«Білім» тарифі де үмітті ақтамады
«Білім» тарифі де үмітті ақтамады
354
оқылды
Мұны біз емес, ата-аналардан келген хат-хабар айғақтайды. Иә, бастапқыда мұғалім мен оқушыға арналған тарифтің шығатынын естіп, бәріміз қоштай кеттік. Әсіресе, әр оқушыдан тапсырманы жеке сұрап, көшірмеуін қадағалаған ұстаз қуанды, білемін. Цифрлық даму министрлігі мұндай тариф шығарын күні бұрын хабарлаған-ды. Бірақ кейбір өңірдегі интернет мәселесінің әлі шешіл­мегеніне қарап, тариф жайы ке­­шеуілдейтін болар дестік. Өйткені «интернет сапасы жақса­ратынын» хабарлағалы біраз уақыт өткен-ді. Бір шаруаның болса да басын қайырайық деді ме, «Білім» тарифін тамыз айының екінші жарты­сында іске қосты. Байланыс саласындағы мемлекеттік саясат және инфра­­құрылым департа­менті­нің директоры Гүлнәр Бөкеева тиім­ді тарифті еліміздегі барлық ұялы байланыс операторында бар екенін айтты.  

«Білім» дейтін тариф бар...

Жоғарыда атап өткен қашықтан оқуға арналған тарифтің құны  – 990 теңге. «Білім» тарифі арқылы білім беру ресурстарын емін-еркін пайда­лануға болады. Мәселен, Beeline операторында қоңырау шалу, хабар­лама жазу 18 теңге екені көрсетілген. Тариф жоспары бойынша 1 ГБ бері­леді. Ал Білім және ғылым ми­нистрлігі бекіткен білім платфор­маларына кіру тегін. Аталған опера­торда 611 сайтқа тегін кіруге болады. Ішінде kundelik.kz, daryn.online мен bilimland сияқты ресурстар бар. Activ пен Kcell операторында 673 сайтқа,  Тele2 Altel-де  соншама ресурсқа кіруге мүмкіндік берілген. Ұялы байланыс опера­торының барлығы оқу ресурстарын «Мектеп ре­сурс­тары, білім беру пор­талдары және басқа да ресурстар», «Жо­ғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім» деп жіктеп қойған. Яғни, қандай сайтты тегін қарауға мүм­кіндігіңіз бар екенін біле аласыз. Байқағаныңыздай, аталған опе­ра­торларда желі және басқа ұялы байланыс нөміріне қоңырау шалу мен хабарлама жіберудің құны – 18 теңге. Білім платформаларына тегін кіремін демесеңіз, 1 ГБ басқа қаже­тіңізді өтей алмасы анық. Сон­дықтан ата-аналар тарифке өзгеріс енгізіп, ұялы байланыс опе­ра­торларының басқа тарифтеріне ұқсас WhatsApp-ты тегін қолдануды сұрайды.  

Тариф 4-5 күнге жетеді

«Білім» тарифін 5-сыныпта оқи­тын балама қосып бердім. 1 ГБ бері­леді, білім платформалары тегін,  қалғаны ақылы екен. Сонымен, емін-еркін пайдаланып, сабағын оқиды деп ойладым. Бірақ WhatsApp ақылы екенін білмедік. Бізде сабақты OnlineMektep, Zoom және WhatsApp-пен өтеді. Сенесіз бе, 4-5 күнде 1 ГБ бітіп қалды. Ертесіне ұлым апайы сабақ бермегенін айтты. Түсінбей, мұға­ліміне қоңырау шалсам, сабақ өтіп жатқанын хабарлады. Сөйтсек, жоғарыдағы ресурстарға кіретін мега­байты таусылып қалған екен. Сон­дықтан қайтадан 2 500 теңге тұратын тариф қосуға мәжбүр бол­дық. Маған «Білім» тарифі мүлде ұнаған жоқ. Тиімсіз», – дейді Алматы қаласында тұратын мұғалім Алша Қаныбекова. 
Ата-ананың айтуынша, тегін білім платформаларының санын көбейтпей, WhatsApp-қа басымдық беру керек. Өйткені мұғалім мен оқушы көбінесе аталған мессенджер арқылы кері байланысқа шығатынын алға тартты. Осы сұрақ төңірегінде еліміздегі ұялы байланыс операторларына  сауал жолдадық. Тарифтің тез таусы­лып қалатынын, WhatsApp жайында ата-аналардың пікірін айттық. Сұра­ғымызға алғашқы болып Activ опе­раторы үн қосты. Сайтта көрсетіл­гендей, WhatsApp, Zoom, Skype, Microsoft Team-ді пайдаланған кезде интернет трафик тариф бойынша жұмсалатынын атап өтті. Ал сұрақ бойынша көлемді жауапты пошта­мызға жолдайтындарын жазды. Өз кезегінде Beeline операторы да жоға­рыдағыдай жауап бергенімен, келеңсіз жағдай үшін өкінішін біл­дірді. Сондай-ақ мән-жайды тек­серу үшін, нөмір мен нөмір кімнің атына тіркелгені туралы мәліметті жазуды сұрады.  Яғни, «Білім» та­рифіндегі трафикті тексеру үшін операторларға қоңырау шалуға неме­се әлеуметтік желіде жазуға болады.
«Бiлiм» тариф жоспарының негізгі мақсаты  — ол білім ресурс­тарына қашықтан қосылуға жағдай жасау. Қосымша қажет­тіліктеріңіз үшін ыңғайлы жолдар­дың бірін таңдай аласыз, олар – біржолғы ин­тернет-топтамаларды пайдалану немесе интернет-топтамасы көп тариф жоспарына ауысып, 0 теңгеге «Білім» қызметін қосу. Сонда сізде білім ресурстарына шексіз қосылу мүмкіндігімен қатар, қосымша гигабайттар да болады. «Бiлiм» та­рифінің  iшiнде WhatsАpp жане басқа мессенджерлер тегiн емес», – дейді Beeline ұялы байланыс опе­рато­рының қызметкері  Анар Жұма­ғұлова.
Ал белсенді мұғалімдер әлеу­меттік желіде аталған тарифті «жай алдау­сырату үшін жасалған дүние» деп көрсеткен. Мысалы, Мейіржан Темірбек «Платформалар шетелдік программаларды интеграциялау арқылы жұмыс істеп отыр. Сон­дық­тан тариф жетпейді. Ал провай­дерлер мұны жақсы біледі. Мұндайды доғаратын уақыт болды ғой» деп жазған. Facebook-тегі аталған жазба мен карикатураны бірқатар  адам бөлісіп, талқыға салған. Пікірлерге назар аударсаңыз, дені тарифтің тиімсіз екенін көрсеткен.  

«Білім» тарифін пайдаланып жатқандар аз

Себебі интернет трафик шақ келмейді. Негізі, кәдуілгі тарифке қосылсаңыз да, ұзаққа жетті де­генде 20 күнде таусылып қалады. Өзім мұғалім болғандықтан ZOOM, WhatsApp, Microsoft Team-ді жиі қолда­намын.  Сондықтан ұялы байланыс операторларынан шек­сіз­дік тарифін іздеймін. Бірақ сондай тарифке қосылсаң да, көп өтпей «сізде тәу­ліктік интернет трафигі таусылды, жылдамдық тө­мендеуі мүм­кін» дей­тін ха­бар­лама келеді. Байланыс на­шар­лаған соң, кейде қайта қосуға мәж­бүр бо­ласың. Бұл қалтаға салмақ са­лары анық. Өйт­кені мұндай та­риф­тік жоспарлардың құны 2 500-3 000 теңге арасында», – дейді Зинат Бек­сұлтанқызы. Мұғалімнің сөзін Нұрым Жолтай есімді ата-ана да қоштап отыр. Оның 2 баласы студент. Айтуынша, 30 ГБ интернет трафик берілетін тариф 20 күнде таусылған. Студенттер ZOOM және Microsoft teams платформасын қолданады екен. Ал Рима Сауыт­қызының екі баласы мектепте оқи­ды. Ол бір баласына 4 мың теңгеге тариф қосып беретінін айтады. Өйт­кені  тарифтік жоспар бір айға жет­пей, қайта қосуға мәжбүр екен. «Ба­­ланың білімінен ақша аямаймыз. Бірақ  тарифтік жоспардың өзіне айына 8 мың теңгеге жуық ақша төлеу кез келген ата-анаға оңай емес», – дейді ол.
Осыған дейін бірқатар БАҚ бе­тінде тариф мәселесі жазылған-ды. Жоғарыдағы оқиғалар «Білім» тари­фін қайта қарап, ұялы байланыс операторлары ұсынған тарифтік жоспар құрылымын бір шолып шы­ғуды нұсқайтын сияқты. Әйтпесе, ата-ана мен мұғалімнің тариф жайын­дағы жанайқайына ешкім құлақ асар емес.

АйзатАйзат АЙДАРҚЫЗЫ