Індеттің күшейіп оралғанын ұжымдық Еуропа мәлімдеді. Соған қарамастан, дамыған елдер де, дамушы ірі елдер де қатаң карантинді қайта енгізуден бас тартып отыр. Мысалы, Еуроодақ алдағы қыста локдаун жарияланбайтынын хабарлады. Өйткені жаппай шектеу қоғамға, экономикаға тым қымбатқа түсті, салдары ауыр болды. Мәскеу де карантин шараларын қатайтуды қарастырып отырған жоқ. Мұның мәнісін Кремль былай түсіндірді: «Себебі Ресей денсаулық сақтау жүйесін пандемиямен күрестің қажеттіліктерін өтеуге жұмылдыра алды. Бұл өз нәтижесін берді. Бүгінде медицина саласы толық мобилизацияланған. Соның арқасында инфекцияланғандар қатарының өсуіне лайықты жауап беруге жүйе дайын. Тиісінше, карантинді қатайтуға негіз жоқ», – деді.Ал Қазақстанда медицина саласы пандемияның жаңа кезеңіне сақадай-сай ма? Жұдырықтай жұмылған ба? Медицина қызметкерлерінің уәде еткен төлемақыны Үкіметтің төлемегеніне наразы болып, тұнжырап жүргеніне қарағанда олай деп айту қиын.
Дамыған елдің үлгісі
Салыстыру үшін айта кетелік, АҚШ-та және Еуропада дәрігерлерге COVID-19 індетімен күрескені үшін мемлекет үстемеақы не өтемақы төлемейді: сақтандыру жүйесі медицина мамандарының барлық шығынын өтейді. Мысалы, Құрама Штаттарда рентген, КТ жүргізіп, алғашқы диагноз қоятын дәрігердің жылдық жалақысы 2020 жылы 500 мың доллардан асты. Биылғы қыркүйек айының ортасында Американың медициналық топтар қауымдастығы (AMGA) кең ауқымды сауалнама жүргізе келе, рентгенологтер табысы артқанын анықтады: жарты миллион доллардан асқан. Жүктемесі жоғары шағын клиникаларда табыс одан да жоғары ($589 мың). 2018 жылы аталған мамандардың жылдық орташа жалақысы 482 мың доллар ғана болған. Осылайша, рентгенология – пластикалық хирургия мен ортопедиядан кейінгі ең жоғары жалақылы мамандық атанды. Өз кезегінде Medscape 20 мың дәрігер арасында сұрау сала келе, рентгенологтердің 49%-ының жинағы 2 миллион доллардан асатынын білді. Қалған дәрігерлердің 44%-ы жинағы $1-5 млн аралығында екенін жеткізген. Барлық дәрігерлердің 55%-ының (соның ішінде шұғыл медициналық жәрдем дәрігерлерінің 74%-ының) өз жалақысына көңілі толады. Рас, алда тағы 11-25%-ға көбейгенін қалайды. Бізде болса, коронавирус сырқатымен алғаш болып жолығатын КТ, рентген түсіруші мамандар байлығымен мақтана алмайтыны жасырын емес. Қазақстанда медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылғанына қарамастан, ол өзін жарылқағаннан басқа, не науқасқа, не ақ халатты абзал жанға елеулі игілік ұсына алмай келеді. Ресейде медицина қызметкері COVID-19 кеселіне душар болса, мемлекет 68,8 мың рубль (385 280 теңге) төлейді. Егер дерті ушығып, мүгедектікке соқтырса 0,7-ден 2 миллион рубльге (11,2 млн теңгеге) дейін сақтандыру кепілдігі беріледі. Аурудан өлсе, оның отбасына 2,7 млн рубль (15 млн 120 мың теңгедей) көмек аударылады. Солтүстік көршінің дәрігерлері төлемді төрт күн ішінде алады.Індет пен шенеунік шаршатты
Қазақстанда шенділер дәрігерді әбден сергелдеңге салады. «Жұмысыңның барысында жұқтырған жоқсың», «отбасы мүшелеріңнің бірінен жұқтырдың», «қай жерде жұқтырғаның белгісіз» деп, әйтеуір өтемақы төлемеу үшін түрлі сылтау табады. Атап өтер жайт, Премьер-Министр Асқар Маминнің өзі жетекшілік ететін Президент жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемкомиссия пандемиямен күресуге тартылған медицина қызметкерлеріне төленетін үстемеақы және өтемақы көлемін 2020 жылғы 30 наурызда бекіткен болатын. «Медициналық қызметкер коронавирус инфекциясымен ауырған жағдайда МӘСҚ-тан бөлінетін бірреттік әлеуметтік төлем көлемі 2 млн теңгені, көз жұмған жағдайда 10 млн теңгені құрайды» делінген мемкомиссия шешімінде. 22 шілдеде оған өзгеріс енгізіліп, бұл қатарға вирусты пневмониямен ауырған немесе мерт болған медицина қызметкерлері де қосылды.Байқап тұрсаңыз, «егер жұмыс бабында КВИ жұқтырса ғана төленеді» деген шарт жоқ. Оны кейін ДСМ ойлап тапты. Ведомствоның бұл әрекеті індетке ұшыраған медицина мамандарының ашу-ызасын тудырды. «КВИ – жыланның шағып алуы емес, оның жұмыс орнында, әлде автобуста жұққанын адам сезбейді» деп дәйектеді ақ халаттылар.Ақыры, 4 қыркүйекте «Nur Otan» өзінің Партиялық бақылау комитетінің отырысында Үкіметтен Денсаулық сақтау және Еңбек вице-министрлеріне шара қолдануды талап етіп, олардың қарау тірлігін қатаң сынға алғаннан кейін ғана іс ілгерілей бастады. Ресми мәліметке сәйкес, қыркүйек айының басындағы жағдай бойынша Қазақстанда жалпы саны 11 293 медицина қызметкері COVID-19 дертіне шалдықты. Оның 186-сы коронавирус инфекциясынан қайтыс болды. Партиялық бақылау комитеті жиынында дүние салған 9 медперсоналдың отбасына және 1 093 сырқат дәрігер мен мейірбикеге ғана өтемақы берілгені жария етілген. Одан бері не өзгерді? Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, бүгінде 1 727 медицина қызметкері COVID-19 инфекциясын және пневмонияны жұқтыруына байланысты МӘСҚ-тан төлем алды. Сондай-ақ қор осы ауру кесірінен өмірден өткен 24 медицина қызметкерінің туыстарына ғана төлем аударды. Мұндай шабандықтың төркіні неде? Біржан Нұрымбетов басқаратын ведомствоның түсіндіруінше, төлем төлеу үшін өңірлердің және үш мегаполистің денсаулық сақтау басқармасы жанындағы арнайы комиссиялар алдымен ауырған медицина қызметкеріне қатысты тексеру жүргізеді, соның нәтижесінде беру-бермеу жөнінде шешім қабылдайды. Сырқат мамандардан немесе дүние салған дәрігерлердің туыстарынан өтемақыға өтінішті Денсаулық сақтау министрлігі жинайды. Одан кейін өтінімдер негізінде электронды іс макеттері қалыптастырылады екен. Ол үшін барлық өтінім «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына жолданады. Мемкорпорация әрі қарай төлем тағайындау үшін МӘСҚ-қа жібереді. Бюрократиядан бас айналады.
Дәрігер неге қамығады?
Павлодар тұрғыны Артём Жучков анасынан айырылып қалды: Галина Иосифовна 40 жыл бойы дәрігер (акушер-гинеколог) болды. Төтенше жағдай және карантин кезінде пандемиямен күресті, Павлодардағы хоспис ғимаратында құрылған провизорлық стационарда жұмыс істеді, ақыры індеттен опат болды: «вирусты пневмония» деген диагноз қойылған.«Анам дүние салғаннан кейін облыстық денсаулық сақтау басқармасынан хабарласып, қаза тапқан медициналық қызметкерлер отбасына төлем төленетінін ескертті. Он шақты адам кіретін жеке чат құрды. Содан бері төлем жайы не болғанын білмейміз. Сұратқан барлық құжатты жинап бердік. Енді тым-тырыс қалды. Дәрігерлердің өлімі ойыншық емес қой, билік байыпты болса екен», – дейді А.Жучков.Қыршыннан қиылған Әлібек Темірғалидың жесірі Дана Серікқызы да әділдік таба алмай жүр. 25 жасар Әлібек Арманұлы Нұр-Сұлтан қаласының Сарыарқа ауданындағы №4 қалалық емханасында 2 жыл дәрігер болған. Қытайдан тараған кесел елге баса-көктей енгенде ол демалыс алмай, емханада жұртшылыққа қызмет етуін жалғастырған көрінеді.
«Салдарынан COVID-19 жұқтырып, 19 тамызда көз жұмды. Үкімет коронавирустан өлген медициналық қызметкерлердің отбасыларына бірреттік төлем түрінде материалдық көмек көрсетеді. Әлібек карантин кезінде тікелей міндетін атқарды ғой. Артында үш айлық сәбиі қалды: биылғы 20 маусымда дүниеге келді. Бірреттік төлем отбасымызға біршама көмек болар еді», – дейді оның әйелі.Дерт құрсауына іліккен көзі тірі медицина мамандарының да көңілі пәс. Арсланбек Жайылғанов – Көкшетау қаласының облыстық көпбейінді ауруханасының невропатолог дәрігері. 26 маусымда мобилизация аясында оны Ақмола облыстық тері-венерологиялық диспансер базасында жабдықталған провизорлық стационарға алып кетеді.
«Сонда 2 шілдеде КВИ жұқты. 13 шілдеге дейін емделдім. Сауығып шыққан соң өтемақыға құжаттарымды тапсырдым. Міне, қыркүйек айы түгесілуге таяу. Жауап жоқ», – дейді ол.Шымкенттік Несібелі Каленова №11 қалалық емханасында жалпы тәжірибелік дәрігер лауазымында қызмет атқарады. 26 маусымда оның КВИ-ға шалдыққанын ПЦР-тест айғақтаған.
«Ауруды науқастың үйіне барып емдеу барысында жұқтырдым. ДСМ мен Еңбек министрлігінің 2020 жылдың 9 сәуіріндегі бірлескен бұйрығына сәйкес, медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету мекемелерінің қызметкерлері науқасты емдеу барысында коронавирус инфекциясын жұқтырса 2 млн теңге көлемінде әлеуметтік төлем алуға құқылы. Алайда мен жұмыс істейтін №11 емхана аталған санаттағы мекемеге жатпайтынын алға тартып, комиссия мүшелері құжаттарымызды қарамай қойған. Төлемеу үшін көрінген сылтау табады» деп реніш білдіреді дәрігер.Елорданың №1 көпбейінді қалалық ауруханасының анестезиология, жансақтау және интенсивті терапия бөлімі қызметкерлерінің де айтатын арызы жетерлік. Аурухана 18 тамызға дейін КВИ-мен күресетін инфекциялық аурухана ретінде жұмыс істеді.
«Бірнеше ай бойы біздің дәрігерлер, мейірбикелер мен санитарлар өте жоғары қаупі бар топта еңбек етті. Сырқаттарды емдеу барысында көптеген қызметкер COVID-19 немесе вирусты пневмония жұқтырды. Соған қарамастан біразымыз өзгелерге төсек-орны жетуі үшін ауруханаға жатпадық, үйде емделдік. Нәтижесінде, комиссия бірреттік өтемақыны тек стационарда жатқан қызметкерлерге ғана төледі. Ол кезде ауруханада науқастарға орын тапшы еді. Егер бар орынды науқас медперсонал толтырып қойса не болады? Сондықтан қызметкерлердің көбі амбулаторлық негізде үйінде емделді, дәрігер жетіспегендіктен ауырып жүріп жұмыс істеді. Коронавируспен не вирусты пневмониямен ауырғанымызды растайтын бүкіл құжат, ПЦР-тест нәтижелері, КТ түсірілімдері қолымызда бар. Кінәміз – халықтың қамын ойлағанымыз ба?!», – дейді аурухана қызметкері Әлішер Қабдығани.P.S. Медицина мамандарын үйде-ауруханада емделгендер, жұмыста-сыртта жұқтырғандар деп жік-жікке бөлу арқылы ДСМ біріншіден, дәрігерлерді бірнеше «сортқа» бөліп тастап, ар-намысын таптап отыр. Екіншіден, біреуіне үстемеақы не өтемақы төлеп, басқасын шөміштен қағып, медиктер қауымдастығы арасына от тастады, қызғаныш тудырды, бір-біріне қарсы қойды. Үшіншіден, ақ халаттыларды ашындырып, рухын түсіруі кесірінен мемлекетіміз пандемияның келесі кезеңіне әлсіреп кіруі мүмкін. Онсыз да денсаулық сақтау жүйесі білікті кадрға зәру. Ал әділет таппаған, алданған, абыройдан айырылған медицина мамандары Ресейге, ағылшын тілін білетіндері – Еуропа мен АҚШ-қа кетуде. Осыдан кейін Денсаулық сақтау министрлігінің «барлық құрмет-қошеметіміз – дәрігерлерге!» деп миллиондар шығындап, бейнероликтер түсіруі мазаққа көбірек ұқсайды.
Айхан ШӘРІП