ТӘРТІПСІЗ БАНКТІҢ ҒҰМЫРЫ ҚЫСҚА
Тәуелсіз Қазақстанның банк секторында түрлі-түрлі банк жұмыс істеген. Бәсекеге шыдағаны қалды, төзбегені тарих қойнауына кетті. Тіпті, кей банктердің атауын ұмыта бастадық. Иә, 1993 жылы құрылған Texakabank-ті білетіндер «міндетін мінсіз атқарған қаржы институты еді», – дейді. Содан болса керек, қазақ-америка бірлескен банкіне 2006 жылы «Сбербанктің» көзі түсіп, сатып алған. Сөйткен «Сбербанк» бүгінде Қазақстан банк секторының үздік бестігінде нық отыр. Бүгінгі ForteBank-тің тарихын Темірбанкпен байланыстырамыз, ал оның шежіресі Метрокомбанктен басталады. Әлгі Texakabank-тің бұрынғы акционерлері ресейлік Метробанк қожайындарымен бірігіп 2008 жылы банк ашқан. 2012 жылы ребрендинг жүргізіп, ForteBank атанады. Бір жылдан соң Темірбанк пен Альянс банкті өзіне қосып алады. Тоқсаныншы жылдардың ортасында құрылған «Казинкомбанк» 2011 жылы стратегиялық инвестор табылған соң атауын Bank RBK деп өзгертеді. Бүгінгі AsiaCredit Bank 1992 жылы құрылған «Лариба банктің» мұрагері. Біздің елде атауын өзгертуден рекорд жасаған БТА банк екен. КСРО Өнеркәсіп банкінің қазақстандық бөлімшесі болған бұл банк 1991 жылы Тұранбанк деп аталады. Сосын Alem Bank Kazakhstan, БанкТуранАлем болды. Атауын қанша өзгертсе де, өмірін ұзарта алмады: «Казкоммерцбанкке» «жұтылып» кете барды. Кейін Казкоммерцбанктің өзі «Халық банктің» қанжығасында кетті. 1998 жылы жұмысын бастаған HSBC банк 2014 жылы біздің елдегі жұмысын аяқтайтын болған соң банкті басқаруды «Халық банкке» тапсырады. Жыл соңында ол банк Altyn Bank атанады. 1993 жылы FTD деген жекеменшік банкі құрылған. Кейін «Алматы халықаралық банкі» атауын алады. 2008 жылы чех инвесторы (банк акциясының 90.01 %-і) мен голландық Home Credit B.V. компаниясы (акцияның 9,99%-ін) сатып алып, банкті «Хоум Кредит Банк» деп атайды. 2013 жылы ресейлік Хоум Кредит энд Финанс банкі Хоум Кредит банкті басы бүтін сатып алды. Тоқсаныншы жылдар басында елімізде «Сенім банкі» жұмыс істегенін көбіміз білмеуіміз мүмкін. 2013 жылы Qazaq Banki деп атауын өзгерткен құрылым екі жыл бұрын сот шешімімен жабылып қалды. «Валют-Транзит Банктің» ғұмыры он жылға ғана жетті. Заманында дәуірлеген Казагропромбанк 2001 жылы «Наурыз банк» болып жұмысын жалғастыруға кіріскен еді, жолы болмады, жабылуына тура келді. Ал Батыс Қазақстандағы ірі мұнай-газ компанияларының бастамасымен құрылған Delta Bank те, осы банктің құрдасы Қазинвестбанк те 2018 жылы жабылды. 2008 жылы жұмысын бастаған Астана банкі де бүгін жоқ. Былтыр Эксимбанк те жұмысын тоқтатты. Көріп отырғанымыздай, тәуелсіздік алған отыз жылдың ішінде бірнеше банк жабылды, бірнешеуі біріктірілді. Банктердің жабылуы, бірігуі қалыпты құбылыс десек те, көп жағдайда бұған банк саласына қатысты заң мен реттеушінің талабын сақтамау себеп болады. Tengri Bank-ті де тұңғиыққа тартқан сол жауапсыздық.ҮШ БАНК ДЕФОЛЬТҚА ҰШЫРАЙДЫ
Биыл маусым айының соңында Ұлттық банктің ресми сайтында еліміздегі екінші деңгейлі банктердің пруденциалдық нормативтерге сәйкестігі туралы есебі жарияланды. Сол есепте 27 банктің 3-і тиісті ережелерді бұзуды жалғастырып жатқаны айтылды. Соның бірі – Tengri Bank. Есте болса, бұл банк сәуір айында әртүрлі сылтаумен клиенттерге қаражат қайтаруды тоқтатып, салымшылардың наразылығын тудырған. Банктің негізгі акционері – үндістандық Пенджаб ұлттық банкінің көмегінен кейін ғана салымшыларға қаражат біртіндеп қайтарылды. Мерзімі өткен несиелер көрсеткішінде де Tengri Bank кері кетті. Барлық қарыздың 62%-і бойынша берешегі жиналып қалды. Radius Advisory Lab консалтинг компаниясы биыл мамыр айында еліміздегі екінші деңгейлі банктер жұмысына жасаған шолуында Tengri Bank-тің дефольтқа ұшырайтынын болжаған болатын. Болжам дәл келді. Аталған рейтингте «Шинхан Банк Казахстан», «Al Hilal» ислам банкі», «Ситибанк Қазақстан», «ТПБ Китая в г. Алматы», «Қазақстандағы Қытай банкі» А- рейтингін алған, яғни аталған банктерге төнген қауіп «төмен». Ал «Қазақстан халық банкі», Altyn Bank, «Сбербанк», «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі», Альфа-банктің тәуекел деңгейі «орташа» деп бағаланып еді. ForteBank, «Банк Хоум Кредит», «Kassa Nova Банк», «Қазақстандағы Пәкістан ұлттық банкі», «КЗИ БАНК», «Банк ВТБ (Қазақстан)» тәуекелі «жоғары» банктер деп танылса, «Заман-Банк», «Нұрбанк», Jysan Bank, «Банк ЦентрКредит», Bank RBK, «АТФБанк», «Евразийский Банктің» тәуекелі «өте жоғары» деп көрсетілді. Ал Tengri Bank, AsiaCredit Bank пен Capital Bank Kazakhstan дефольтқа ұшырайтыны айтылған. Консалтинг компаниясы бұл болжамды Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми мәліметтері негізінде түзгенін айтады. «Біз реттеуші тұрақсыз банктерге қатысты нақты шешім қабылдауымыз керек, нарыққа банктер пруденциалдық нормативтер мен реттеушінің талабы мен ұсынымдарын орындауға мейлінше байыпты қарау керек деп бірнеше рет айттық. Бұл жағдайда банк (Tengri Bank – ред.) туралы қабылданған шешім дұрыс. Реттеуші жеткілікті дипломатиялық қатынаста болып, проблемаларды жоюға уақыт берді. Банк ол мүмкіндікті пайдалана алмады. Аталған банктің таратылуын банк секторын тұрақсыз банктерден тазартудың бастауы деп санауға болады», – дейді консалтинг компаниясының өкілі Тимур Әбілқасымов. Оның айтуынша, Tengri Bank салымшылары енді процессуалдық шешімдерді күтеді. Бірақ банк шағын болғандықтан, Депозиттерге кепілдік беру қорында салымшыларға төлем жасауда проблема болмауы тиіс. Tengri Bank-ті тарату туралы хабарламадан кейін қазақстандық Депозиттерге кепілдік беру қоры салымдар бойынша төлемдерді қазан айының бірінші жартысында бастайтыны белгілі болды. Т. Әбілқасымовтың айтуынша, мұндай жылдам төлем бұрын-соңды болмаған. Қалай десек те, Tengri Bank-тің таратылуы AsiaCredit Bank пен Capital Bank Kazakhstan-ға берілген белгі. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Tengri Bank-ті жабу арқылы AsiaCredit пен Capital-ды жабуға дайындық жасап жатқандай. Депозиттерге кепілдік беру қоры да салымшылардың қаржысын төлеу механизмін әзірлеген соң қалған екі банкті таратуға дайын болады. Банк секторының сарапшылары аталған саланы тазарту бұрынғыға қарағанда жан-жақты ойластырылғандықтан, жедел жүреді деп санайды. Реттеуші осылай қалпына келмейтін банктерді жауып болған соң қалған банктерді сауықтыруды бастайды, ал сауықтыру банктер үшін жеңіл болмайды. Сондықтан барлық банк корпоративті басқаруды, тәуекелдерді басқару жүйесін жетілдіруі керек. Сонымен қатар директорлар кеңесінің тәуелсіз мүшелерін таңдау тәсілін өзгертуі қажет. Реттеушімен бірге олардың құзыреттіліктерінің ең төменгі деңгейін анықтауы да маңызды. Банк секторындағы ашықтықтың және қаржылық есептілікте халықаралық қаржылық есептілік стандарты бойынша ашықтықтың жоғары деңгейін қамтамасыз етуді әдетке айналдыруы тиіс. Тағы бір маңызды элемент – банктерді стресті тестілеуден өткізу және оның нәтижесін талдау. Сонда ғана отандық банк нарығында ойдағыдай жұмыс істеуге болады. Айтқандай, есте болса, AsiaCredit Bank пен Capital Bank Kazakhstan және Tengri Bank бірігеді екен деген болжам болған. Алайда Tengri Bank бірігуге келіспеді. Ортақ өгізден оңаша бұзауды жөн көрді ме, әйтеуір банк секторында жеке жұмыс істегісі келген. Жұмыла көтерген жүк жеңіл екенін мойындағысы келмеді, сөйтіп лицензиясынан айырылды. Мұндайда «бөлінгенді бөрі жейді» деген сөз де еске түседі екен...Халима БҰҚАРҚЫЗЫ