Ұлттық кеңес мүшелерінің экономикалық мәселелер бойынша ұсыныстары қаралды
Ұлттық кеңес мүшелерінің экономикалық мәселелер бойынша ұсыныстары қаралды
5,185
оқылды

Бүгін Ақордада Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелерінің экономикалық блог бойынша ұсыныстарын қарастыру бойынша жиналыс өтті. Бұл туралы Facebook-те ҚР Президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин жазды.

«Бүгін Ақордада Ұлттық кеңестің мүшелері айтқан ұсыныстардың экономикалық блогын қарастыру бойынша жиналыс өтті. Оған Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Тимур Сүлейменов жүргізді»,– деп жазды Е.Қарин.

Талқылауға Қаржы министрлігінің, Ұлттық экономика министрлігінің, Есеп комитеті мен Салық комитетінің, сонымен қатар «Атамекен» ҰКП және Президент Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің өкілдері, сондай-ақ Ұлттық кеңестің экономикалық тобынан Мұхтар Тайжан, Ораз Жандосов, Арманжан Байтасов, Қайырбек Арыстанбеков, Бағдат Мусин және Азаматхан Әміртаев қатысқан.

«Жиналыс барысында салық заңнамасы мен бюджеттік жүйені жетілдіру мәселелері қаралды. Оның қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға көптеген сұрақтар тудыратын мәселелерді пысықтап, Президент Әкімшілігіне ұсыныстар енгізу тапсырылды. Келесі жиналыс қазанның 11-де экономикалық блогтың басқа да ұсыныстарына қатысты өтеді»,– деп жазды Е.Қарин.

Еске салсақ, биылғы 17 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру, оның ережесін және құрамын бекіту туралы Жарлыққа қол қойды. 6 қыркүйек күні Ұлттық кеңестің алғашқы отырысы өтті. Кеңесте Қ.Тоқаев елімізді дамытуға және жаңғыртуға бағытталған бастамалар мен ұсыныстарды пысықтау ісіндегі Ұлттық кеңестің рөлін атады.