Әуелі тауардан бастайық, тауардың ішіндегі ең қымбат жоспарланған сатып алу Verint Gold Support пакеті деп аталады, құны 130 млн теңгеден асады! Бұл қандай бағдарлама екенін білу бізге де қызық. Ол үшін осы бағдарламаны жасаған компанияның ресми сайтына жүгінуге болады. Ондағы ақпаратта «Verint – қауіпсіздік және кибер-барлау деректерін жинау мен талдаудың бағдарламалық жасақтамасының жетекші әлемдік жеткізушісі. Біздің интеллектуалды қауіпсіздік өнімдеріміздің портфолиосын 100-ден астам ел қолданады» деп жазылған. Қысқасы, бағдарлама жасаушы компания үкіметтерге, маңызды инфрақұрылымдарға және бизнеске террористік актілерді, қылмыстар мен киберқауіптерді бейтарапандыруға, алдын алуға көмектеседі екен. «Көрме орталығын насихаттайтын, көрме ғимараттарын жалға беретін ұлттық компанияға осындай қымбат кибер-интеллект не үшін қажет деген сұрақ туындайды», – дейді Ж.Нұрғалиев.Ал сатып алынатын жұмыстың ішіндегі ең қымбаты – 327 млн теңгенің сатып алуы. Бұл сатып алу арқылы компанияға қарасты көрме ғимаратының В1, N1.3, В2.2, В2.4 нысандарын жөндеу қажет болған. Осы тендерді өткізу туралы хабарландыру 2019 жылдың 29 қарашасында жарияланған. Қазіргі таңда (17.09.2020 күнгі жағдай бойынша) сатып алу процесінде қорытынды хаттамалар құрастырылып жатыр деген ақпаратты көз шалады. Алайда жасалған шарт, хаттама туралы ақпарат жоқ. Кім сатып алса да бұл жұмысты 292 млн теңгеге орындауды ұсынған. Жалпы, компания сатып алатын қызметтердің басым бөлігі ғимараттарды күтіп-ұстау қызметіне байланысты. Мысалы, компания биыл инженерлік желілер мен жабдықтарға кешенді қызмет көрсету қызметі үшін 954 млн теңге төлеуге дайын болған. Компания осы қызметті сатып алу үшін 2019 жылғы 7 қарашада хабарландыру жариялады, бірақ компанияның басқарма төрағасы орынбасарының 2020 жылғы 14 қарашадағы бұйрығымен хабарландыру жойылды. Одан кейін аталған қызметті сатып алу туралы екінші хабарландыру 2019 жылғы 15 қарашада жіберілгенін көреміз. Ол жерде сатып алу бір ғана әлеуетті жеткізушінің қатысуына байланысты өткізілмеді деп көрсетілген. Екі хабарландыруда да аталған қызмет үшін 851 млн 816 мың теңге төленетіні жазылған. Ал көрме нысандарында қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету қызметі үшін 749 876 400 теңге жоспарланып, 2019 жылдың 8 қарашасында жарияланған хабарландыруда 669 532 500,00 теңге ұсынылды, бірақ сатып алу жалғыз әлеуетті жеткізушінің өтінім беруіне байланысты өтпеді. Бұл сатып алуды өткізу туралы қайта хабарландыру жарияланбаған. Бұдан бөлек, ғимараттардың іші мен іргелес аумағын тазарту бойынша қызметтер (B1, N1.3, B2.2, B2.4, C1.4, C2.4, C3.5, C3.6, C4.5, C4.6, Q1 , Q2, жылжымалы құрылымдар, L, J, Z учаскелері, AIFC аллеясы, жерасты паркинг) үшін 697 млн теңге қарастырылған еді. Компания 2019 жылдың 7 қарашасында осы қызметті сатып алатыны туралы мемлекеттік сатып алу порталында 2 лот бойынша хабарландыру жариялады. Онда 2 лот үшін 1 млрд теңге төлейтінін жазған. Алайда бұл сатып алулар да өтпеді.
«Қысқа қайырғанда, былтыр біз атаған сатып алулардың ешқайсысы өтпеген, жеңімпаз анықталмаған. Егер сатып алулар өтпесе, онда «бұл қызметтерді қандай компания атқарды?» деген сұрақ туындайды. Бұл жағы белгісіз. Өйткені компания мемлекеттік сатып алу порталындағы сатып алу өтпеген күннің өзінде әлеуетті жеткізушіні бір көзден алса, ол туралы ақпаратты да аталған порталға жариялауы керек еді. Бірақ біз порталдан ондай мәліметті көрмей отырмыз», – дейді Ж.Нұрғалиев.Оның айтуынша, QazExpoCongress компаниясының сатып алуларды қайталап өткізген хабарландыруы да көзге түспейді. Ал компанияның бүгінге дейін жасаған келісімшарт тізілімінде 11 келісімшарт қана бар. Жалпы, ұлттық компаниялар ақпаратқа қол жеткізу туралы заңнамаға сәйкес, сатып алулары туралы ақпараттың барлығын ресми сайтында жариялап отыруы тиіс. Өкінішке қарай, бұл компанияның ресми сайты жұмыс істеп тұрған жоқ. Сайт ашқаныңызбен, қажет ақпаратты табу мүмкін емес. Айтқандай, жыл ортасында Сауда және интеграция министрлігі QazExpoCongress-тің 2024 жылға дейінгі даму стратегиясына компания міндетін кеңейтіп, «сауда инфрақұрылымын дамыту» саласын қосуды ұсынып еді. Аталған ұсынысқа сәйкес, ел аумағында және одан тыс жерлерде отандық тауар өткізу жүйесін ұйымдастырады. Бұл жүйеге көтерме ауыл шаруашылығы базары да кіретіні айтылған. 3 жыл бұрын болашақ энергиясын дамытуды көздеген көрме өткізу үшін құрылған компанияның қызметі әлі нақтыланбаған сияқты ма, қалай? Сатып алулардың өтпей қалуына да компания бағытының бір ізге түспеуі себеп пе екен? Қалай десек те, компания мен министрлік бұл сұрақтың жауабын береді деп сенеміз.
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ