Нұрмұхамед: Сізді Барбара деп атасам бола ма?
Барбара: Әрине.
Нұрмұхамед: Сіз Қазақстанға келіп, біраз аудиториямен жолықтыңыз. Біздің елдің азаматтары әдетте қандай сұрақтарды жиі қояды?
Барбара: Сұрақтар пейнтбол доптары сияқты түрлі саладан, жан-жақтан келіп жатты. Олар терең әрі креативті болды. Қандай сауал қойылуы мүмкін екенін болжай алмайсың. Яғни, адамдар бірдей ойламайды. Қоғам сондай. Керемет жандар.
Нұрмұхамед: Сіздің онлайн курсыңызды әлемде 2 млн-нан аса адам қараған. Келешекте осындай курстар, тренингтер университеттерді алмастыруы мүмкін бе?
Барбара: Меніңше, университеттер сіз айтып отырған жағдайды болдырмау үшін барын салып, күреседі. Оқу ордасы ретінде бірден жойыла қоймас. Оған қоса, кей жағдайларда бетпе-бет кездесіп, білім алудың өз артықшылықтары бар. Алайда үйрену ақырындап онлайн режимге ауысып жатқанын көріп отырмыз. Мәселен, мен бір профессорды білемін. Оның сабақтары қызықты болғаны соншалық оған 3 000 адамға жуық студент қатысатын. Кейде арнайы күзет жалдауға тура келді. Себебі адам саны тым көп болды. Ол профессор эксперимент жасап, 2 жыл бойы өз сабақтарын онлайн жүктей бастады. Нәтижесінде, оның аудиториядағы сабақтарына ешкім келмей қойды. Өйткені онлайн оқу оңай.
Жалпы, ашық онлайн курстар қыз бен жігіттің кездесуі сияқты. Сіз кездесуге сыланып, сипанып, дайындалып барасыз. Суық тисе, кездесуді кейінге қалдырасыз. Ал университет аудиториясындағы сабақ отбасылық өмір секілді. Сенің көріп тұрғаның – сенің таңдауың. Оны кері қайтарып бере алмайсың (күледі). Үздік ашық онлайн курстар әдетте тиянақты дайындалады. Сондықтан онлайн форматта сіз сабақтарыңызды пайдалы, тиімді өткізе аласыз.
Нұрмұхамед: Сізге практикалық сұрақ қойсам. Мен төмен жалақысына көңілі толмайтын біраз адамды кездестірдім. Егер оларға курсқа, тренингке барып, мамандығыңды ауыстыр, жаңа қабілетті меңгер десең, басын алып қашады. Өзінің қалыптасқан тұрмысын өзгерткісі келмейді. Мамандық ауыстыру неге соншалық қиын?
Барбара: Ол бірнеше факторға байланысты. Айталық, егер адамның жедел жадысы (есте сақтау қабілеті) төмен болса, оның жаңа қабілетті үйренуі қиын. Ондай адамға көбірек практика қажет. Сондай адамның бірі – менмін, жаңа дүниені игеруге көп күш жұмсаймын. Ал жұмыс жадысы кең адамдарға тың материалды игеру қиынға соқпайды. Сондықтан өз мамандығын өзгерткісі келмейтін кісілерді өз басым жақсы түсінемін. Алайда кейбір адамдардың икемге келуі қиын, өз саласында қатып қалған. Қалай десеңіз де, үйрену көп жұмысты талап етеді. Мәселен, мен мектепте математика және ғылымды жек көрдім. Сабақта ұстазым оқып отырған кітабымды алып қойып, орнына басқасын беруі мүмкін еді. Бірақ пәндерді түсіну үшін мен ары қарай оқи беретінмін.
Нұрмұхамед: Бірақ жаңа нәрсені үйрену сізге қиын соқса да, осыған қарамай, славян тілдері саласынан инженерияға бірден ауысып кеттіңіз ғой.
Барбара: Не үшін? Себебі мен армияда қызмет етіп, бір салаға, бір адамдарға кіріптар болып бара жатқанымды, егер тек осы салада қалсам, кейін өзге жұмыс табуым қиын болатынын түсіндім. Сол кезде менің басыма маған икемді болуға, өзге қызметтерді оңай табуға мүмкіндік беретін мамандықты игеру қажеттігі жетті. Яғни, менің шешіміме сыртқы жағдайлар ықпал етті. Мәселен, менің студенттерімнің көпшілігі мектепте нашар оқушы болған. Кейін колледжде оқуға тырысқан, бірақ ол жақтан да шығып кеткен. Өмір үйленуге, бала сүюге мүмкіндік берген. Алайда сол өмір нақты білімсіз олардың таңдауы мен мүмкіндігі шектеулі екенін де көрсеткен. Содан олар университетте оқып жатыр. Яғни, біз адамның көзқарасын өзгерте алмаймыз. Ал қоғам мен түрлі жағдайлар адамды өзгертеді.
Нұрмұхамед: Бүгінгі уақыттың негізгі проблемалары жайлы сөз етсек. Қазір ақпарат оқуда кедергі болатын фактор көп: смартфон, әлеуметтік желі, электронды пошта және басқалар. Яғни, адамның бір объектіге зейін қоюы қиындап барады. Мұндай жағдайда жаңа білімді бойға сіңіру мүмкін бе? Сіз осыған байланысты Помодоро техникасы жайлы айтып жүрсіз. Ол тиімді ме?
Барбара: Помодоро – ең тиімді техника. Онлайн курстарда бізді 3 млн-ға жуық адам қарайды. Олардың басым бөлігі осы әдісті ұнатады. Жалпы, көптеген зерттеулер егер адам кедергісіз, зейін қойып, назарын тек бір нәрсеге аудара оқыса, оның пайдасы мол екенін көрсеткен. Оған қоса, тағы бір зерттеу адам ақпарат оқу арасында сәл кідіріс жасап, тынығып алса, оның тиімділігі арта түсетінін көрсеткен. Әлеуметтік желілердің өзі адамды тәуелді етуге және кедергі жасау үшін құрылғандай. Ал Помодоро техникасы сол тәуелділікті белгілі бір уақытқа жеңуге үйретеді. Яғни, өз-өзіңізді тәртіпке шақыратын әдіс. (Помодоро техникасы – маңызды тапсырманы орындау үшін уақытты тиімді басқару әдісі. Ол үшін келесі ережені ұстаныңыз: 1. Алдыңызда тұрған мақсатты анықтаңыз. 2. Таймер-сағатты 25 минутқа қойыңыз. 3. Межелі уақыт аяқталғанша ешнәрсеге алаңдамай жұмыс істеңіз. 4. 25 минуттан соң өзіңізге 3-5 минуттық демалыс жариялаңыз, тынығыңыз. 5. Тапсырманы орындауға қайта кірісіңіз).
Нұрмұхамед: Бүгін адам күніне 34 гегабайт ақпарат қабылдайды екен. Бұл өте көп. Алайда осылардың арасынан ең маңызды мәліметтерді қалай есте сақтап қалуға болады?
Барбара: Ізденіс практикасы – маңызды ақпаратты есте сақтаудың жақсы әдісі. Кешке қарай мәліметтерді ой елегінен бір өткізіп, ол туралы сөйлескен абзал. Оған қоса, ең маңызды ақпаратты еске түсіріп отырсаңыз, нейондық шынжырды қайта іске қосасыз. Сонда қажетті дүниені жадыңызда «байлап қоюға» көп көмегін тигізеді.
Нұрмұхамед: Көптеген зерттеушілер келешекте жасанды интеллект, роботтар адамды жұмыс нарығынан ығыстырады деп болжам айтады. Сол ғалымдар адамның технологиядан артықшылығы жаңа жағдайға тез бейімделуі, креативтілігі, тың дүниені лезде үйренуі болады дейді. Алайда оның бәріне уақыт керек. Ал кез келген кісіге бұдан бөлек демалатын, отбасына арнайтын уақыт та қажет. Мұндай жағдайда қандай кеңес берер едіңіз?
Барбара: Онлайн курстар (күледі), білесіз бе, адам мінсіз, идеал бола алмайды. Ол деңгейге жетуге адамның уақыты да жетпейді. Қай жағынан алсаңыз да, онлайн курстар тиімді, себебі сіз бала-шағаңыздың жанында отырып-ақ жаңа нәрсені үйрене аласыз. Яғни, оларды қолыңыз тигенде, балаңыз ұйықтағанда көре аласыз. Алайда ешнәрсе оңайлықпен келмейді, егер тың дүниені меңгеру деген талап тұрса, қайткен күнде оған белгілі бір уақыт жұмсауыңызға тура келеді.
Нұрмұхамед: Сіз айтқан жаңа білімді отыз, қырық, елу жастан кейін үйренуде айырмашылық бар ма?
Барбара: Иә, адамның жасы келген сайын үйренуі қиындай түседі, бірақ соған қарамай, сіз көп нәрсені меңгере аласыз. Біздің үйренуімізге кедергі келтіре алатын тек өлім ғана. Мәселен, біз (жолдасымыз екеуміз - ред) 60-қа келгенде Үйренуді үйрену онлайн курсын бастадық. Біз бұған дейін видео түсіріп көрмегенбіз. Біз өзіміз үшін YouTube-ті аштық, Google-дан жасыл экранды студияны қалай дайындау, видеоны қалай монтаждау керегі туралы оқыдық. Яғни, ешқашан кеш емес.
Нұрмұхамед: Жаңа білімді меңгеруге қандай факторлар ынталандыруы мүмкін?
Барбара: Ондай факторлар көп. Мәселен, өз өміріңізді жақсарту. Ал балаларыңыздың болашағын қамтамасыз ету үшін өз қабілеттеріңізді дамыту ең үлкен мотиватор болуы мүмкін. Яғни, әр адамда әртүрлі фактор.
Нұрмұхамед: Егер біреу сіздің жолыңызды қайталағысы келіп, өзінің айналысатын саласын, мамандығын күрт өзгерткісі келсе, сіз оған қандай кеңес берер едіңіз?
Барбара: Мен бұл сұраққа түрліше жауап беруіме болады. Бірақ менің кеңесім, қарапайым деңгейден бастаңыз. Егер кәсібіңізді өзгерткіңіз келсе, шамаңыз жеткен жоғары деңгейден бастамаңыз, шамаңыз жеткен төменгі деңгейден бастаған абзал. Және сол деңгейден ақырындап жоғары шыға беріңіз. Сөзіме дәлел болу үшін атақты екі физик туралы баяндап берсем. Екеуі де нейробиологияға ауысқысы келді. Бірі белгілі физик еді, бірнеше гранттың иесі ретінде оның қаржылық жағдайы жақсы болды. Ол соны пайдаланып, бірден нейробиология саласында ірі зертхана ашты. Бірнеше жыл өткен соң зертхана жабылды. Ақшаны босқа жұмсады. Себебі ол физик болғанымен, нейробиология туралы түсінігі аз еді. Екінші азамат та атақты университетте мойындалған физик болды. Бірақ ол нейробиологияны меңгеру үшін физик-профессор лауазымына қарамай, нейробиолог-студент ретінде қайта оқуды бастады. Қазір ол екінші салада да ірі жетістікке жетті, мойындалды. Ол кремний пластиналарда нейрондарды өсіру әдісін ойлап тапты. Бұл – ірі ғылыми жаңалық. Ал оның артында физик-профессордың жаңа саланы ең қарапайым деңгейден бастап зерттеуге шешім қабылдауы жатыр. Ол осы мақсатына жету үшін бәрін тастап, Калифорниядан Миссуриге көшті. Соңынан отбасы да сол жаққа қоныс аударуына тура келді. Яғни, тың дүниені меңгеруге кіріскенде қарапайым деңгейден бастаған жөн.
Нұрмұхамед: Рақмет!