Әңгімеміздің әлқиссасын жырға айналған аудармадан бастасақ. Әуезов аудармасында мынадай сөздер бар: Отелло: Иә, Дездемона. Дездемона: Жатасыз ба, Отелло? Отелло. Түнгі намаз оқып па едің, Дездемона? Дездемона. Иә. Қарасаңыз, анау айтқандай қате де емес. Әрі «жыр» болатындай да жөні жоқ. Көпшілік пікір «Дездемона намаз оқитындай мұсылман емес» дегенге саяды. Енді бірі «намазда тұрған ештеңе жоқ. Совет заманында біздің жазушылар мұндай қадамдарға саналы түрде барды» дегенді айтады. «Отелло» – Шекспирдің ең шоқтығы биік шығармаларының бірі. Ол 1604 жылы жазылған пьеса. Пьеса сюжеті Джиралди Чинтионың «Венеция мавры» шығармасына негізделген. Отелло мавр болды. Арабтар жаулап алғаннан кейін Испания мен Солтүстік Африканың кейбір бөліктерінде өмір сүрген мұсылман халқын Батыс Еуропада маврлар деп атаған екен. Олар жақсы матростар мен жауынгер халық болды. Уикипедияда Отелло туралы «мүмкін, әдеби трагедия кейіпкерінің прототипі итальяндық Маурицио Отелло болған шығар. Ол Кипрде Венеция әскерлерін 1505-1508 жылдар аралығында басқарған және әйелінің өлімі де құпия болған» деп жазады. Шекспир тарихи деректерді пайдалана отырып, көркем дүние жазып шыққан. Пьеса жазуға аңыз-әңгімелер, теңізшілердің әңгімелері негіз болған. Отелло – нақты кейіпкер. Пьесадағы басты тұлғаға айналған венециандық мавр шын мәнінде әділетті жан болған деседі. Қош, бұл Шекспирдің Отеллосына тән ақиқат. Енді Әуезовтің аудармасына келейік. Мәдениеттанушы Зира Наурызбаева «Дездемонаның намаз оқығанында тұрған ештеңе жоқ» дейді. «Отелло – мавр. Мавр – сол заманда Еуропада қалып қойған мұсылмандар. Яғни, араб, берберлерді маврлар деп атаған. Олар исламды сақтаған. Бірақ Отелло туралы пікірлер сан алуан. Біреулер оның дініне шүбә келтіреді. Менің ойымша, Отелло мавр болғандықтан, мұсылман емес деп айтуға болмайды. Сол себепті де, Дездемонаға «намаз оқыдың ба?» деп сұрауы – айып емес. Дездемона маврдың әйелі болып отыр. Күйеуі қай дінді ұстанса, әйелін де сол дінге тартуы мүмкін. Кім біледі? Әрине, Әуезов «дұға оқыдың ба?» деп жазуды білмеді деп ойламаймын. Әлеуметтік желіде совет заманы болғандықтан, мұндай қадамдарға саналы түрде баруы мүмкін деген пікірлерді оқып қалдым. Солай болуы да мүмкін» дейді. Шығарма XVІІ ғасырға тән дүние. Әрі Шекспир пьеса кейіпкері ретінде венециандық маврды таңдап отыр. Мұхтар Әуезовтің де Дездемонаға намаз оқытуының сыры осында жатса керек. Ал журналист, балалар ақыны Серікбол Хасан «30-жылдары Совет билігі діндарлар мен ұлтшылдарды қырып-жойып, дін мен дәстүрге тұсау салды. Сондықтан Сталиннің қанды қасабынан аман қалған Әуезов секілді ұлт зиялылары исламды, діни ұғымдарды оқырманға ұмыттырмас үшін осындай қадамға баруға мәжбүр болды. Жалпы, совет заманының жазушыларында мұндай аудармалар да, төл шығармалар да жетерлік. Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасында» Қожаның әжесінің «Қайдағы жоқ шатпағыңды тастап, «бісміллә» деп айтшы» деуі де осы секілді қадам еді. Әсілінде Соқпақбаевтың шығармаларын терең түсініп оқыған адам оның басынан бақайшағына дейін Совет одағына қарсы болғанын байқай алады» деген пікірді алға тартып отыр. Мұхтар Әуезов кеңестік жүйенің тұсында Шекспирді аударып, «Отелло» мен «Асауға тұсауды» қазақша сөйлеткені рас. Дегенмен оқиға желісі мүлдем арыда жатыр. Әрі Әуезов дұға мен намаз сөзін пайдалануды жақсы біледі. Намаз емес, дұға деп алуына да болар еді. Бұған әуезовтанушы Мамай Ахет: «Бұл өзі XVII ғасыр басында жазылған қазақтың түсінігінен тым жырақ жатқан күрделі шығарма. Мұхаң орыс тіліндегі И.Вайнберг, А.Сокольский, М.Лозинский, В.Пастернак, А.Радлова деген аудармашылардың нұсқаларын сұрыптай келе, ішінен соңғысының нұсқасын таңдаған. Аудару барысында табиғаты да, таным-түсініктері де қазаққа мүлде жат қауымның ортасындағы ахуалды түсінікті етіп беруге тырысып, би-шешендерде кездесетін ақ өлең үлгісін пайдаланған. Кейін бұл тәжірибесін «Асауға тұсауда» жетілдірді. Шығармада дұға, тәубе, ораза-намаз деген сөздер жиі ұшырасады. Драмалық шығарманың талабы қатал. Кейіпкерлер аузымен тақырыпты жан-жақты ашу қажет. Ал мынадай сөзді жеке бөліп алып, әңгіме қылуға тұрмайды» деген пікірін жеткізді. Әрі бұл уақыт «христиандықтың аспандап тұрған шағы» дейді. «Мәтінде «клянусь христовой верой», «Навыворот апостол Петр, хранящий ворота ада, да» деген жолдар бар. Ал әлгі даулы тіркестің орысшасы «Отелло. Вы помолились на ночь, Дездемона?». Бары – осы. Б.Адамбаевтың еңбегіне жазған ескертпеде М.Әуезов сөзбе-сөз былай дейді: «Мысалы, мен өзім «Отелло» мен «Асауға тұсауды» ақ өлең, «белый стихпен» аудардым. Ұйқас үнемі келе бермейді. Бірақ ритм-ырғақ үнемі болады, 7-8 буын. Сонда мен осы қазақтағы шешендік сөздер үлгі-өлшеу ерекшеліктерін пайдаланған едім». Бұл «Әуезов үйінде» сақтаулы тұрған Б.Адамбаев қолжазбасына Мұхаңның өз қолымен жазған ескертпесі» дейді Мамай Ахет. Ол одан да М.Әуезовтің үлкен үміт күткен, қырық жылдық тәжірибесі мен талантын сарқа пайдалана отырып жазған, замандастары «бред» деп бағалаған соңғы драмасы «Дос-Бедел досты» талқыласақ, әлдеқайда пайдалы болар еді деп отыр. Ал «Отеллоны» жазушы қазақы түсінікке мейлінше жақындату, сахнадан айтқанда көрерменге дұрыс жеткізу мақсатында осылай аударғанын, ішіндегі христиандық таным-түсініктің бəрін алып тастағанын айтады. Десек те, Әуезов – биік, терең, зор. Әуезов аудармаларына жіті назар аударып, ден қою арқылы біз заңғар жазушының әдеби әлеміне үңілетін боламыз. Әуезовтен тағылым алу деген осы!