Үкімет басшысы оңтүстік өңірді аралады
Үкімет басшысы оңтүстік өңірді аралады
154
оқылды

Премьер-министр Асқар Мамин оңтүстік өңірге іссапармен келіп, бірқатар нысандарды аралады.

Атап айтқанда, Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістан облысын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Түркістанда бой көтеріп жатқан жаңа әкімшілік-іскерлік орталықтың және басқада нысандардың құрылысын аралап көрді.

Үкімет басшысы алдымен Шымкент қаласында болып, күн санап қарқынды дамып жатқан қаланың тыныс-тіршілігімен және жоспарлы түрде атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Одан соң Асқар Ұзақбайұлы ат басын Түркістанға бұрып, түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы атанған қаланы жаңғыртудың 1-кезеңі аясында атқарылып жатқан жұмыстар барысын тексерді. Атап айтқанда, жаңадан бой көтеріп жатқан әкімшілік-іскерлік орталыққа барды. Құрылыс жұмыстары қайнап жатқан ол жерде 500 адам 3 ауысымда тынымсыз еңбек етуде екен. Жалпы орталықтың аумағы 7 жарым гектарды құрайды. Ол жерде сондай-ақ, департаменттер мен басқармалар орналасатын ғиамараттар салынып жатыр.

Мұнан басқа сол аумақтағы «Нұр-Сұлтан» алаңы, Медиа орталықтардың жұмысын көрді.

Айталық, құрылыс жұмыстары өте жақын күндері аяқталып, ел игілігіне берлілгелі тұрған бұл – медиа орталықтың жалпы аумағы 3800 шаршы метр. Мұнда облыстың 3 газеті, «Түркістан» телеарнасы, Өңірлік коммуникациялар орталығы, республикалық БАҚ өкілдері жайғасатын болады. Түркістандыққа мұндай тамаша ғимаратты сыйға тартушы Алматы қаласы. Яғни, тапсырыс беруші – Алматы қаласы. Сондықтан пайдалануға берілетін жаңа медиа орталықтың атауы «Алатау».

Премьер-министр одан кейін 7 мың адамдық спорт кешіні, Халыққа қызмет көрсету орталығы, музыка мектебі, аттракциондары бар қалалық саябақ, неке сарайы, визит-орталық, Шығыс моншасы, амфитеатр мен Арбаттың құрылысын тексерді.

А. Мамин Түркістан облысының әкімі Ө. Шөкеевпен және Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М. Мырзағалиевпен бірге Н. Оңдасынов атындағы аллеяға ағаш отырғызып, көшет отырғызу бойынша республикалық акцияны бастады.