"Қазақ хандығы" "Оскарға" ұсынылды
"Қазақ хандығы" "Оскарға" ұсынылды
236
оқылды

Режиссер Рүстем Әбдіраштың «Қазақ хандығы. Алтын тақ» кинокартинасы «Шет тілдегі үздік фильм» аталымында америкалық «Оскар» киноакадемиясының жүлдесіне ұсынылды.

Қазақстанның Оскар комитетіне мүше Олег Борецкийдің сөзінше жеті адамның бесеуі «Қазақ хандығы» картинасына дауыс берген. Аталған фильмнен өзге «Томирис» пен «Тренинг личностного роста» картиналары да қаралған. Дегенмен, таңдау «Қазақ хандығына» түскен. ««Фильмді таңдау кезінде комитет режиссерлік және операторлық жұмыс, актерлік шеберлік, сценарий, көркемдік, киноның рухани құндылықтары және оның ұлттық кино деңгейіне қатысы сияқты өлшемдерді басшылыққа алды», - дейді О.Борецкий.

Борецкийден өзге комитет мүшелері қатарында Асанәлі Әшімов, Сатыбалды Нарымбетов, Жанна Қуанышева, Игорь Вовнянко, Ардақ Әмірқұлов, Ермек Шынарбаев бар.

«Қазақ хандығы. Алтын тақ» кинокартинасы XV ғасырдағы қазақ хандығының құрылуын сипаттайды. Фильм Жәнібек пен Керей хандардың және олардың ұлдары Қасым мен Бұрындықтың Әбулхайыр Шайбаниге қарсы билік пен Сығанақ қаласы үшін шайқасының тарихын көрсетеді.

Қазақ фильмі алғаш рет «Оскарға» 1992 жылы ұсынылған еді. 2009 жылы «Келін» және 2018 жылы «Айка» картиналары шорт-параққа түсті.

92-ші рет берілгелі жатқан «Оскар» жүлдесінің марапаттау кеші 2020 жылдың 9 ақпанында өтеді.