– Жалпы, соңғы жылдары инвестициялық жобаларды іске асыру барысында түрлі мәселелер орын алып, жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу мүмкіндігі төмендеді. Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында 2015-2019 жылдар аралығында іске асырылған 31 жобаның тек 20-сы ғана өз қуаттылығының 50 пайызынан жоғары нәтиже көрсетті. Ал қалған 11 жоба әртүрлі себептермен жоспарланған қуаттылықтарының 50 пайызына да жете алмады. Тіпті, тоқтап тұрғандары да бар. Кез келген жобаның облыстың өнеркәсіп саласындағы үлесі маңызды. Биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша, облыстың өнеркәсіп кәсіпорындарымен 278,4 миллиард теңгеге өнім өндірілген. Оның ішінде индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған кәсіпорындармен өндірілген өнім көлемі 9,4 миллиард теңге болса, жалпы өнеркәсіп өнімі көлемі – 3,3 процент. Осы тұста айта кететін жағдай, егер аудан, қала әкімдіктері бағдарлама аясында іске асырылып жатқан жобаларға толық талдау жүргізіп, бақылауға алған жағдайда, аудандардағы өнеркәсіп көлемінің өсуіне үлкен мүмкіндік туар еді. Басқарма тарапынан индустрияландыру картасына тұрақты мониторинг жүргізіледі. Мониторинг нәтижесіне сүйенсек, Жуалы, Т.Рысқұлов, Меркі, Жамбыл аудандарының әкімдіктері тарапынан соңғы 3-4 жылда индустрияландыру картасы бойынша жұмыс тіптен жоқ. Аудан әкімдіктері саладағы кәсіпорындардың статистикалық мәліметтерімен талдау жүргізумен ғана шектелуде, – деген Аспандияр Мұраталыұлы қызметіне «жүрдім-бардым» қараған әкімдердің атын атап, түрін түстеп берді.Мұндай ақпарды естіген аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев аудан әкімдерінен жеке-жеке түсініктеме алды. Әкімдер сөзден сүрінбей, «жыл соңына дейін жоспарды орындаймыз» деген жауапты жатқа соқты. Алайда облыс әкімі ондайлармен әңгіме қысқа болатынын анық аңғартты.
– Жамбыл, Жуалы, Меркі, Т.Рысқұлов аудандарының кез келген сала бойынша мүмкіндігі мол емес пе? Неге 4 жылдан бері бірде-бір инвестициялық жоба ұсынылмаған. Бос сөзге құрылған ұзын-сонар баяндамаларыңыз кімге керек? Сөзден іске көшетін кез әлдеқашан келді ғой. Аталған төрт ауданға жасаған жұмыс сапарым барысында әрқайсыңызға күн тәртібіндегі мәселе бойынша нақты тапсырма берілді. Ешқандай жұмыс атқарылмаған. Облыс әкімінің орынбасары, аудан әкімдері тарапынан бақылау болмағаннан кейін жұмыстың нәтижесі қандай болатыны айтпаса да белгілі, – деді өңір басшысы.Осылайша, облыс әкімі бағытынан жаңылған жобаларға қатысты аудан әкімдерін бір сілкіп алды. Алайда одан нәтиже шығар ма екен? Олай дейтініміз, соңғы 4 жылда бірде-бір инвестициялық жоба ұсынбаған әкімдер жыл соңына дейін тірлікті тіктейді дегенге сену қиын.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы