Еліміздің солтүстік аймағында үй құстары «тұмауға» шалдықты. Адамды жалмаған коронавирусты қойып, енді құс тұмауын талқыға салатын болдық. Әңгімеге арқау болар жөні де жоқ емес. Сонау тамыздың басында Омбыдан тұмау шыққанда Ауыл шаруашылығы министрлігі неге шара қабылдамады? Дер кезінде амал қылмағанның салдарынан жүздеген мың құс қырылып, мемлекет бюджетінен қосымша шығын шығатын болды.
Осы жағдайға байланысты бүгінгі ахуалды сөз етпекке Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева, Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қызғалдақ Жұбатқанова, Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев, Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті, ұлттық биотехнология орталығының бас директоры Ерлан Раманқұлов брифингте бас қосты.
Сөз кезегі бірінші Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаеваға берілді. Оның айтуынша, 4 тамызда Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті Ресеймен шекаралас аудандардан құс еті мен өнімдерін әкелуге тыйым салынған. Сонымен бірге Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аурудың қалай пайда болғанын айтты. «Құстардың қырылуы жабайы құстармен байланысты. Қазіргі таңда жабайы құстар солтүстіктен оңтүстікке ұшып бара жатыр. Бұл құстар су қоймаларында болған. Оны үй құстары пайдаланып, ауру жұқтырған. Зертханалық жұмыстар жүргізілген соң «құс тұмауы» деген нақты диагноз қойылды. Тиісті шаралар жүргізілді», – деді ол. Бүгінде республикалық қордан 1,7 миллион құсқа салуға мүмкіндік беретін 1,4 миллион доза көлемінде вакцина бөлінген. Одан бөлек, 1 миллион вакцина күні ертең тағы жеткізіледі. Ол 3,5 миллион құсқа екпе жасауға мүмкіндік береді екен.Министрлік өкілдері алдын ала шарасы ретінде өнімдерді Ресейге кіргізуге тыйым салынғанын айтты. Алайда Kazakh-zerno.net сайтында жарық көрген мақалада Батыр Алекперов құс тұмауының елге еніп кетуіне министрлікті кінәлайды. «Құс тұмауы Ресейден келген. Бұл жерде әкімдіктің дәрмені жетпейді. Министрлік қауіп-қатер жайлы алдын ала ескертуі тиіс. Мысалы, Қытайда, Еуропаның әлдебір жерінде құс тұмауы ошағы пайда бола қалса, дереу карантин енгізіп, елге инфекцияны кіргізбеудің амалын жасайды. Ал енді бізде құс тұмауының салдарынан жүздеген мың құс қырылып қалды. Негізі, тамыздың басында Омбы облысында шыға бастады. Ол бізге келетіні белгілі еді. Неге сол кезде дабыл қақпады? Вакцина егіп, карантин енгізуі қажет болатын. Дер кезінде қимылдамаған соң мемлекеттік бюджетке де салмақ түседі, өтемақы төлеу керек. Өкініштісі, бұған ешкім жауап бермейді. Мемлекеттің ақшасын ешкім санамайды. Бизнесті де қорғайтын жан жоқ», – дейді автор.
Солтүстік Қазақстандағы құс тұмауының өршу жағдайына байланысты бір-бірімен қатынаста болған 400 адам анықталған. Олардың бәрі де – құс фабрикасында еңбек ететін қызметкерлер.
«Барлығына медициналық бақылау енгізілді. Олардың жағдайы жақсы. Сонымен бірге құс тұмауының тіркелуіне байланысты Қазақстан аумағында құс еті мен өніміне, сауда орындарында бақылау күшейтілді. Ветеринарлық анықтамалар мен құжаттардың бәрі тексеріліп жатыр», – дейді Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев.Ветеринария ғылымдарының докторы, вирустар экологиясы лабораториясының меңгерушісі Айдын Қыдырмановтың айтуынша, үй құстарының жаппай қырылатын себебі құс тұмауының негізгі иесі болмағандықтан. «Жалпы, тұмау вирустары үнемі генетикаға ұшырап тұрады. Сол үшін жыл сайын өзгеріп, әртүрлі құсқа, адамға жұғады. Ал енді бүгінде талқыланып жатқан құс тұмауы – аты айтып тұрғандай, құстардың ауруы. Мұның вирусы адамға бейімделмеген. Тек жоғарғы дозада жұқтырып, құспен тығыз байланыста болса ғана ауру өтуі мүмкін. Одан кейін адамның иммунитеті төмен болғанда да жұғуы ықтимал. Бірақ Қазақстанда осы күнге дейін құс тұмауымен адамның ауырғаны туралы дерек тіркелген жоқ. Үй құстарына тұмау жабайы құстардан жұғады. Яғни, табиғаттағы иесі үй құстары болмағандықтан, оларға төтенше әсер етеді. Ал жабайы құстар жеңіл түрде өткереді. Қазір тарап жатқан тұмау ошағы Ресей деп белгіленді. Бірақ негізі тұмау Арктика, Сібір сынды суық жақтардан бас көтереді. Әрі көктемде емес, күзде пайда болады. Бізде Солтүстік және Орталық Қазақстанда таралады. Осы кезге дейін Оңтүстік Қазақстанда не Жамбыл облысында шықты дегенді естімедік. Міне, байқасаңыз, көші-қон жолдарындағы, өзен-көл маңындағы құстармен жиі байланысатын жерлерде шығады», – дейді Айдын Исағалиұлы.
Қазіргі таңда Қазақстанның бес облысының 26 ауданында құс тұмауы тіркелген. Оның ішінде 47 елді мекеннің құстарына қауіп төндірген. Соңғы деректер бойынша, ел бойынша 12 926 құстың қырылғаны белгілі болып отыр. Солтүстік Қазақстандағы құс фабрикасында 41 мың құс өлген. Енді сол құс тұмауының кесірінен жапа шеккендерге нарық бағасына сәйкес өтемақы төленеді. Облыс әкімдіктерінде арнайы комиссия құрылып, жұмыс істеп жатыр. Олар орта бағаны есептеп шығарады. Соның нәтижесінде қожайындарына өтемақы беріледі. Барлық тиісті құжат тапсырылса, үш күннің ішінде банк картасына түсуі тиіс. Осы мақсатта 390 миллион теңге бөлінеді деп жоспарланып отыр.
19 қыркүйекте Солтүстік Қазақстан облысының 7 ауданы, атап айтсақ, Тимирязев, Мүсірепов, Шал ақын, Тайынша, М.Жұмабаев, Жамбыл және Қызылжар аудандары карантинге жабылды. Енді карантин аясында ауру құс пен өлігін өртеп жатыр. Сонымен бірге карантин аймағынан тірі құсты шығаруға тыйым салынды. Одан бөлек, инкубациялық жұмыртқа, жүні, қауырсыны, еті мен құс өнімдерінің өзге де түрлерін тасымалдауға болмайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы құс тұмауынан қорғану үшін мынадай ұсыныстар айтады.
Балалардың жабайы не үйдегі ауру құспен ойнамауын қадағалау керек.
Ауыратын не өлген құсты қолмен ұстауға, жеуге болмайды.
Өлі құсты көре қалсаңыз, оған басқа адамдарды жақындатпаңыз. Мүмкіндігінше өртеп жіберген жөн. Сонымен қатар аудандық ветеринарлық стансаға хабарлау қажет. Соңынан қолыңызды мұқият сабындап, киім ауыстырыңыз.
Шикі не толық піспеген құс еті мен жұмыртқасын жемеңіз.
Құс еті мен жұмыртқасын тоңазытқышта, басқа азық-түліктен бөлек ұстаңыз.
Үй құсының ауырғанын байқаған бойда ветеринар дәрігерге хабарласыңыз.
Құсты ұстағаннан кейін тұмауға ұқсас белгі пайда болса, дереу дәрігерге баруыңыз керек.