемде жүріп жатқан Батыстың идеологиялық үстем­дікке жету күресінің бір тармағы осы: түркі халықтарын бұрынғы тәңіршілдік наным-сеніміне шақырып, исламды арабтың діні деп, іштей іріту» деген бола­тын. Әйтсе де, халықаралық кон­ференция одан кейін де жалғасын тапты. Бірер жыл бұрын елордада «Тәңіршілдік және Еуразия ха­лықтарының эпикалық мұрасы: шығу тегі және қазіргі заман» атты VI халықаралық конференция өтті. Түрлі талқылаулар болып, тіпті тәңірге сенетін қазақтар өз ғибадатханаларын салғысы ке­летін ойын білдірді. Сондықтан тә­ңіршілдер туралы түсінік алдағы уақытта да талай талқыланатын тәрізді.  

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ