Жоғары оқу орындарына жасалған жорық
Жоғары оқу орындарына жасалған жорық
115
оқылды
Білім және ғылым министрлігі жа­ны­нан құрыл­ған комиссия мұны­мен жұ­мы­сын тоқтатпайды. Жыл соңына дейін 24 ЖОО-да тексеру жұмысы жүр­гізіледі. Не­гіз­гі нысана – еліміздегі ЖОО санын 15 %-ға қысқарту. Бұл не үшін керек? Қарапайым заңдылық тұр­ғысынан қарағанда оқу орнының са­ны аз болса, сапа жоғарылайды. Бә­секе артады. Осыған орай, талапкерлер ара­сында да сұраныс артады. Сәйке­сін­ше, алға қойған жоспарды орындау үшін ЖОО-ларға «жорық» жасауды жал­ғастыру керек. Ал бұл процесс қа­лай жүреді?  

Қай оқу орнына мемлекет грант бөлмейді?

Министрліктің баспасөз хатшысы Гаухар Омарбектің айтуынша, республикалық кон­курстық комиссияның шешімімен еліміздегі отыздан астам университет мемле­кеттік тап­сырыс орналастырылатын жоғары оқу орын­дарының тізіміне кірмеді. Бұған жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік тапсырысты орналастыру жөніндегі республи­калық кон­курс­тық комиссияның жан-жақты тексеруі се­беп болған. Комиссия құрамына Парламент депу­таттары, Ұлттық кәсіпкерлер палата­сының өкіл­дері, мүдделі мемлекеттік орган­дар, жоғары оқу орындарының қауымдас­тықтары және қоғам қайраткерлері, оның ішінде Президент жа­нындағы Ұлттық қоғам­дық сенім кеңесінің мү­шесі кірген. Сонымен мемлекеттік грант иеленбеген университеттердің тізімі шықты. Ел пікіріне на­зар аударсақ, арасында бұрын-соңды естімеген оқу орындары бар. Ал гранттан қағылған аты мен заты таныс универ­ситеттердің арасында Орталық Азия универ­ситеті, «Қайнар» академиясы, Д. Қо­наев атындағы еуразиялық заң академиясын көзіміз шалды. Жалпы, министрлік ісінің ілгері жүруіне «Атамекен» ҰҚП-ның септігі тиген. Өйткені мемлекеттің грант пен лицензиядан айы­руының алғышарты – кәсіпкерлер палатасы жүргізген рейтинг. Яғни, алдымен ЖОО-ның рейтингі түзіледі. Олжас Ордабаевтың ай­туынша, рейтинг түзуде жұмыспен қамту мен білім беру бағдар­ламасын негізге алады. Мәселен, мемлекеттік гранттан айырылған инновациялық және теле­коммуникациялық жүйелер универ­ситетінде күндізгі бөлімде 1 528 адам оқиды. ҰҚП дерегі бойынша, аталған жоғары оқу орны еліміздегі барлық заңгер түлектің 13%-ына (699 адам) диплом береді. Олжас Ордабаев салыстыру үшін ҚазМЗУ-да 2018 жылы «Құқықтану» ма­ман­дығын 185 түлек тәмам­дағанын айтты, Ал білім бағдарламасына келсек, Орталық Азия универ­ситетінде экономист түлектердің жұмыс табу көрсеткіші 30%-дан аз. Білім беру бағдар­лама­сының өзектілігі 10%-дан төмен екен. Сол сияқ­ты Халықаралық гу­манитарлық-техни­калық университетте «Информатика» маман­дығы түлектерінің 29%-ы ғана жұмыс табады. Тағы төрт мамандық бойынша жұмысқа орналасу көрсеткіші 50%-ға жетпейді. Міне, осындай критерий, білім сапасы көр­сеткіші бойынша министрлік 36 уни­верситетке мемлекеттік білім беру грантын беру­дің керегі жоқ деп шешкен. Бірақ JOO.kz қосым­шасының директоры Қанат Өксік­­баев құзырлы органның тізімді жаздың ба­сында жариялауы керегін айтады. «Мем­лекеттік грант берілмейтіні жайын­да грант конкурсының алдында ғана ай­ыл­ды. Мұны оқушыларға ертерек хабарлауы қажет еді. 36 университет дегеніңіз – аз көрсеткіш емес. Мысалы, кей жоғары оқу орны грант кон­курсына қатыс­пайтынын кеш білді. Талап­кер­лермен тығыз жұмыс істейтін адам ре­тінде ай­та­рым, түлектер бұл жайында ерте­рек білгені жөн», – дейді ол.  

Анықтама талап етпейміз

Жоғарыда аталғандай, «Атамекен» ҰҚП университет түлектерінің жұмысқа орналасу көр­сеткішін тексереді. Бірақ оларға сіз алып кел­ген анықтаманың қажеті жоқ. Өйткені кәсіп­керлер палатасы түлектің жұмысқа орна­ласқан-орналас­пағанын зейнетақы қоры арқы­лы тек­середі. «Атамекен» ҰҚП жасаған білім беру бағ­дарламалары бойынша рейтингтің басым бөлігін пайыздық қатынаста жұмысқа орна­ластыру көрсеткіштері арқылы есептелінді. Бұл жұмыс орнынан анықтама бойынша емес, түлектердің зейнетақы аударымдары бойынша тексерілді. Ал ЖОО қандай мақ­сатпен диплом алу үшін «жұмыс істейді» де­ген анықтаманы талап ететіні бізге белгі­сіз», – дейді ҰҚП Адами капиталды дамыту департа­ментінің сарапшысы Айнұр Болат­қызы.  

Университет лицензиядан қалай айырылады?

Ал лицензиядан айыру жағына келсек, бірінші кезекте оқу орнының білім беру бағы­ты сынға алынады. Содан кейін әртүрлі тексеріс нәтижесі шешімге әсер етеді. Ли­цен­­зияны алу оңай жұмыс емес. Тексеріс 3 кезеңнен тұрады. Бірін­шіден, тексеру жүр­гізілетін ЖОО-ның рейтингі жарияла­нады. Сол бойынша жұмыс жүріп, уни­верситеттегі кемшіліктер жіктеледі. Одан кейін оқу орнына кем-кетікті жөндеу үшін жарты жыл уақыт беріледі. Екінші қайтара жүр­гізілген зерттеуде кемшілік қайтадан анық­талса, үшінші қайтара мүмкіндік беріледі. Егер уни­верситет үш мүмкіндікті де кәдеге жарата алмаса, лицензиядан айырылады. Мәселен, елімізде 25 университет 60 лицензиядан айы­рылды. Яғни, аталған оқу орындары 60 мамандық бойынша білім бере алмайды. Сәйкесінше, оқу орын­дарында 60 мамандық бойынша 15 мыңға жуық студент білім алып жатқан. Білім және ғылым министр­лігіндегі комитет төрайымы Гүлзат Көбенова­ның БАҚ-қа берген мәліметіне сүйен­сек, барлық студент басқа ЖОО-ға немесе өзі оқып жат­қан оқу орнындағы сәйкес келетін ма­ман­дықта білім алуға мүмкіндік алған. Оқыту­шылар үшін де жұмысқа орналасу мәселесі қарас­тырылған. Осындайда Шымкентте инновациялық аймақтық оқу орны жабылғаны еске түседі. Дерек бойынша университетте 35 мыңға жуық студент білім алып жатқан. Ал мұндай студент легі еліміздегі алдығы қатарлы оқу орындары санатындағы ҚазҰУ мен ЕҰУ-да жоқ. Ми­нистрлік аталған студенттерге оқуын басқа уни­верситетте жалғастыру үшін мүмкіндік берген. Бұл құжат, білім сапасы, психология жағынан алып қарасақ та шешілуі ұзақ процесс емес пе? Мына бір фактіге назар аударыңыз, аталған универ­ситетте «Мектепке дейінгі білім беру бағдар­ламасы» мамандығы бойынша еліміздегі мамандардың 27%-ы білім алған. Осы орайда білім сарапшысы Аятжан Ах­метжанұлы елімізде 131 университет, 781 кол­ледж барын айтады. Бұл мектеппен пара-пар көрсеткіш. Бір мектепте 3 мың бала, бір универ­ситетте 10 мың студент оқиды. Кере­ғар көрсет­кіш емес пе? Әлемдік 100-дікке кіретін универ­­­ситеттер көп дегенде 40 маман­дық оқытады. Ал бізде 175 маман­дыққа грант бөлінсе, кей ЖОО соның 160-сы бойынша білім береді. Униве­ситет­терде нақты бағыт жоқ. Қазақ­станда ең ауыры жұмыссыздық емес – біліксіз­­дік», – дейді ұстаз.  

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ