Оңтүстіктен солтүстікке көшкен жұрттың халі қалай?
Оңтүстіктен солтүстікке көшкен жұрттың халі қалай?
542
оқылды
 

Бағдарламаның міндеті қандай?

Аталған бағдарламаларды құруға қандай қажеттілік болды? Осы сауал көпті толғандырады. Демограф мамандардың ай­туын­ша, жалпы Қазақстан хал­қы санының өсімі тұрақты. Бі­рақ демографиялық ахуал бар­лық аймақта біркелкі емес. Тү­сінікті тілмен айтсақ, еліміздің оңтүстігінде халық өсімі қарқынды, солтүстікте керісінше адам азайып жатыр. Сала мамандары мынадай болжам жасаған екен. 2050 жылға қарай оңтүстік аймақтардағы халық саны 5 миллион 300 мың адамға дейін жетіп, жұмыссыздық мәселесі одан әрі күрделене түс­пек, ал солтүстік өңірлерде тұр­ғындар саны 900 мыңға азайып, сәй­кесінше жұмыс күшінің жетіспеуі байқалады. Болжамды негізсіз деп айта алмаспыз, себебі қазіргі кезде-ақ теріскейде кей жұмыс орындарына маман жетіспейді. Сонымен қатар  дәл осы солтүстікте демографиялық хәл де оңып тұр­ған жоқ. Қысқа ғана шолып өт­сек, 2020 жылдың алғашқы 3 айында Екібастұзда жалпы өсім -152-ге дейін төмендеген. Әрі қа­рай тізбектесек, Рудный (-190), Балқаш (-3), Ақсу (-97), Степногорск (-132), Шахтинск (-90), Риддер (-169), Теміртау (-29) сияқты шағын қалалардан бөлек, Петропавл, Семей мен Өс­кемен, Павлодар сияқты ірі қа­лаларда да осы іспетті жағдай. Ат­алған өңірлерде жастардың үлес сал­мағы да біршама кеміген. Бұл – ай­мақтарда табиғи өсім жоқ деген сөз емес. Көрсеткіштің төмендеуіне аталған аймақтарда тұратын өзге ұлт өкілдерінің тарихи Отанына бет бұруы басты себеп болып отыр. Яғни, көші-қон мәселесінде ұтылып тұр. Статистика дерегі бойынша, 2019 жылы 45 мыңнан астам қазақстандық шетелге қоныс аударыпты. Оның 76 пайызы – өзге ұлт өкілдері. Түстігіміздегі жағдай басқаша. Халықтың 55 пайызы оңтүстік ай­мақтарға шоғырланғанға ұқсай­ды. Жастардың үлесі басым, бі­рақ жұмыс орындары тапшы. Сон­дықтан жоғарыда аталған бағ­дарламалар диспропорция мен де­мо­графиялық теңсіздікті реттеу үшін қажет екені анық.  

Көштің есебі

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі соңғы 10 жыл­дағы ішкі миграцияға талдау жүр­гізіп, нәтижесінде Түркістан, Жам­был, Маңғыстау және Алматы об­лыстары тұрғындарының бір бөлігін Шығыс Қазақстан, Сол­түстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарына көшіру керегін анықтаған. Биыл бұл тізімге Қарағанды мен Ақмола об­лыстары да енгізіліп отыр. Ал нақты деректер бойынша, 2015-2017 жылдар аралығында 1 392 адам, яғни 347 отбасы солтүстік өңірлерге көшкен. 2017 жылы 5 облыстан Шығыс Қазақстан об­лысына – 98, Қостанай облысына – 30, Павлодар облысына – 69, Солтүстік Қазақстан облысына 184 отбасы қоныс аударыпты. 2018 жылы Шығыс Қазақстан облысына – 364, Қостанай облысына – 272, Павлодар облысына – 380, Солтүстік Қазақстан облысына – 690 квота бөлінген, аймақтық квота бойынша 6 766 қазақстандық оңтүстіктен солтүстікке қоныс тепкен. 2019 жылы солтүстікке 700 отбасын көшіру жоспарланыпты. Жоспар бойынша, 2018-2022 жыл­дары барлығы 59 мың от­ба­сы сол­түстікке көшуі тиіс. Ал биыл алғашқы 8 айда 4,3 отба­сы солтүстікке көшкен. Негізі­нен жоспардың артығымен орын­далып жатқанын аңғардық. Бі­рақ көшіп келгеннен кейін қайта кері қайтқандар да бар. Себеп – сан түрлі. Бірі күннің суығына шы­дамаса, енді бірі несиелік қарыздарына байланысты кері көшкен. Мысалы, былтыр Сол­түстік Қазақстан облысынан 77 адам – 22 отбасы оңтүстікке кері көшіп кеткен. Кері көшу демекші, егер солтүстікке қоныс аударған отбасы 1 жыл өтпей жатып, кері қайтуға шешім қабылдаса мем­лекет тарапынан көрсетілген кө­мектің бәрін қайтаруы тиіс. Ал 1 жыл­дан кейін ешкім аяққа тұсау болмайды.  

Теріскейге көшкендердің назы бар

Бағдарлама бойынша оңтүс­тіктен солтүстікке қоныстанып, бағдарламаның үгіт-насихат жұ­мыстарына белсене араласып жүрген Серік Әлтаев Арыс қала­сынан Солтүстік Қазақстан об­лысының Қызылжар ауданы По­дгорное елді мекеніне ерік­ті түрде көшіп барған. Осы ше­шімге баруына былтыр Арыс қа­ласында болған жарылыс себеп болыпты. Азаматпен хабарласып, көші-қонның жай-жапсары, ар­тықшылықтары мен кейбір ше­шілмей жатқан мәселелері туралы сұраған едік.
– Бұл бағдарлама туралы көп ешкім біле бермейді. «Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауды неге пайдаланбасқа?» деген ниет­пен 10-15 адам жиналып, өзіміз де елді хабардар ете бастадық. Әлеу­меттік желілерде парақшалар аштық. Қызығып жатқандар болса, жұмыспен қамту орталығындағы мамандармен байланыстырдық. Әлі де осы істің басы-қасында жүр­міз. Біз тұрып жатқан Подгорное ауылына биылдың өзінде 150-ден астам отбасы көшіп келді. Енді проблемаларға тоқталсақ. Әр үйге 7 млн теңгеден бөлініпті. Үйді салатын құрылысшылардың еңбекақысы да, құрылыс ма­териал­дары да, басқасы да – осы 7 млн теңгенің ішіне кіреді. Бірақ бұл ақша үйді сапалы етіп салуға аздық етіп отыр. Одан кейін 20-25 үйге 2 құдық қана қазған. Жоспар бойынша су үйге дейін келуі керек еді. Судың сапасы тіпті нашар, лай су тұна қоймайды. Ауыл әкіміне айтсақ, «су біздің қарамағымызға кірмейді» деп жауап қатты. Тіркеуге тұру да қиынға соғып отыр. Бұл жаққа қоныстанғандардың кө­бісі – көпбалалы отбасылар, ол­ар­ға атаулы әлеуметтік көмек төле­неді. Тұрғылықты мекенжай мен тіркелген жер сәйкес кел­мегендіктен, жәрдемақыны көп­теген отбасы ала алмай отыр. Ал жұмыспен қамту, көшіп келгені үшін төленетін жәрдемақылардың бәрін алдық. Кейбір кемшіліктерді санамасақ, мемлекет толығымен барлық жағдайды жасап отыр. Бұл қиын процесс болғандықтан барлығын мүлтіксіз жасау қиын ғой. Кері көшіп кетіп жатқандар бар. Негізі, мұнда келу үшін іштей дайындық жасаған жөн. Мұнда қыс ұзақ, сонысы шаршатады, – дейді Серік Әлтаев. Осы мәселелерді айтып ауыл әкімі Азамат Құрмантайұлына хабарласқан болатынбыз. Бірақ ауыл басшысы өзінің ауруханада жатқанын, жуырда қызметінен кететінін жеткізді. Ал Серік Әлтаев болса, «Әкімді кінәлар еш жөніміз жоқ. Оны да түсінуге болады, қаншама отбасы бар, үлгеру қиын. Мысалы, мемлекет бағдарламасын орындап, көшіп келгендермен байланыс орнату үшін Жұмыспен қамту орталығына бір ғана маман­ды сайлапты. Ол үлгере алмайды. Осындай шикіліктер бар. Болмаса, мемлекетке өкпеміз жоқ» дейді.
Қорыта айтқанда, қос бағдар­лама өзінің тиімділігін дәлелдеп келеді. Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігі жыл со­ңына дейін теріскейге тағы 5,5 мың отбасын көшіруді жоспарлап отыр екен. Ал кей кемшіліктердің жергілікті билік тарапынан жөнге келеріне үміттенеміз.  

мадиярМадияр ТӨЛЕУ