Елімізде адам саудасының құрбаны болғандардың басым бөлігі – 18-25 жас аралығындағы қыз-жігіттер. Не болмаса 30 жастан асқан азаматтар. Бізде негізі адамды қара жұмысқа салу "жақсы дамыған". 1 139 адам осының құрбаны болды. Ал жыныстық зорлық-зомбылықтың құрбаны 708 адам екен. Бұл дерек – 2004 жылдан 2019 жылға дейін санақ.
Оның үстіне, жезөкшелікпен айналысатындардың басым бөлігі – иммигранттар. Ал олардың көбі карантин кезінде шекарадан өте алмай, еліне оралмай қалды. Құрылыс жұмыстарының басылғаны болмаса, тоқтамады. Соған орай, ешқандай тексеріс те жоқ.
Бұрын баланы суретке түсіру үшін арнайы фотосалонға апаратын, кейін фотоаппарат болғанымен екінші біреу түсірмесе, өзін-өзі түсіре алмайтын. Қазір бәрі қолжетімді. Жасөспірімдер өз ортасында өзін-өзі суретке түсірмей тұрмайды.
Суретке түсу – мәдениетіміздің бір бөлігіне айналып, қанымызға сіңіп кеткен. Балалар өзін-өзі суретке еркін түсіре береді және үлкендерге еліктеп суретке әдемі түскісі келетіні тағы бар. Қызық үшін арасында иығын ашып, кеудесін жалаңаштап түсіп те жатады. Ол сурет біреуге жіберілмесе де, әлеуметтік желіге салынуы мүмкін. Ал оны кез келген адам көре алады. Сол көрген адамның фотоны қандай мақсатта пайдаланатыны белгісіз.
Одан алтынға көміліп, сәнді киімге малынып, соңғы үлгідегі көлікпен ауылына барады. Мұны көрген ауылдың жас қыздары қайран қалып, оған жақындай түседі. Біріне шындықты айтса, бірін алдап түсіреді. Сөйтіп, қыздар жезөкшеліктің жетегінде кете барады. Осыған ұқсас жағдай осыдан 2 жыл бұрын Шымкентте болған. Өз ауылының қыздарын «жұмысқа тұрғызамын, ақшаны күреп табасың» деп алдап әкелген. Бірін дүкенге жұмысқа тұрғызып, артынан кафеге ауысса, жұмыссыз қалғаны еріксіз осы жолға түседі. Сондай бір кездесуін видеоға түсіріп бопсалауы тағы бар. Үй ішінің алдында абыройы төгілмес үшін көндігеді. Полицияның құрығына түскен кезінде ол ауылдан үш қызды қалаға әкеліп, ұрып-соғып, жыныстық қарым-қатынасқа мәжбүрлеген.
Ал бізде сұраныс беретін өзіміздің ақшалы азаматтар мен азаматшалар. Оның 85 пайызы – ер-азамат, қалған 15 пайызы – әйел. Үй қызметшілеріне де сұраныс өзгерген. Олар бұрынғыдай өзбек, қырғызды емес, Африка, Малайзиядан келген түрлі шетелдік азаматтарды жалдайды. Біріншіден, балаларына ағылшын тілін үйретуге десе, екіншіден, шетелдік қызметші ұстағанды дәреже көреді.
Егер жұмысқа шықпай қалса – айыппұл, қанағаттандырмаса – айыппұл, сөзге келіп, қарсылық танытса – айыппұл. Күннен-күнге айыппұлы өсіп, қарызға көміліп қалады. Қарыздың басы – ауылдан келгендегі жолпұлы мен баспанасы. Кетемін дегеніне ешқандай қарсылық білдірмейді. «Сені ешкім ұстап отырған жоқ. Қарызыңды төле де, жүре бер», – дейді. Бірақ оны қарыздан босатпайды. Бірін жапса, екіншісін мойнына іледі. Сөйтіп, құлдықта жүре береді.
Балалар үйінің жетекшісі кәмелеттік жасқа толған қызды бір шаруаның үйіне жұмысқа орналастырады. Бұл оның бірінші жағдайы емес. Ол біраз баланы солай құртқан секілді. Шаруашылық иесі күні бойы жұмысқа салып, түнде қорада түнеткен. Арасында қызды сол жерде жұмыс істейтін еркектердің астына салған. Олардан көтеріп қалған баланы ол ай-күніне жеткізіп, туып отырған. Артынан шаруа қожалығының иесі баланы өзіне алып, анасына жолатпаған. Бірақ өзінің баласы болмаса да, туғанындай баққан. Кенже баласын 3-4 айында тартып алған. Ол осы уақыт бойы баласын құшағына алып, емірене иіскеп те көрмеген. Сол жерде құлдықта жүрген ер-азаматтар да болды, оған көмектесуге ешкімнің батылы жетпеді. Онда әркім өз жанын бақты. Сондай келіншек 15 жылдай құлдықта болып, 3 бала туған.
Қара жұмысқа жегіліп, құлдық қамытын кигендер азаяр емес
Ешкімнің қорғай алмайтынын түсініп, енді біреуден көмек сұрамақ түгілі, аузын ашпайтын болады. Нәтижесінде, сол жерде күнелтіп жүре береді. Мұндай заңсыздық еліміз бойынша белең алуда. Әсіресе, Қарағанды облысының Қарқаралы ауданы, Балқаш өңірі, Шу жақ, Оңтүстік Қазақстан облысында шаш-етектен.
Бізде заң әлсіз, адам құқығын қорғайтын жүйелі жүйе жоқ. Барып арызданбағанға дейін іс қозғалмайды. Өлімші етіп сабап, өлім аузында жатса ғана ойлануы мүмкін. Қылмыскер қылмысы дәлелденбегенше жауапқа тартылмайды. 100 істің 10-ы ғана сотқа жетуі мүмкін. Бірақ мұның өзі зардап шеккеннің пайдасына шешілмей жатады. Осы жағынан адам құқығы қорғалмай жатады. Мысалы, қандай да бір қылмыстық топтың бары анықталады, арадағы жеңгетайлық үшін жазаланады, бірақ оның арғы жағы не болатыны беймәлім.
– Кез келген адам құлдыққа түсуі мүмкін бе? Қалай сақтануға болады?– Құлдыққа түсуден ешкім сақтандырылмаған. Өйткені ешкім құлдыққа түсемін деп ойламайды. Тұрмыстық жағдай жақсы, толыққанды отбасынан шыққан адамның өзі құлдыққа түсуі мүмкін. Мәселен, бір жігіттің аяқасты жол бойында көлігі бұзылып қалады. Қол көтеріп көмек сұрап тұрған жерінен көлік тоқтап, басынан ұрып, есінен таңдырып, өзімен бірге алып кетеді. Әлгі жігіттің көлігін шаруашылықтың маңайына тығып тастайды. Өзін ұрып-соғып, жұмысқа салған. Ыңғайы келгенде әлгі жігіт қашып құтылған. Артынан шаруа 4 мың доллар айыппұлын төлеп құтылған.
Кейбірі Оңтүстік Корея, АҚШ, Түркияға демалуға барып, із-түссіз жоғалып жатады. Өйткені белгісіз жерде ешқандай байланыссыз, таныссыз қалған жан құлдыққа түспегенде не істейді? Бірде көшеде келе жатқан қызды көлікке салып әкетпекші болған. Құдай сақтап, қыз аман қалған. Осал тұсы – кеш қарая жалғыз қалуы. Осының өзі құлдыққа кетудің бір жолы.
Мәселен, Ақмола облысынан кәмелетке толмаған жасөспірім астанаға қарай шыққан. Өзі осында оқиды. Бірақ елордаға келісімен оны пәтерде қамап ұстап, жыныстық қатынасқа күштепті. Полиция тұтқындағанда пәтерде 13, 14, 15 жастағы жасөспірім қыздар болған. Жеңгетайлықпен айналысқан әйел сағатына 100 доллардан алып отырған. Ал олардың қымбат пәтерін сол жағалаудан жалдаған. Сонда ана қыздың үсті-басы қотырдан көрінбеді. Басындағы жара іріңдеп кеткені соншалық, шашын тақырлап алып тастадық. Міне, осындай жағдай өте көп. Біз соның алдын алуымыз керек.