Енді қызметті қолғапша ауыстырудан осы жылдың ең танымал тұлғаларының біріне айналған Айзат Молдағасымова жайына келейік. Пандемия басталғанға дейін аты-жөнін біреу білсе, біреу білмейтін ол Алматы қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы, Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері қыз_метін атқарды. 2017 жылғы тамыз айынан бері Айзат Балтағұлқызының атқарған қызметіне байланысты бірқатар даулы жағдай болған еді. Шет елден коронавирус жұқтырған жолаушымен бір рейсте келген оның жиналыстарға қатысып, ашық жүргенін Қалалық қоғамдық кеңес сынға алып, ақыры 14 күн карантинге оқшауланған болатын. Кейін бас санитарлық дәрігер Орталық клиникалық қалалық аурухана дәрігерлерінің арасында жаппай коронавирус инфекциясы тіркелген кезде олардың өзін «санитарлық нормаларды сақтамады» деп айыптап, бұл аурухана дәрігерлерінің наразылығына алып келді. Дәрігерлер оны жала жапты деп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына хат жазды. Сондай-ақ А. Молдағасымова медицина мамандарын қолдауға бөлінген қаржы есебінен өзіне қомақты сыйақы тағайындады деген ақпарат тарап, алайда ол бұл ақпаратты жоққа шығарды. Осы даулы жағдайлардан кейін көп ұзамай қызметінен кетті. Әйтсе де, арада бірер ай өткенде Жұматов атындағы Гигиена және эпидемиология ғылыми орталығы басшысы қызметіне тағайындалды. Алайда А.Молдағасымова арада төрт ай уақыт өткенде ол қызметінен де босатылды. Денсаулық сақтау министрлігі ол осы уақыттың басым бөлігінде жұмыста болмағанын хабарлады. «Сынақ мерзімінен өтпеуіне байланысты оны жұмыстан босату туралы бұйрыққа 14 қыркүйекте қол қойылды», – деп түсіндірді Денсаулық сақтау министрлігі. «Айзат Молдағасымова 2020 жылдың 3 маусымында қойылған міндеттерді тиімді орындау мақсатында Жұматов атындағы Гигиена және эпидемиология ғылыми орталығының директоры қызметіне қабылданды. Алайда ол уақытша еңбекке жарамсыздық парағын алып, 1 шілде мен 14 қыркүйек аралығында жұмыста болмады. 14 қыркүйектен бастап сынақ мерзімінен өте алмауына байланысты онымен еңбек шарты тоқтатылды», – деп түсіндірді Ұлттық денсаулық сақтау орталығының директоры Дамир Көпжасаров. Алайда Айзат Молдағасымова бұл шешіммен келіспейтін сыңайлы. Ол азаматтық ұстанымдарынан бас тартпайтынын, мәртебесіне қарамай ғылыми қызметкерлердің құқығын қорғайтынын айтуда. Ол көтерген басты мәселе – Гигиена және эпидемиология ғылыми орталығының жұмыс істеу шарттары. «2,5 жылдан аса уақыт бойы жалақы алмаған ғалымдардан бөлек, зертханалардың жабдықталуын айтпағанда, онда тіпті жөндеу жұмыстары жүргізілмеген болатын», – деді ол.Айдос САРЫМ, саясаттанушы: – Алматы қаласы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаевтың қызметтен кетуі әлеуметтік желінің нөпірі ме деп қалдым. Біз онымен Алматы қалалық қоғамдық кеңесте, «Біз біргеміз!» қорының аясында біраз жұмыс істедік. Оның тікелей жұмысына сын айта алмаймын. Бұл жерде екі мәселе бар. Біріншісі – мемлекеттік қызметкер өз сөзіне, іс-әрекетіне ұқыпты болуы керек. Екіншіден – дәл осындай қиын, онсыз да мәселенің үстіне мәселе туындап жатқан кезде, БАҚ өкілдерімен және басқалармен арақатынасты бұзу – тактикалық қате. Ол керемет маман болуы мүмкін, мұндайда ол басқа жағынан жұмысқа кірісу керек шығар. Пандемияның өзі шенеуніктерге біраз нәрсені үйретіп жатыр. Журналистермен қалай сөйлесу керек, қандай сөзді айту, нені айтпау керек, халықтың наразылығы, тағы басқалар бар. Халықпен жұмыс істей білу керек. Сапарбек Тұяқбаевтың басындағы жағдай әсіресе, аймақтарда жұмыс істеп жүрген шенеуніктер үшін ащы сабақ болса жақсы. Айзат Молдағасымованың жайына келсек, оның шет елден келе салып, санитарлық норманы бұзғаны қоғамдық кеңесте қатты сыналған. Бірнеше талап та қойылған. Жауапкершілік деген мәселені адам өзінен бастау керегі айтылған. Сондай пікірлердің бәрінің ықпалы болды. Молдағасымованың қызметтік этика тұрғысынан да жағымсыз әрекеттерін көріп қалдық. Оның кімге қай жағынан туыс екенін дөп басып айта алмаймын, бірақ ол туралы жай ғана бір мақала шыға қалса, «Мынау тағы шықты ма? Не боп кетті? Осыған біреудің күші келе ме, жоқ па?» деген мәселелер көп айтылып кетті. Ақпараттық ашықтық заманында мұндай адамдардың мемлекеттік қызметте жүруі өте күрделі мәселе. Алматы қалалық қоғамдық кеңесі Айзат Молдағасымованың үстінен тиісті мекемелерге бірнеше рет хат жазған. Сол хаттардың да әсері болған шығар деп ойлаймын.
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ