Өлім жазасын жою өркениет нышаны ма?
Өлім жазасын жою өркениет нышаны ма?
380
оқылды

Жалпы, бұл бастаманың ауыр­лығын шын түсінбейтін, не тү­сін­гісі келмейтін адамдарға 2005 жы­­лы шыққан және соттың үкім­де­рін орындаумен айналысқан Аль­берт Пирпойнтқа арналған «Соң­ғы жен­дет» (The Last Hangman) көр­кем фильмін көруге ке­ңес беруге бо­лады.

 

Мемлекет адам өлтіруден бас тартпақ

Қазақстан өлім жазасынан түп­­к­ілікті бас тартуға бел буды. Сыртқы істер министрлігінің ха­бар­­­лауынша, 2020 жылғы 23 қыр­күйекте республикамыз өлім жа­­­­засын жою туралы халық­ара­лық хаттамаға қосылды. Бұл сал­та­­нат­ты рәсім БҰҰ-ның Нью-Йорк­тегі штаб-пәтерінде болды: Қа­зақстанның БҰҰ жанындағы тұ­рақты өкілі Қайрат Омаров өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар ту­ралы халықаралық пактіге қо­сымша ІІ Факультативтік хат­та­ма­ға қол қойды. Енді алда Пар­ла­мент Қылмыстық кодекске өз­ге­ріс енгізіп, «Өлім жазасы» бабын алып тастауы керек. Өлім жазасын бүкіл әлемде жою­­ды қарастыратын халық­ара­лық хаттамаға қосылу туралы ше­­шім қабылданғанын сол күні Пр­е­­зидентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас ассамблеясының 75-ші мерейтойлық сессиясының жалпы саяси пікірталасы бары­сын­да жариялады. Бұдан бұрын, 2019 жылдың жел­­тоқсанында Қасым-Жомарт Ке­мелұлы саяси реформаларды жү­­зеге асыру аясында СІМ-ге аза­­маттық және саяси құқықтар ту­ралы халықаралық пактінің ІІ Фа­культативтік хаттамасына қо­сылу рәсімін бастауды тапсырған. Бұл құжатқа қол қою мемлекет бі­раз­дан ілгерілетіп келе жатқан «өлім жазасын қолданудың аясын бір­тіндеп шектеу және қыл­мыс­тық заңнаманы ізгілендіру» бағы­тының жалғасы саналады. Айта кету керек, Елбасы 2003 жылы арнайы Жарлық шығарып, өлім жазасын қолдануға мора­торий жариялады. Тиісінше, Қа­зақ­станда осы ең жоғарғы жазаны орындату 2004 жылдан бері то­лығымен тоқтатылды. Дегенмен қолданыстағы Қыл­мыстық кодексте «Өлiм жазасы» деп аталатын 47-бап бар: «Өлім жа­засы – ату жазасы адамдардың қаза табуымен ұштасқан тер­ро­рис­тік қылмыстар үшін, сондай-ақ соғыс уақытында жасалған аса ауыр қылмыстар үшін ең ауыр жаза ретінде белгіленеді» делінген онда.

Сарапшылардың айтуынша, егер кейінгі президенттер Елба­сы­ның мораторийін жойғанда, өлім жазасы қайтадан күшіне ене­тін еді. Өйткені аталған ко­дексте: «ҚР Президенті өлім жа­за­сын орындауға мораторий ен­гіз­ген кезде, өлім жазасы туралы үкім­ді орындау мораторий қол­да­нылған уақытқа тоқтатыла тұра­ды» деп жазылған.

Осы орайда, Президент Әкім­шілігінің Мемлекеттік-құқық бө­лімі 2003 жылғы 17 желтоқ­сан­да­ғы «Өлім жазасына мораторий ен­гізу туралы» Жарлыққа түсі­ніктеме бергені есте.

– Жарлық соттар шығарған өлім жазасы туралы үкімдердің орын­далуын тоқтата тұруды көздейді және 2004 жылғы 1 қаңтардан бас­тап жаңа жаза – өмір бойына бас бостандығынан айыруды қол­данысқа енгізеді. Бұл ретте, өлім жазасының өзі қылмыстық жаза түрі ретінде жойылмайды, тек сот­тар шығарып қойған өлімге кесу үкім­дерін орындау тоқтатыла тұрады. Мо­раторийдің мерзімдік шегі жоқ, бі­рақ қажетті жағдайда оның күші жо­йылуы мүмкін, – деді сонда ПӘ Ме­млекеттік-құқық бөлімі.

Сонымен бірге ол болашақта өлім жазасын толық жою мүмкіндігі де қарастырылатынын ескерткен. Енді міне, билік «мораторийдің кү­шін жою не өлім жазасын жою» деген диллемада екіншісін таңдады.  

Парақорлар үрейлі жазадан құтылды

Қазақ елі өлім жазасынан бас тарту бағытында ұзақ жолды еңсерді. Тәуке хан (1678–1718) тұсында қа­был­данған «Жеті жарғыда» «қанға қан, жанға жан» деп келетін, қазақ ара­сында кек пен араздықты өршіт­кен адам өлтіру көп жағдайда құн төлеумен алмастырылды. Мысалы, өлген ер адамның құны 1 мың, әй­елдің құны 500 қой деген сияқты. Дегенмен ақ патша, әсіресе кеңестік тоталитарлық заманда, қуғын-сүргін кезеңінде болар-болмас кінәсі үшін азаматты атып тастау қалыпқа ай­налды. Қазақстанның сот жүйесінің ардагері, заңгер, судья, әділет пол­ковнигі марқұм Қыдыргелді Мей­рамов бертінде, тіпті ұрлық пен па­рақорлық үшін өлім жазасының қол­данылғанын еске алған еді. Қазақстан тәуелсіздік алған соң мұндай сот тәжірибесінің өзі айыпталды және негізсіз деп таныл­ды. Ұлттық заңнама өзгертіліп, Кеңес кезінде болған, яғни ұрлық, жалған ақша жасау, валюталық операциялар туралы ережелерді бұзу, қарақшылық, түрме мекемелерінің жұ­мысына іріткі салатын әрекеттер, зорлау және пара алу үшін өлім жазасы заң жүзінде жойылды. olim jasasi1 Келесі қадам ретінде 1998 жылғы 1 қаңтарда жаңа Қылмыстық кодекс өмірге жолдама алып, онда өлім жазасы бейбіт кезде тек қасақана кісі өлтіргені үшін ғана сақталды. Сондай-ақ 18 жасқа дейінгі қыл­мыскерлерге, барлық әйелге, 63 жас­тан кәрі еркектерге өлім жазасын тағайындауға тыйым салынды. Өлім жазасын тек барлық судья бірауыздан айыпты деп тапса ғана тағайындау, ал үкімді бірден емес, 1 жылдан кейін ғана орындау ережесі бекітілді. Ізінше, қасақана кісі өл­тір­гендердің бәрін ата бермей, 15 жылдан 20 жылға дейін, ал қылмыстардың жиынтығы бойынша 25 жылға дейін бас бостандығынан айыру тәжірибесі қолданыла бастады. Нәтижесінде, соттар өлімге кесу үкім­дерінің санын күрт кемітті. Бұл елде аса ауыр қылмыстардың еселеп өсуіне әкелген жоқ деп ес­ептеледі. Сондықтан Қазақстан өлім жазасынан түбегейлі бас тар­ту жолына түсіп отыр. Оның үс­тіне, өлім жазасының болуы не­месе болмауы қылмыскерлерге ай­тарлықтай әсер ете қоймайды де­ген байлам жасалды. «Жаза қатаң болса, адам қылмыс жасаудан аяқ тартады» деген қағида өмірде іске аспайтыны анықталған. Себебі кез келген қылмыскер жауапкершіліктен құтылып кететініне сенімді болады, соның қамын жасайды. Жазаланам деп мүлдем ойламайды.  

Өлім жазасы керек пе?

Мемлекет ізгілік танытқанымен, қа­зақстандық қоғамның бір бө­лігі өлім жазасына ынтығуын қояр емес. Мысалы, 2016 жылы ақ­­парат құралдарында пікір біл­дірген медицина ғылымдарының докторы, Қазақстанның психиатр және нарколог дәрігерлері қауым­дастығының құрметті президенті Ғалия Құдиярова педофилдерді өл­тіруді ұсынды:

«Химиялық кастрация бұл дертті ішін­ара ғана шешеді. Өйткені дәрі олардың пато­логиялық құмарлығын басады. Педо­филдердің құмарлығы өте күшті келеді әрі басқаруға көн­бейді. Бір жағынан бұлар – нағыз есі ауысқан аурулар, ендеше оларды психикалық науқастар ретінде ем­деу керек. Екінші жағынан, бәрі менің қолымда болса, оларға өлім жазасын қолданар едім. Себебі бұл өте тұрақты, жазылмайтын дерт», – деді ол.

Әйткенмен, бұл жерде Қазақ­станда 18 жасар бозбала өзінен үш жасқа кіші бой­жеткенмен махаббат құрса, заң бо­йын­ша педофил са­налатынын естен шы­ғармаған жөн. Ендеше ең азғындар қа­тарында бей­күнә жастың айыпталып, қыр­шын кетпесіне кепіл жоқ. 2016 жылғы маусымда Ақтөбе қаласында болған лаңкестік актілерге байланысты пікір білдірген Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов «Террористер секілді мемле­кеттің тағдырына, тамырына балта шабуға тырысатын адамдардың қылмысы ең ауыр жазаға лайық», – деді.
«Қазақстанда көп жылдан бері өлім жазасына мораторий жария­ланған. Әрине, тыныш күнде, ел жаймашуақ өмір сүріп жатқан кезеңде ол орынды еді, алайда елдің бірлігіне, мемлекеттің ұйысқан тірлігіне қанды қолын салған адамдарға ешқандай кешірім болмауы керек. Қылмыскер өлім жазасына кесілмейтінін, тірі қалатынын білсе, ештеңеден тайын­бауы мүмкін. Ал адамзатқа қарсы бағытталған аса ауыр қылмысы үшін ең ауыр жазаға тартылуы, өмірі қиыл­уы мүмкін болса, қылмыскерлер он­­­дай қадамнан тартынуы ықти мал», – деді ол.
2019 жылғы 28 наурызда сенатор Әлім­жан Құртаев депутаттық сауал жолдап, браконьерлерге өлім жазасын қолдануды сұраған:
«Қазақстанда киіктерді қор­ғау туралы жаңа, бөлек заң қабыл­дауымыз керек. Сол заңда киік ат­қан, киелі жануарлардың өміріне қа­уіп төндірген адамдарды қатаң жаза­лайтын (өмір бойына бас бос­тандығынан айыру, өлім жазасына кесу) жаңа бап енгізілуі тиіс», – депті Сенат депутаты.
Ал судьялар тіпті қылмыскерді де өлімге қиюға жүрек дауаламайтынын, мұның ауыр күнә екенін алға тартады. Жоғарғы соттың отставкадағы құрметті судьясы Николай Мамонтов ең білікті судьяның өзі әртүрлі фак­тор ықпалымен қателік жіберуі мүм­кін екенін ескертеді.
– Мұндай шешімдер судьяларға өте ауыр соғады: әрбір судья күн сайын өзі шығарған үкімді сан рет сана таразысына салып, ойға батады, жабығады, түнде ұйықтай алмайды. Өлім жазасы оның да қабырғасын қайыстырары даусыз. Бұл мәселенің құ­қықтық, этикалық қырлары бар. Өмірді бізге Жаратқан иеміз берді, демек оны тек құдай ала алады. Адамдар қателік жіберіп тұрады. Өлім жазасының орындалуы ол қателікті түзетуге мүмкіндік қалдырмайды. Сол себепті әрбір судья еліміздің өлім жазасынан бас тартуын шын жүректен жақтайды. Ең ауыр қылмыс жасағандарды мерзімінен бұрын шартты түрде босау құқығынсыз, өмір бойға түрмеге қамаудың өзі – аса ауыр жаза. Судьялардың пайымдауынша, осының өзі жеткілікті! – дейді Ни­колай Иванович.

Қазақстанда тәуелсіздік алған кезден 2003 жылға дейінгі аралықта осындай 536 үкім орындалыпты. Өлім жазасы бойынша ең соңғы үкімдер 2003 жыл үлесінде: мо­раторий күшіне енгенге дейін 12 қыл­мыскер атылды. Мораторий кү­шіне мінгелі Қазақстанда 5 адам өлім жазасына кесілді. Бұдан бөлек, ша­мамен жүз шақты адам өлім жазасының баламасы – өмір бойға бас бостандығынан айырылған. Олардың бәрі Қостанай облысының Жітіқара кенті жанындағы атышулы «Қара бүркіт» түрмесінде қамауда отыр.

 

Елдос СЕНБАЙ