Министрліктің мәліметтеріне сүйенсек, мемлекеттік тұтынушылар құқығын қорғау жүйесіне 19 орталық, 17 жергілікті атқарушы орган кіреді. Олар квазимемлекеттік сектор субъектілерімен бірлесе отырып, жеке тұлғаларға білім беру, денсаулық сақтау, ветеринария, тұрғын үй шаруашылығы, байланыс салалары бойынша жалпы саны 574 қызмет түрін көрсетеді екен. «Сөйте тұра, қатысушылардың ешбірі тұтынушының мүддесіне басты назар салмайды. Тұтынушылар құқығын қорғауға келгенде деңгейді төмен болатыны, статистиканың бұрмаланатыны, жіберген қатенің үстінен жасалған жұмыстың әлсіз жүретіні осыған байланысты», – дейді Бақыт Сұлтанов. «Бизнес иелері тауары мен қызметі сапасын тұтынушылар үшін арттыруға ынталандыратын шаралар атқару керек. Сол мақсатта халықтың құқықтық сауатын арттыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырамын. Сонымен қатар 1 қарашаға дейін тұтынушылар құқығын қорғайтын толыққанды жүйе құруға арнаған шаралар жоспарын жасап, енгізу қажет» деген еді Асқар Мамин.«Әділет» тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестік төрағасының орынбасары Тұрсын Жағыпарова қауымдастық құрылған соң тұтынушылар мәселесі тезірек шешіледі деген пікірде.
Байқоңыр аудандық сотының судьясы Ануар Дәурешов заңға енгізілген өзгерістердің тұтынушылар мүддесін қорғауға көбірек бағытталғанын айтып отыр. «Президент осы жылдың 25 маусымында аталған заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізген болатын. Олар тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған. Осыған байланысты тұтынушылардың шағымдары үш сатыда қаралып, тексерілетін болады. Олар ерікті негізде тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктеріне бірігуге құқылы. Тұтынушылардың құқығы мен заңды мүдделерін қорғауды тұтынушы қоғамдық бірлестіктері қауымдастықтары да қамтамасыз етеді», – дейді судья. Тұрсын Баткенқызының айтуынша, осы кезге дейін тұтынушылар құқығын қорғау туралы заң «азусыз» боп келген. «Неге десеңіз, заң болғанымен, оны қолдайтын кодекс құралы жоқ еді. Ал бүгінде Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекс бар. Соған сәйкес, кәсіпкер тұтынушы арызын қабылдамаса немесе мәселесі заң бойынша шешілмесе 50 АЕК көлемінде айыппұл салынуы керек. Бірақ бізде көбіне кәсіпкерді қолдап кетеді. Ал енді қауымдастықтың мақсаты заңдарды дұрыс қолдана отырып, тұтынушы құқығын қорғау болуы керек», – дейді Жағыпарова.Жоғарғы сот мәліметтеріне сәйкес, осы жылдың сегіз айында соттың қарауына 677 талап түскен. Яғни, бұлар – тұтынушылар құқығын қорғауға қатысты шағымдар. Соның ішінде 385-і қаралып, 306-сы талапкердің пайдасына шешілген. 94 өтініш соңы бітімге келумен аяқталған. Сонымен қатар алғашқы жартыжылдық қорытындысы бойынша, Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті мен аймақтық департаменттеріне 5 682 шағым келіп түскен. Оның ішінде бөлшек сауда саласында – 1 637, әуе тасымалы – 1 568, көлік қызметі – 597, тұрғын үй шаруашылығы – 350, тұрмыстық қызмет көрсету – 318, туристік қызмет – 275, электронды сауда – 156, қаржылық қызмет – 78, қоғамдық тамақтану – 58, медициналық қызмет – 48, байланыс – 45, басқа салалар бойынша 552 өтініш жолданған. Бұл бағыттағы соңғы шулы мәселелердің бірі – Bek Air компаниясы тұтынушылары айналасындағы дау. Билет ақшасын қайтаруды сұраған олар ұжымдық талап жолдаған. Нәтижесінде, мыңға жуық талапкердің талабы оң шешілді. Жалпы алғанда, 2020 жылдың алты айында 85 миллион теңгеден астам сома көлемінде қаражат қайтарылған.
Жадыра АҚҚАЙЫР