Президентке бүкіләлемдік пандемияға қарамастан ұлы Абайдың 175 жылдығы, Әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Алтын орданың (Ұлық Ұлыс) 750 жылдығы және ТМД елдерінің биылғы мәдени астанасы Шымкент қаласының 2200 жылдығына арналған іс-шаралардың мазмұнды түрде жүзеге асуы туралы ақпарат берілді.
Кездесуде Мемлекет басшысы келесі жылы өтетін Тәуелсіздіктің 30 жылдығына дайындық мәселесіне ерекше көңіл бөлу қажет екенін атап өтті.
Сонымен қатар Мемлекеттік хатшы қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру және мемлекеттік тілдің функционалдық мәртебесін көтеру жөніндегі ұсыныс-пікірлерді баяндады.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын ұлтты жаңғырту бағдарламасы ретінде жалғастыру қажеттігі атап өтілді.
Президент Мемлекеттік хатшыға 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған әлеуметтік мәселелерді шешуде орталық және жергілікті атқарушы органдардың жұмысын үйлестіруді бақылауда ұстауды тапсырды.
Сондай-ақ бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбекті қабылдады.