Квазисектордың қызығын кім көреді?
Квазисектордың қызығын кім көреді?
599
оқылды
 

Экономикаға пайдасы жоқ компания көп

Елімізде ондаған ұлттық ком­пания мен он мыңдаған мемлекет­тік кәсіпорын бар. Олар­дың мақ­саты – пайда табу. Мұндай компа­ниялардың жұмысы экономикаға нақты қызмет көрсетуге арналуы тиіс. Алайда көптеген акционерлік қоғамда корпоративтік басқару бюрократиялық рәсімге айналған. Мұны біз емес, биылғы Жолдауын­да Президент айтты. Сондықтан тұ­тас квазимемлекеттік секторды рефор­малау жалғасатын болды. [embed]https://youtu.be/9TllNzdCiZA[/embed]

Текст: Халима Тәжіқұл. Виедо+монтаж: А. Ахметқазы

Экономист Мақсат Халық та сарапшы әріптестері секілді ква­зисектордың еңбек өнімділігін тө­мен деп бағалайды, өйткені бұл салада экономикаға үлес қоспай­тын компания өте көп. «Студенттеріміз квази­мемле­кеттік ком­­па­нияларда өнді­рістік тәжірибеден өтіп келген соң, он­дағы жұмыс процесі туралы сұ­раймыз. Сонда «жұмыс сағат 9.30-да басталады, 11-де қызметкерлер шай ішеді, 12-ден аса түскі асқа кетеді. Түскі ас екі сағатқа созы­лады. Сосын жұмыс істеуді бастай­ды, бірақ сағат кешкі 6 болғанда, кептелісте қалмай үйге жетіп алайық деп үйіне қайтады» деген жауап аламыз. Ал олар неге маңдай терін төгіп жұмыс істемейді, себебі мемлекеттен өте көп мөлшерде дота­ция алып, сол ақшаның есе­бінен күн көріп отыр. Өздері қан­дай өнім өндірді, қай жо­басы жү­зеге асты, атап бере алмайды. Бар айтары ол жобалар ұзақ мер­зімге жасалған, жемісін 5-6 жылдан соң көреміз дегенге саяды. Бұл – ақталу ғана», – дейді ол. Қысқасы, квазисектор мемле­кеттің мойнында отыр. Мұндай компаниялар жекеменшік компа­нияларға үлкен кедергі. Нағыз кә­сіпкер тапқан-таянғанын бизне­сіне салып, жұмыс істегісі келсе, оны квази­сектордағы қомақты ре­­сурс жаншып өтеді. Бәсеке бол­ма­ған соң экономика тұ­ралайды. Сарапшы бұған ұлттық әл-ауқат қорын құру кездегі қателік себеп деп санайды. «Самұрық-Қазына» әу баста Малайзия үлгісінде құрылды. Сол үшін біз бұл қордың құрылуын құп­тадық. Себебі Малайзияда мұндай қорға шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері топтасты­рылады. Ал бізде, керісінше ірі компа­ниялар, монополистер топтастырылды. Ен­ді осы монополиямен күресу қиынға соғып отыр. Қайта құрылып жатқан Бәсекені дамыту және реттеу агенттігі бұл мәселені шеше ала ма деген қаупім бар», – дейді. Өйткені аталған агенттік квази­сек­тордағы бәсекені реттеу үшін эконо­микадағы мемлекеттің үлесін 20-30 пайыз­ға дейін түсіруге ықпал етуі тиіс. Ал ол оңайға түспейді, себебі былтырғы ресми дерек бойын­ша экономикадағы мемле­кеттің үлесі ірі компаниялар бойын­ша 50 пайыз, орта кәсіп­орындар бойынша 56 пайыз­ды құрады. Ал сарапшылардың бей­ресми дерегіне сүйенсек, эконо­мика­мыздағы мемлекеттің үлесі 70 пайыздан асады. Экономика заң­ды­лығында мем­лекет үлесі 50 пайыз­­дан асса, эконо­мика теже­леді. Дамыған елдерде мемле­кеттің экономикадағы үлесі 30 пайыздан аспайды.  

Миллион, миллион жалақы

Сарапшылар квазисектордағы жа­лақысы жоғары қызметкерлерді қыс­қарту арқылы өзге қызмет­кер­лер жалақы­сын көтеру туралы тап­сырманың орын­далуына күмәнмен қа­райды. Себебі 10 пайызға қыс­қарту болғанымен, саладағы жала­қы жыл сайын 20 пайызға көбейіп отыр. Сон­дықтан квазисектордағы қыс­қарту үшін бұл саланы жеке­шелендіру қажет. «Бұл саладағы жоғары жалақы­ны негізі басқарушы қызметкерлер алады. Ал қатар­дағы жұмысшы­лардың жалақысы көп емес. Бас­шылары мен қосшыларының жа­ла­қысын есептегенде орташа 2-3 млн теңге болып көрінеді. Бұл – бір. Екіншіден, бұл жалақы билік пен халық арасындағы алшақтықты көрсетеді. Халықтың жағ­дайымен санасқысы келмей­тіндер өз дәуле­тін көбейтіп әлек. Үшіншіден, біз­дің елдегі «Са­мұ­рық-Қазына» сияқты ком­паниялар бюджеттен ақша алады. Бұлақ басында отыр­ғандар бюджет ақшасын қалаға­нынша пайда­ланады. Депутаттар мен шенеу­ніктердің балалары ква­зимем­лекеттік кәсіп­орындарды «ал­тын астауға» айнал­дырып ал­­­­­ғандықтан, олардың ара­нын же­ке­шелендіру арқылы ғана тоқ­татуға болады», – дейді экономист Сапар­бай Жобаев. Оның айтуынша, ешкім жеп отыр­ған нанынан айырылғысы келмейді. Сондықтан лоббиге сал­са да соңына дейін күреседі. Енде­ше квазисектордан айырылғысы келмейтіндердің жалақысын санап көрелік. Бұл ретте «Курсив» жүргізген зерттеуге сүйене­міз. Басылымның жазуын­ша, «Қа­зақстан темір жолы» ұлттық ком­­па­ниясындағы топ-менеджер­лердің жылдық табысы 2018 жылы 210 млн теңге болса, 2019 жылы 512 млн теңгеге (+ 144%) бір-ақ се­кірген. 14 топ-менеджердің әрқай­сы­­­­сының айлық табысы 1,7 млн-нан 3,7 млн теңгеге өскен. Ал тәуел­сіз директорлар 1,8-4,2 млн теңгеге дейін (+ 131%) сыйақы алған. «Қазақтелеком» менеджер­ле­рінің жалақысы 63% -ға өскеніне қарамастан, директорлар кеңесі мүшелерінің орташа табысы айына 6,2 млн-нан 5,8 млн теңгеге азай­ған. Бірақ мұның өзі аз қаржы емес. Әрі қарай кеттік, «Самұрық-Қазы­наға» қарасты «Самұрық-Энерго» (+ 60%), «ҚазТрансОйл» (+ 33%) және «ҚазТрансГаз» (+ 24%) компанияларының басқарма мү­ше­лерінің де сыйақысы өскен. Ең үлкен сыйақыны «Қазатом­өнер­кәсіп» төлейді –11,5 млн тең­ге. Бұл қайта 2018 жылмен салыс­тырғанда 18 пайызға азайғаны екен. deadema Тек «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру», «Қазпошта» және Қордың өзі бірінші басшылардың жалпы сыйақысын азайтқан. «ҚМГ» Бар­лау Өндіру» компаниясында бас­қар­маның орташа мүшесі 9,24 млн теңгенің орнына 2,9 млн, дирек­торлар кеңесінің мүшесі 3,56 млн орнына 1,04 млн теңге алыпты. Сарапшылар мұны 2018 жылдың мамыр айында Лондон мен KASE-де компания жүргізген делис­тинг­тің салдары болуы мүмкін деп бол­­жайды. Ал қаржы секторының бас­қарушы­ла­ры қандай жалақы ала­ды? Былтыр Ұлттық банкте 12 ен­ші­лес компания болған, соның ішін­де 6 компания мен БЖЗҚ-ны (Ұлттық банк басқарады), Пробле­малық несиелер қоры (Қаржы министрлігі басқарады), Әлеу­­мет­тік медициналық сақтандыру қоры (Денсаулық сақтау министр­лігі бас­­қарады) және Қазақстан қор биржасын (акциялардың 49% -ы Ұлттық банкке тиесілі) қосып қарағанда, Ұлттық банк басқармасы мен директорлар кеңесі мүше­ле­рінің жалпы сыйақысы 2019 жылы аса өзгере қоймаған. Ұлттық банк­тің дирек­торлар кеңесі 25 адамнан тұрады. Олардың орташа табысы айына 2,8 млн теңгені құрады. Олар­ға қарағанда қазақстандық депозиттерге кепілдік беру қоры­ның ме­неджерлерінің табысы қо­мақты болып шықты – 4,18 млн теңге (өткен жылға + 37%). БЖЗҚ-дағы жоғары лауазымды басшы­лардың сыйақысы 17% -ға (айына 2,68 млн дейін), Қазақ­станның тұрақтылық қорында­ғылардың сыйақысы 12% -ға (2,44 млн дейін) өскен. Есесіне Ұлттық инвести­циялық корпорациядағы (Ұлттық қордың активтерін, алтын резерв­терін және зей­нетақы ақшаларын басқаратын Ұлттық банктің «енші­лес» компаниясы) менеджер­лер жалақысы екі есе төмендеген. Соған қарамастан, олар өзге ком­паниялардағы әріптестерінен көп ақша тапты (айына 4,39 млн теңге). Әлеуметтік медициналық сақ­тандыру қорындағы жоғары лауа­зымды басшыларға сыйақы мөл­шері 57%-ға, орташа айлық жалақысы 19% -ға төмендеді (1,6 млн теңгеге дейін). Президент Жолдауына сәйкес, бірік­тірілетін «Бәйтерек» және «ҚазАгро» хол­дингтерінің лауа­зым­ды басшыларынан ұйқы қаш­қаны анық. Қомақты жалақы­ны кім қия қойсын? Мысалы, былтыр KazakhExport сақтандыру компа­ниясында негізгі персонал­дың орта­ша жалақысы 65% өсіп, 2,56 млн теңгеге жеткен. Қазақстан Даму банкі-Лизинг компа­ния­сында 42% (2,64 млн дейін), QazTech Ventures-де 38% (2,43 млн), Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорында 37% (1,62 млн), Kazyna Capital Management-те 24% (2,56 млн) өскен. «Даму» қорының ғана сыйақысы 25% -ға төмендеген (2,6 млн-нан 1,94 млн теңгеге дейін). «Бәйтерек» ұлттық холдингінің дирек­торлар кеңесінде өте қымбат тәуелсіз директорлар бар. Олардың орташа айлық табысы былтыр 8,9 млн теңгеге (+10,8%) жеткен. Жо­ға­­ры­да аталған ком­пания­­­лардың ешбірінде «Самұрық-Қазы­надағы­дай» сыйақы көп емес – Қор ди­рек­торларының айлық табысы 25,2 млн теңгені құрайды.  

Қарыздан көз ашпаған сала

Ұлттық банктің дерегінше, Қазақ­­­станның жалпы сыртқы қа­рызы 152 719 млн АҚШ долларын құраса, соның ішінде мемлекет бақылауындағы ұйымдардың сыртқы қарызы 17 040 млн АҚШ доллары деп көрсетілген. Банк­тердің сыртқы қарызы 16 800 млн АҚШ долларына жетіп тұр. Былтыр сыртқы қарыз көлемі бұдан да көп болған. Көңілге демеу болары, «Самұрық-Қазына» қоры жыл басынан бері өткен 6 айда деби­торлық қарызын 60 млрд теңгеге азайтты. Бірақ бәрібір макро­экономикалық көрсеткіштің на­шар­лауына байланысты қордың жалпы қарызы 3,9 пайыз өсті. Қор басшылығы бұл қауіпті пайыз емес дейді. Себебі 2018-2019 жылдары қор 8 млрд доллардай қарызды жапқан болатын. Бірақ бұл қордың қарызы жоқ дегенді білдірмейді. Тек оның көлемі қанша екенін ашық деректен табу мүмкін бол­мады. Ал «ҚазМұнайГаздың» қа­рызы туралы мәліметті тез таптық. 2020 жылдың алғашқы жарты_жылдығындағы негізгі қаржылық көрсеткіштері туралы есепте бұл компанияның таза қарызы 6 432 млн АҚШ доллары екені жазылған. Теңгеге шаққанда 2 трлн 598 млрд-ты құрайды. Үкімет биыл «Бәйтеректің» капиталын 105 млрд теңгеге, «Самұрық-Қазынаның» капиталын 26 млрд-қа, «ҚазАгро­ның» капи­талын 10 млрд-қа ұл­ғайтуды жос­парлады. Бұл қаржы респуб­ликалық бюджеттен беріле­ді. Бірақ Үкіметтің олардан алатын диви­денді өте аз. Бұл Үкіметке де ұна­маған болса керек, осы жылдың наурызында Үкімет квазимем­ле­кеттік сектор компа­ниялары 2019 жыл­ғы таза кірісін мемлекетке 100% төлейтін, келесі жылдары бюд­жетке таза пайдасының кемін­де 70% беруге міндеттеген қаулы қабылдады. Сонымен бірге квазисектордың қоғам алдындағы ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз ету үшін «Қоғамдық бақылау туралы» заң жыл соңына дейін қабыл­­­­­­данбақ. Аталған заң квази­мемлекеттік ком­панияларда қоғамдық кеңес құруға мүмкіндік береді. Бұл ква­зисек­торға тықыр таянғанын біл­дірсе ке­рек. Бәлкім, осыдан кейін ква­зисектордан бір қайран болатын шығар...  

халимаХалима БҰҚАРҚЫЗЫ