Дәрігерлерге 300 пәтер беріледі
Дәрігерлерге 300 пәтер беріледі
195
оқылды
Қарағанды облысының эко­номикасы тұрақты дамуда. Өңір­де 2 трлн теңгеге 12 мыңнан ас­там жұмыс орны құрылып, 45 инвес­тициялық жоба жүзеге асырылуда. Биыл өңірдегі инвестициялар 425,5 млрд теңгені құрады. Бұл соманың 85%-ы – жеке инвестициялар. Ол­­ар­дың қатарында алтын өндіру фа­брикасы, Техникалық газ өн­діру зауыты, жез зауыты және Hitachi Construction Corporation ірі габаритті техникаға қызмет көр­сету орталығы бар. 2021 жылдың қаңтарына дейін тағы алты кәсіп­о­рын пайдалануға беріледі. – Бұдан басқа, РТБ базасын­да Yutong трансұлттық қытай компаниясымен бірлесіп авто­бустар мен арнайы техника өндірісі бойынша жобаны іске асыру бас­талды. Автомобиль шиналарын өндіру бойынша жоба қол қою сатысында. 2025 жылға қарай ААИ индустриялық базасында шамамен 7,5 мың жұмыс орнын құру жоспар­лануда, – деп хабарлады Жеңіс Қасымбек. Аймақ басшысы сондай-ақ пандемия кезіндегі бизнесті қолдау шаралары туралы айтты. Облыста 4 800 жалға алу­шы, оның ішінде ірі сауда орта­лықтарында 3 600 жалға алушы жал­дау ақысынан толық босатудан бас­тап, 40%-ға дейін жеңілдіктер алды. 300-ден астам кәсіпкерге ек­ін­ші деңгейдегі банктердегі не­­­сиелер, негізгі қарыз және па­йыздар бойынша төлемдерді кейін­ге қалдыру рұқсат етілді. Облыста барлығы 4,5 мың кә­сіпкерге қаржылық және қар­жы­лық емес қолдау көрсету жос­парланып отыр, бұл 8 мыңға жуық жұмыс орнын құруға және сақтауға мүмкіндік береді. – Карантиннің шектеулі шарт­тары бизнес үшін жаңа мүм­­кіндіктер ашты. Осы жылы элек­тронды сауда және білім беру, ме­­дицина, консалтинг, тұрмыстық қызметтердегі онлайн сервисте ком­паниялар пайда болды. Онлайн тапсырыстар мен жеткізу 2 есе өсті, қолма-қол ақшасыз төлемдерге деген сенім артты, олар 5 еседен астам өсті. Бұл ретте олардың тауар айналымындағы үлесі 14,6%-дан 78,6%-ға дейін ұлғайды. Бұл өз ке­зегінде экономиканың көлеңкелі секторын айтарлықтай қысқартты, – деп атап өтті облыс әкімі. Сондай-ақ өңір басшысы ауыл шаруашылығы өнімдері көле­мінің өсуіне және өңірдің инфра­құрылымын жақсартуға, жастар үшін жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретін әлеуметтік ма­ңызы бар жобалардың табысты іске асырылуына жеке-жеке тоқталды. Қарағанды облысында 8 айда тау-кен өндіру саласындағы нақ­ты көлем индексі 102,1%-ды, қар­­жы­лық нәтиже – 240,7 млрд тең­ге, өңдеу – 104,1%-ды, яғни 1454,6 млрд теңгені құрады. Өсім түс­ті ме­таллургияда – 6,9%-ға, фар­мацевтикада – 3,8 есе, тамақ өн­імдерін өндіруде – 15,9%-ға, химия өнеркәсібінде  14,7%-ға байқалады. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі 3,4%-ға ұлғайды. Мемлекет басшысымен кез­десуде халықты жұмыспен қам­ту және кәсіпкерлікті қолдау мә­селесіне ерекше назар аударыл­ды. Биыл «Еңбек» бағдарламасы бойынша әлеуметтік қолдау шара­ларымен облыстың 43 мың­нан астам тұрғыны қамтылады. Бар­лық мемлекеттік бағдарламалар бо­йынша 33 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып, 27,5 мыңнан астам жұмыс орны қам­тамасыз етілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауы ке­зін­де облыс әкімі Жеңіс Қасымбек халықты әлеуметтік қолдау және әлеуметтік инфрақұрылымды да­мыту туралы мәлімдеді. «Бастау Бизнес» курсында 2 400-ден астам адам оқыды. Ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер өз биз­несін дамытуға 684 шағын несие және 626 грант алды. Жастардың жұмыссыздығын төмендетуге көп көңіл бөлініп отыр. «Еңбек» бағдарламасы бойынша 9 мыңнан астам жас жұ­мысқа орналастырылды, жас­тар тәжірибесімен 1 177 адам қам­тылды. Облыс әкімі жастар кә­сіпкерлігін дамытуға арналған гр­ант­тарды қаржыландыруды 10 есе­ге арттырды. Облыста қолжетімді тұрғын үй құрылысы да қарқынды. 2020 жылға шамамен 500 мың шаршы метрді қол­данысқа беру жоспарланған, бұл өткен жылғы көлемнің төрттен бір бөлігіне артық. «Бақытты От­басы» бағдарламасы бойынша биыл 575 көпбалалы отбасы үшін тұр­ғын үй мәселесі шешіледі. Жер­гілікті билік жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қал­­ған балаларға баспана береді. Жеңіс Қасымбек Мемлекет бас­шысына Қарағанды облысын­да салынып жатқан әлеуметтік нысандар туралы есеп берді. Об­лыста мемлекеттік-же­кеменшік әріптестік арқылы балабақша­лардағы орын тапшылығы мәселе­сі шешілді. Мектепке дейінгі білім беру қолжетімді. Тағы 9 же­ке­мен­шік балабақша мен 2 мем­лекеттік балабақша ашу жос­пар­лануда. Биыл Нұра және Қарқаралы ауданында дәрігерлік амбула­ториялар пайдалануға берілді. Қа­рағандыда онкологиялық дис­пан­сердің операциялық-реани­мация­­лық блогы кеңейтіледі. Ауыл­дық елді мекендерде 32 фе­льд­шерлік-аку­шерлік пункттер салу бойынша 3 жылдық жоспар әзір­ленді. Биыл 7 жаңа спорт нысаны ашы­лады. Қарқаралы, Теміртау және Ұлытау ауданының Қарсақпай ауылында денешынықтыру-са­уық­тыру кешені іске қосылады. Қа­рағандыда үлкен және үстел теннисі орталықтары мен спорттық-са­уықтыру кешенінің құрылысы аяқ­талуда. Бұл бұқаралық спорттың негізін нығайтып, кең ауқым алуы­на септігін тигізеді. Қыркүйек айының соңына қа­рай егін жинау жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Кейбір астық егетін аудандар жұмыстарын аяқтады. Жаз айларының құрғақ болғанына қарамастан, жалпы астық жинау және орташа өнімділік өткен жыл­мен салыстырғанда жоғары. – Бүгінде астық алқаптарының 86,6% жиналды. Орташа өнімділік бір гектардан 10,1 центнерден бол­са, 781,2 мың тонна астық, оның ішінде 567,2 мың тонна бидай бас­­тырылды. 8 535 гектар алқаптан 175,8 мың тонна картоп жиналды, – деп хабарлады әкім. Облыста көкөніс отырғызу кө­лемі артқан. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер арзандатыл­ған дизель отынымен қамтамасыз етілді. Өсімдік өсірушілер субсидия «ҚазАгро» АҚ қаржы институттары арқылы беріледі. Облыстың тұрақтандыру қо­рына белгіленген бағамен картоп пен көкөністі жаңа өніммен жет­кізу туралы келісімге қол жет­кі­з­ілді. Қорларға 3 443 тонна кар­топ, 559 тонна сәбіз және 228 тон­на қырыққабат жіберу жос­парлануда. Маусымаралық ке­зең­де бағаның күрт көтерілуіне жол бермеу үшін жергілікті өнім­дер әлеуметтік павильондар мен супермаркетке жеткізілетін бо­лады. Сондай-ақ нан бағасын тұ­рақтандыру мақсатында 36,3 мың тонна көлемінде астықтың ре­зервтік қорын қалыптастыру жоспарлануда. Облыс әкімі кездесуде COVID-19 індетінің ықтимал екін­ші тол­қынына дайындығына ке­ңінен тоқ­талды. Ол бес негізгі бағыт бо­йынша өтеді. Инфрақұрылымды жақсарту, стационарлар мен ем­ханалардың материалдық-техника­лық базасын күшейту, дәрі-дәрмек­тердің тұрақтандыру қорын құру, денсаулық сақтау мекемелерін ка­дрлармен қамтамасыз ету және мед­­­персоналды оқыту түрінде жү­­­реді. – Қазан айының ортасы – бұл пандемияның екінші толқыны басталуының болжамды уақытына дейін КВИ емдеуге арналған төсек саны 5 200 бірлікке дейін жеткізіледі. Қыркүйек айында қосымша 500 от­тегі концентраторы, 1 500 пуль­соксиметр, 416 байланыссыз тер­мометр сатып алынды және жет­кізілді. Қазан айында 151 ӨЖЖ аппараты жеткізіледі деп кү­тілуде. 24 нысанда медициналық газ берудің орталықтандырылған жүйесін және төрт оттегі стансасын орната­мыз, – деп хабарлады Жеңіс Қасымбек. Сонымен қатар осы жылдың соңына дейін өңірде қосымша бес компьютерлік томограф және үш ПТР зертхана жұмыс істей бас­тай­ды. Өңірлердегі жас дәрігерлерге баспана беріледі. Қазақстандық ипотекалық компаниямен жасал­ған шартқа сәйкес медицина қыз­мет­керлеріне 300 пәтер бөліне­ді. – Осы жыл ішінде облыста «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауы, «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» және 10 басым міндет пен Елбасының 5 бастамасы шеңберінде алға қойылған бірқатар мақсат орындалды, – деді Жеңіс Қасымбек. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Жұмыспен қам­тудың жол картасы бойынша жаңа жұмыс орындарын ашу, өңірге инвестиция тарту және басқа да аймақты дамытуға қатысты бір­қатар тапсырма берді. Қыркүйек айында Жеңіс Қа­сым­бектің Қарағанды облысы әкімі қызметіне кіріскеніне 1 жыл толды.  

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы