– Тіршілік көзін елді мекенге тарту бағытында да тындырымды тірлік көп. Мәселен, Жамбыл ауылдық округіндегі 5 елді мекенге ауызсу жүйесін тарту жұмыстары аяқталса, 6 ауылға ауызсу құбыры жүргізілуде. Мұндағы құрылыс толықтай аяқталғанда халықтың 71,4 пайызы орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылады. Қалған елді мекендерді де таза ауызсумен қамту жұмыстары көп күттірмей шешімін табады. Газдандыруға келсек, бұған дейін 25 ауылға көгілдір отын жетіп қойған болса, биыл 13 ауылға газ құбыры жүргізілуде. Әлеуметтің әлеуетін арттыру үшін көрсетіліп жатқан көмек те аз емес. Есепті кезеңде ауданда мемлекеттік сақтандыру қорынан жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтыған 37 816 адамға 42 500 теңгеден төленді. Одан бөлек, 7 071 азаматқа 15 мың теңгеден үлестірілді. Осылайша, 212,1 миллион теңгеге тұрғындардың коммуналдық төлемі төленді. Сондай-ақ жыл басынан бері 3 847 адам жұмыспен қамтылып, әлемдік пандемияға қарамастан қара халық екі қолға бір күрек тауып жатыр, – дейді Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаев.Коронавирус індеті кезіндегі қиындықтың бірі – жаңа оқу жылымен тұспа-тұс келгені белгілі. Десе де, аудан қашықтықтан оқудан қашпады. Жаңа оқу жылы қарсаңында ауданда 16 701 оқушыны қамтыған 38 мектеп жұмысын бастаса, оқу-тәрбие процесі екі түрлі форматта өрбуде. Біріншісі шалғай ауылдардағы оқушы саны 250 баладан аспайтын 16 мектепте 1 295 оқушы дәстүрлі түрде білім алса, 22 мектептегі 15 406 білімгер қашықтықтан оқыту технологиясы бойынша оқытылуда. Олардың барлығы смартфонмен қамтылған. 15 406 оқушының ішіндегі 10 975 баланы тәрбиелеп отырған 3 729 отбасында жеке компьютер болмауына байланысты ең әуелі мектеп балансындағы 2 053 компьютер таратылып берілген. Бұл оқушылардың 68,7 пайызын компьютермен қамтуға мүмкіндік туғызған. Енді қалған балаларды қажетті қондырғымен қамтамасыз ету үшін 1 676 отбасына республикалық бюджеттен 1 649, ал облыстық кәсіподақ комитеті есебінен 27 компьютер берілуде. Бұдан бөлек, 1-4-сынып оқушыларының ата-аналарының өтініштері бойынша кезекші сыныптар ашылған. Кезекші сыныптарда барлық санитарлық талапты сақтай отырып, оқушылар 2-3 ауысыммен оқуда. Әр сыныптағы бала саны 15-тен аспайды. Сондай-ақ сабақ арасындағы үзілісте білімгерлердің бір-бірімен кездеспеуі де жіті қадағалануда. Мұғалімдердің қашықтықтан оқытуды сапалы ұйымдастыру мен IТ құзыреттіліктерін арттыру мәселесі де бақылауға алынған. Атап айтсақ, 1172 мұғалім Microsoft бағдарламасы бойынша шыңдалса, 742 мұғалім «Өрлеу» біліктілікті арттыру институтының ұйымдастырған вебинарларына қатысқан. Ал педагогикалық шеберлік орталығының онлайн курсынан ауданның 1 650 мұғалімі өткен. Қазір аудан коронавирус індетінің болжамды екінші толқынына қызу дайындық үстінде. Қосымша 53 жатын орын мен дәрі-дәрмек қоры дайындалып, 83 медицина қызметкері дәрігерлер санын толықтыруда. Сонымен қатар 3 ауа беру концентранты резервте тұр. Басты мақсат – тұрғындардың өмірін сақтап қалу. Сондықтан жергілікті билік бұл бағыттағы жұмыстарға жан салуда. Міне, осылайша аймақпен аттас аудан тындырымды тірлігімен көпке үлгі болуда. Жыл соңына дейін Жамбыл ауданы тағы да жағымды жаңалықтарымен қуантады деп сенеміз.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы