Айласы көп, пайдасы жоқ пирамида
Айласы көп, пайдасы жоқ пирамида
524
оқылды
Пирамиданың салымшыларын әр жікке бөлуге болады. Бір жа­ғынан, қанша еңбек етсе де тір­шіліктің тұйығынан, кедейліктің тү­негінен шығар жол таппай, қа­мыққан бұқара өкілдері әлдекімдер әп-сәтте мол табыс әкелетін тә­сілді көрсеткенде оған үміт шы­рағ­данындай жабысады. Осы мақ­сатта көрші-қолаңына, туыс-туға­нына қарызданады, қауғаланады, банктен несие алады. Бұл жағдай Карл Маркс пен Фридрих Энгельстің «Коммунистік партия манифесінде» (түпнұсқасы: Manifest der Kommunistischen Partei) жазылған: «Пролетарий­лердің аяқ-қолын матаған шын­жырдан басқа жоғалтатын еш­теңесі қалмады». Мұның ақыры қа­зақты қандай зұлматқа соқтыр­ғаны ХХ ғасыр тарихынан белгілі. Басқа жағынан алғанда, вай­нерлер Асылбек Темірхан, Мейіржан Төребаев, Мейірхан Шерниязов, Еркінбек Исаев, әнші және актерлер Айқын Төлеп­берген, Арман Қоңыр, Бағлан Әбдірайымов, Асылхан және Артур Төлепов, Елдос Калабок, Қанат Алжапбаров, Бота Балабекова, спортшы Қуат Хамитов, блогер Руслан Асанов және өзге де ауқатты адамдар пи­рами­даны насихаттаса, қар­жысын төксе, бұл пайдакүнем­діктің, көрсеқызарлықтың көрінісі болса керек. Мұндай адамдар «ауырдың астымен, жеңілдің үстімен» жүріп, оңай жолмен күреп табыс табудың кез келген мүмкіндігін қапы жібер­меуге тырысады. Өзгеге жа­ман үлгі болады. Пайда үшін, ақша үшін ар мен иманын сатуға әзір.  

Алаяқ алдайды, аңқау тыңдайды

Ішкі істер министрлігінің рес­ми өкілі Нұрділдә Ораз тек 4 қаржы пирамидасы кесірінен мыңдаған қазақстандық зардап шеккенін мәлімдеді. Олардың шығыны 1 мил­лиард теңгеден асыпты. – ІІМ-нің Тергеу департаменті Қазақстанның және шет мемлекет­тердің бірқатар азаматына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Олар 2016-2017 жылдар аралығында Questra Holding ins, Questra World, Atlantic Global Asset Management, Five Winds Asset Management деген бірнеше қаржы пирамидасын құрған. Оның бас­­шылары интер­нетте арнайы веб-сайттар ашып, инвестициялық портфелдердің жалған түрлерін ойлап тауып, жұрт­­­­шылыққа сат­қан. Алаяқтар ин­вест­порт­фелдің мерзімі аяқтал­ғанда әр салымшы салған ақшасын үш есе көбейтіп алатынын уәде еткен. Олардың қарау әрекетінен мың­даған қа­зақстандық зардап шекті. Келті­рілген шығын көлемі 1 мил­лиард теңгеден асты, – деді ішкі істер органының ресми өкілі. Ал ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділовтің мәлі­метінше, ел пирамидаларға 22 мил­лиард теңгеден артық қаржы құй­ған екен. – 2020 жыл басталғалы бері қаржы пирамидаларын ұйымдас­тыру және құру фактілері бойынша 217 қылмыстық істі тергедік. Оның ішінде 116 іс сотқа жол­данды. Жал­пы алғанда, әзірге 79 күдікті тұлға қылмыстық жауап­­кершілікке тар­тылуда. Бүгінде Тергеу де­пар­таменті әртүрлі жаңа қаржы пирамидаларға қа­тысты 13 қыл­мыс­тық іс бойын­ша тергеу жүргі­зуде, – деді Санжар Әс­кенұлы. Оның мәліметінше, халықты тақырға отырғызғандар арасында әсіресе, «Гарант 24 Ломбард», «ЕSTATE Ломбард» және «Выгод­ный займ» ЖШС-і ерекше көзге түскен. Бұл алаяқтар қолынан небәрі 70 миллион теңге қолма-қол ақша табылды. Мұның сыртында жедел тергеу тобы жалпы құны 2 миллиард теңгеден асатын жыл­жымайтын мүліктерді, авто­кө­ліктерді, асыл тасты әшекейлер мен басқа да құнды заттарды ай­қындап, тәркіледі. Осы үш ұйымның басшылары үстінен ғана 32 қылмыстық іс қоз­ғалыпты. Соның аясында 51 адам қылмыстық жауапкершілікке тар­тылуда. Оның үшеуі Ресей, Мол­дова және Қырғызстанға қашқан жерінен ұсталып, елге қайтарылды. Тамыз айында Беларусь­тен қаржы пирамидасы басшыларының бірі, Ресей азаматы Ольга Клейнард ел­мізге экстра­дицияланды және оған қатысты сотқа дейінгі тергеу қай­­та жанданды. Тағы жетеуі із­деуде жүр. ІІМ-ге пирамидаларға алданып, 22 млрд теңгеден астам ақшасын өз еркімен беріп қойған 17 мыңнан астам адамнан өтініш түсіпті. Тергеушілер Questra, Asset және басқа да алаяқтық жолмен ақша жинаушыларға алданған адамдарды тікелей ІІМ-ге (Нұр-Сұлтан, Тәуел­­­­­­­­­­сіздік даңғылы, 1) немесе тұр­ғылықты жері бойынша поли­ция бөліміне жүгініп, шағым жазуға үндеді. «Ішкі істер министрлігі аза­мат­тарды сақ болуға, жеңіл және жыл­дам пайда табу туралы уәде­лерге сенбеуге, сондай-ақ ондай жайт­тар­ға жолықса, дереу поли­цияға хабарлауға шақырады», – деді ведомство.  

«Сананы жадылау өнерін меңгерген»

Жалпы, қаржы пирами­дала­рының өркен жаюы биліктің ауылы халықтан қаншалықты алыс қон­ғанын білдірсе керек. Себебі әл­дебір алаяқтар өз өнімін халық ара­­сында кең жарнамалап, айлар бойы ақша жинап жатады. Ол жайында құзырлы құрылымдар да, орталық және жергілікті билік ор­гандары да хабарсыз отырады. Әрине, білсе де білмегенсуі, тіпті пирамиданы ұйымдас­тырушы­лар­мен сыбайласып, оның заңсыз ісін жабулы қазан қалпында қалдыруға күш салуы да ғажап емес. peramida Сондықтан аузы күйген қазақ­стандықтар алдаудың сан алуан схемаларын өз бетінше әшкерелеуге тырысуда. Мысалы, зардап шегу­шілердің бірі, кәсіпкер Бақтияр Имамниязов Qnet (немесе QNet) атты халықаралық компа­нияның қызметіне назар аудартты. Компа­нияның Қазақстандағы ресми өкілдігі – «Халықаралық консал­тинг бюросы» ЖШС Алматы қала­сындағы әл-Фараби даңғылын, Нұрлы тау бизнес орталығында орналасқан көрінеді. «Ол ресми түрде желілік марке­тингпен айналысады, бірақ мұқият қаныққан адам оның жұмысында қаржы пирамидасы белгілері ба­рын аңғарады. Бүркемеленген схе­маның мәні мынадай: адам ең ал­дымен компаниядан кем дегенде 2 мың долларға тауар сатып алуы керек. Тауардың қандай болатыны маңызды емес, мәселен «шипалы» шыны био-дискін немесе қол сағатын тым қымбатқа иелене ала­сыз. Осыдан кейін тағы екі адам­ды ертіп келіп, оларға дәл сондай сауда жасатуыңыз қажет, сонда 250 доллар көлемінде бірінші бонусқа қол жеткізесіз. Ары қарай 500 доллар болады. Бұл ретте, ком­пания қызметкерлері: «бонусы­ңыздың көлемі шексіз көп болады, тек жаңа адамдарды әкеп тұрыңыз!» деп сендіреді. Оның үстіне, бұл табыстан мемлекетке ешқандай салық төлемейтініңізді атап өте­ді», – дейді ол. Бақтияр Имамниязов бұл жай ғана пирамида емес, нейро­линг­вистикалық бағдарламалау (NLP) әдістерін меңгерген, адам­ның ақыл-есін жаулап ала біле­тін же­текшілері мен шеберлері бар «секта» ұйым болуы мүмкін деп жора­­­­­малдайды.  

Тосқауыл қоюға асықпайды

Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитетінің төрағасы Жанат Элиманов бұл компания қызметінде алаяқтық белгілері ба­рын айтады. «Біздің комитеттің Алматыдағы Экономикалық тергеу депар­та­ментіне азамат Имамниязовтың шағымына сәйкес материал келіп түсті. Бұл факт департаменттің ақ­паратты есепке алу кітабында тір­келді. «Халықаралық консалтинг бюросы» ЖШС қызметкерлерінің іс-әрекетінде мемлекетке шығын келтірмейтін алаяқтық нышандары байқалады. Ал мұндай қылмыстық құқықбұзушылықтарды тергеуді ішкі істер органдары жүргізеді. Тиісінше, материал заңды шешім қабылдауы үшін Алматының По­лиция департаментіне бағыт­тал­ды», – деді комитет төрағасы. Жалпы, QNet – қызметін Гон­конгта бастаған, тікелей сауданы және көпдеңгейлі мар­кетингті қолданатын халықаралық ком­па­ния. Ол жеке гигиена заттарын, үй керек-жарағын, биологиялық бел­сен­ді қоспаларды, оқыту курс­тарын, туристік жолдамаларды, сағаттарды, тіпті нумизматтық және мерей­тойлық монеталарға дейін сатады. Айта кету керек, Qnet Қа­зақстанда 10 жылдан бері жұмыс істеуде. Қазақстанда осы желілік ком­пания өкілдеріне қатысты 29 қыл­мыстық іс тергелуде. Оның көбі – 20-сы Алматы облысының үле­сінде. – Бұларда бастапқы жарна со­масы 30 доллар болған. Жалпы қарасы 220 адам зардап шеккен болып танылды. Оларға 160 мил­­­лион теңге материалдық шығын кел­­тірілгені анықталды. Құқық қорғау органдары тергеу іс-ша­р­ларын жал­ғастыруда. Qnet-тің Ма­лай­зиядағы бас кеңсесіне ха­лық­аралық тергеудің тапсырма-хаты бағыт­тал­ды, – деді ІІМ Тергеу де­пар­та­ментінің бастығы Санжар Әділов. Аталған компания Иранда қар­жы пирамидасын құрғаны үшін айып­талып, бүкіл филиалы жа­былып тынды, ал мүшелері тұт­қынға алынды. Сондай-ақ оның қызметі Канадада, Әзербайжанда тоқтатылған. Дегенмен бірер күн бұрын, 18  қыркүйекте онлайн баспасөз кон­ференциясын өткізген Qnet өкіл­дері компанияға қатысты тер­геу жүргі­зілуіне таңғалғандарын жет­кіз­ді. Qnet заңгері Тим Харнидің мәлімдеуінше, тергеу биылғы жыл басында бас­талыпты. Компания өкілдері «құқық қорғау органда­рына жан-жақты жәрдем көрсе­туде». Т.Харни жеке­леген азаматтар мен компания өкіл­дері арасында түсінбестік болуы мүмкін деп тұс­палдады. Әзірше ком­па­нияға еш­қандай айып тағылмапты. Со­ны­мен қатар ешбір жаза-санк­ция қолданылмаған. Яғни, жұмы­сын жал­ғастыруда. Әйтсе де, ғаламтор адамдардың жанайқайына толып тұр: «Qnet халықты алдауға, табысты адам­мын, жұмыс істемей-ақ дивидендке байып жүрмін деп жалған сөйлеуге үйретеді, жұмыс істемеуге шақы­рады. Адам бүкіл уақытын жаңа құрбандарды іздеп, әкелуге арнауы керек. Олар қажетсіз тауарларды 100 есе қымбатқа сатады», «Қор­­қынышты компания, тоқтау­сыз семинар, тренингтер өткізіп, адам­ның есін жадылайды, арбайды. Адамдар ақшасынан ғана емес, отбасынан, достарынан, жұмы­сы­нан, оқуынан айырылады». «Адам­дар балл жинау үшін қарызға ба­тады, кредит алады, бар мал-мүлкін кепілге салады. Өйткені жаңа құр­­­­­банды тарту үшін сал­танатты-респектабелді көріну керек, мей­рамханада кездесу үшін қара­жат қажет. Ақыр соңында бас­­тапқыда енгізген 2 мың долла­рын да қайтара алмайды» деп тә­жірибесін бөліседі Ресей мен Қа­зақ­стан тұрғындары.  

Арзан тауарына қызыққан

Қазақстанда алдап-арбаудың басқа да сұр, көлеңкелі схемалары жетерлік. Мысалы, WhatsApp, Telegram мессенджерлерінде арнайы курсты сатып алып, ақша енгізуге, сөйтіп Қытайдан «су-тегін тауар­ларды үздіксіз алып отыруға» үгіт­тейтін топтар бар. «Мен 2019 жылдың қазан-қара­шасында Қарақат Қуатханның Қытаймен арадағы «Делдалсыз сауда» курсына 20 000 теңге төле­дім. Курсқа тіркелген 80 адамды WhatsApp-тағы «19-поток» деген чатқа біріктірді. Осы 80 адамның әрқайсысы 20 мың тең­геден Құ­ралбек Нұржауовтың картасына аударды. Бізбен еш­қандай келі­сімшарт жасамады, төлеміме фис­калды чек бермеді. Ізінше 22 лекті «оқытып» жатты. Әр лекте 80 адам­нан кем емес. Бізге міндетті түрде курстан өту керегін, сонда ғана Қытайдан тауар жеткізіп беріп отыратынын айтты. Арзан тауар алу үшін 2019 жылдың соңын­да Заңғар Жігердің картасына 208 мың теңге аудар­дым», – дейді Ләзиза Серікбаева. Ақша жинау мұнымен тоқта­мапты. Теңгені юаньға аударғанда ұстайтын банк комиссиясы деп, тауар құ­нының 2,2%-ы көлемінде, одан кеден салығы деп 4,8% мөл­­шерінде қосымша қаржы алған. Былтырғы 5 желтоқсанда Алматыға тапсырыс берген тауары ақыры жетеді. «Тауарымның әр келісіне 1 100 тең­геден есептеп, 19 360 тең­гені тағы аудартқызды. Алайда оның арасында 50 мың теңгенің тауары жетіспейтінін білдім. Оның мәнісін сұратқанымда, дұрыс жауап қатпай қаш­қақтап, қоңы­рауыма жауап беруді қойды. Бізден ақшаны алып алған соң байланысқа шығуды күрт доғарды. «19-поток» чатын жауып тас­тады. Қуып жүріп, тек 41,8 мың тең­гемді қай­­­тара алдым. Ал 20 мың төлеп кірген чаттан бізді шығарып тас­тады. Мен бұл тізбекке кіруге мәж­бүр болдым. Себебі арзан тауар сататын Қы­­тайдың 1 688, Taobao сайттарына өз бетіңше тір­келе ал­майсың. Бұ­лардың қазақ­стан­дық­тарға қол­­жетімсіз Қытай­дың ішкі сайт­та­рынан тауарды қа­лай алып отыр­ғаны, оны ке­ден­­­нен қалай өт­кізіп жүргені бел­гісіз», – дейді Л.Серік­баева. Қалай болғанда да, дағдарыстың қайта айналып соғуы, теңгенің тоқ­таусыз құнсыздануы, халық тұр­мы­сының төмендеуі, тауарлар­дың тоқтаусыз қымбаттауы қазақ­­стан­дықтарды қаржы пирами­­да­­­­лары­ның және басқа да көлеңкелі схе­малардың батпағына итермелей беретінге ұқ­сайды.  

Елдос СЕНБАЙ