Онкопациенттен COVİD-19 анықталса...
Онкопациенттен COVİD-19 анықталса...
216
оқылды
«Өкінішке қарай, онко­па­циентте коронавирус анық­талса, онда барлық халықаралық стан­дарт бойынша COVID-19 кезінде емдеуді тоқтату ұсыны­лады. Ко­ро­навирус жұқтырған науқасқа химиотерапия, сәуле терапиясы және хирургиялық емдеу қабыл­дауға қатаң тыйым салы­нады. Себебі аталған емдеу тәсілі нау­қас­тың жағдайын нашарлатып, асқынуға әкелуі мүмкін. Сондық­тан пациенттерімізге осы мәселені ескерткіміз келеді», – деді ол Ор­­та­лық коммуникациялар қыз­метінде өткен онлайн брифингте. Бас онкологтың айтуынша, хими­отерапия немесе сәуле тера­­­пиясы курсынан өткен нау­­­­­­­­­­­қас­тарды сақ болуға шақырды. Себебі олардың иммунитеті қатты әл­сіре­­­гендіктен жоғары деңгейде күтім керек. Ол үшін адамдармен қарым-қатынасты азайтып, ги­гиена талаптарын сақтау маңыз­ды. Егер онкологиялық есепте тұр­ған науқаста коронавирустың жеңіл түрі анықталса, ол емханаға баруы керек немесе үйде 14 күн емделуі қажет. Содан кейін ПТР тапсырып, теріс нәтиже көрсетсе, онкоаурудан емдеуді жалғас­тыруына болады. ПТР сынамасы оң нәтиже көрсеткендер корона­вирустан толық айыққанша, осы инфекциядан ғана емделе­ді. Д. Қай­­дарова Қазақстанда онко­логия­лық ауруға күдікті па­циент­терді емдеу, тексерудің тегін еке­нін мәлімдеді. Оның айтуын­ша, ка­рантин жеңілдетілген соң, ко­ро­навирус анықталмаған онко­­­пациенттер стационарға жатып емін жалғастыра алады. Тек ол үшін науқас ПТР-талдаудың теріс нәтижесін тапсыруы керек. Соңғы уақытта корона­ви­­­рус­тың екінші толқыны туралы жиі айтылып жатыр. Ол кезде ка­рантин күшейтіле ме, жоқ па деген сұрақ та жиі қойылады. Сонымен, коронавирустың екін­ші толқыны басталғанда карантин күшейтіле ме? Бұл сұрақтың жауабын Денсаулық сақтау ми­­нистр­­лігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов берді. Оның ай­туын­ша, денсаулық сақтау жүйесі ауру­ханаларға бір мезгілде 70 мыңнан аса төсек-орын орна­­ластыра ала­ды. Егер коро­навирус жұқтырған науқастарға осынша төсек-орын керек болса, онда бұл «қатты қы­зыл дабыл» белгісін білдіреді. Егер орташа есеппен күніне коро­на­вирус жұқтырған 500-600 адам анықталған болса, бұл көрсеткіш 30 мыңға жетсе, онда елдегі каран­тин шаралары қатайтылады. Бүгінгі таңда қалалар немесе ірі елді мекендер медициналық көмек көрсету орталықтарымен, ауруха­налармен, дәріханалармен қамта­масыз етілген. Ал ауылдық жерлер­де, әсіресе аз адам тұратын шағын да шалғай ауылдарда ме­дициналық көмек жоқтың қасы, бар болса да, оны қаладағы жағ­даймен салыстыра алмаймыз. Ко­ро­навирустың екінші толқыны ауыр соғып жатса, осы шағын ауылдарға дәрігерлік көмек қалай жетеді? Бағдат Қожахметовтің айтуына қарағанда, Денсаулық сақтау министрлігі мұндай сце­нарий бола қалған жағдайда әрекет етудің жоспарын жасаған. Мысалы, бұл ретте 3,5 мыңнан ас­там жыл­жымалы ұтқыр бригада ұйым­дастырылған. Олар кез кел­ген ауыл­дағы науқасты жақын арадағы ауру­ханаға 1 сағаттың ішінде жет­кізіп, алғашқы меди­циналық көмек көрсетуі тиіс. «Ауыл халқы үшін меди­ци­налық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін 100 арнаулы автобус сатып алынған. Ол әрбір өңірге жеткізілді. Бұған қоса, ау­дан орталығынан шалғайдағы, дәріханасы жоқ елді мекендерді дәрілік заттармен, медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету денсаулық сақтау ұйымдары және жылжымалы дәріханалар арқылы жүзеге асырылады», – деді ол. Коронавирус жұқтыру дере­гіне байланысты карантин бірде әлсіреп, бірде қатайтылып тұр. Соған байланысты еліміздің Бас мемле­кеттік санитарлық дәріге­­рінің қау­лысы да өзгеріп тұрады. Соңғы № 53 қаулыға 16 қыр­күйекте қол қойыл­ды. Бұл қаулыға сәйкес тиісті жеңілдіктер енгізілді. Мысалы, балалар кабинеттерінде, түзету орталықтарында білім беру топтары 5-тен 15 адамға ұлғай­тылды. Мемлекеттік органдарда, ұлттық компанияларда және өзге де ұйымдарда, сондай-ақ кәсіп­керлік субъектілерінде қызмет­керлердің кемінде 50 пайызы қашықтан жұмыс істеу нысанында бола алады. ДСМ Тауарлар мен қызмет­тердің сапасы мен қауіп­сіздігін бақылау комитетінің жұқпалы ауруларды эпидемиологиялық қа­дағалау басқарма басшысы Роза Қожапованың айтуынша, де­малыс және мереке күндері азық-түлік супермаркеттері мен дәрі­ханаларды қоспағанда, сауда орта­лықтарының, ойын-сауық орта­лықтарының жұмысына тыйым салынады. Азық-түлік және азық-түлік емес жабық ба­зар­лардың да жұмысына рұқсат жоқ. Ал фитнес-орталықтарға, спорт кешендеріне, діни ны­сан­дарға, сауналарға, космето­­логия кабинеттеріне, бассейндерге жұ­мыс істеуге рұқсат етілген. Сонымен бірге Қазақстанға халықаралық жолаушылар әуе рейстерімен келетін жолау­шы­­ларға қойылатын талап туралы да біле жүрейік. Енді әуе рейстері бойынша бірінші санатқа 12 ел енгі­зілді. Олардың қатарында ҚХР, Таиланд, Моңғолия, Ма­лайзия, Мысыр, Гонконг, Оң­түстік Корея, Жапония, Сингапур, Германия, Беларусь, Әзербайжан бар. Осы елдерден келген жолау­шылар термометрия мен сауал­намадан өтеді. Ал екінші санатқа 21 ел енгізілді. Ол елдерден кел­гендер термометрия мен сауал­намаға қоса, ПТР нәтижесі теріс деген анықтама тапсыруы тиіс.  

Тұмар МЫРЗА