«Ел тәуелсіздігін алған тұста қаланың ескі бөлігіндегі тарихы тереңнен бастау алатын А.С.Пушкин атындағы саябақты басыбайлы сатып алдым, енді оны қала билігі заңсыз тартып алып, тіпті ұлы ақынның атын өшіргелі жатыр» деп ол Ресей президенті В.Путинге бейнеүндеу жасап, байбалам салды. Ең сорақысы, «Ақтөбеде өзге ұлттың өкілдеріне қысым көрсетілуде» деп аттандауы елдің ашу-ызасын тудырды. Енді осы мәселенің ақ-қарасын ашып көрейік.
Сонымен, дау тудырып отырған саябақтың аумағы 23 775 шаршы метрдей болады. Кәсіпкердің айтуына қарағанда, саябаққа иелік еткен отыз жылдай уақыттың ішінде талай әкімдермен айқасып, инвестор тартудың жолын таппаған. Осы жылдар аралығында шырша, қарағай, қайың, үйеңкі көшеттерін Ресейден, башқұрт елінен әкеп отырғызған. Енді билік осының барлығын жойып, тоғыз қабатты үйлер салмақшы-мыс. Жөн делік, бірақ оның сөзінің қаншалықты шындыққа саятынын ақтөбеліктер көріп отыр. Қаланың ескі бөлігіндегі көрікті жердің қазір сиқы қашқан. Н.Выходец айтып отырған жүздеген көшеттің отырғызылғаны рас болса, тарихи саябақ бүгінде ну орманға айналып, гүлденіп тұрар еді. Бірақ жағдай мүлдем басқаша. Темір шарбақтарының әупірімдеп сырланғанына бірер жыл болды, ағаштар мүлдем аз, ішкі жолдары әбден тозған, ал балалардың сырғанақ, әткеншектері – Кеңес заманының қалдықтары. Сонда кәсіпкердің көксегені не?
Бұл мәселе биылғы наурыз айында да көтеріліп, Н.Выходец талай жауаптан сырғыды. Қаланың қазіргі басшыларының кәсіпкердің үндеуіне жауабы да көп күттірмегені рас. Бірақ құдды бір әлдекімнің алдында ақталғандай әсер қалдырды. Мәселен, саябақ әрі қарай да мақсатымен пайдаланылады, әлем мойындаған А.С.Пушкиннің есімі сақталып қалады, ендігі ойымыз-жаңғырту, құлпырту деген сыңайдағы ресми жауап жарияланды. Ақтөбе қаласы әкімдігінің өкілі Айгүл Бәйменова: «А.С.Пушкин атындағы саябақ жекеменшікте болуы тиіс емес. Өйткені оның жері – жалпыға ортақ қала меншігі» деген жауап қайырды.
Тәуелсіздіктің елең-алаңында елімізде тек саябақтар емес, халық несібесі есебіндегі талай дүние «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетті. Енді ес жиып, құқықтық нормалар қалыпқа келгеннен соң барымызды әл-ауқатынша түгендей бастадық. Сөйтіп, Ақтөбе қалалық жер комиссиясының 2017 жылғы 25 мамырдағы шешімі, әкімдіктің 2018 жылғы 5 ақпандағы нөмірі 608-қаулысымен Шернияз көшесіндегі саябақ орналасқан 23 775 шаршы метр жер телімі «Ақтөбе қаласының тұрғын үй-коммуналдық бөлімі» ММ иелігіне өткен. Талас-тартыс пен алыпқашпа әңгіме құқықтық тұрғыда осымен тәмамдалуы тиіс еді немесе тараптар сот төрелігі арқылы бір шешімге келуі керек болатын. Бірақ қала басшылығы «Н.Выходец талай шақыртуымызға келмеді» деген уәж айтып отыр. Тіпті, қала әкімі Асхат Шахаров «Саябақ маған дейінгі әкімнің тұсында мемлекет меншігіне өткен» деп жауапкершіліктен қашқандай болады. Міне, нәтижесінде кәсіпкер бүйректен сирақ шығарып, елдің ашу-ызасын қоздырды. Айтпақшы, үндеу авторы облыстық ішкі саясат басқармасында өткен әңгімелесуден кейін «жаздым-жаңылдым» деп ант-су ішкен. Бірақ жауаптылардың жауапсыздығынан, дәрменсіздігінен кімнің кім екені көрінді. Енді осы дау болашақта сабақ болса деген тілек бар.
Серік ӘБДІБЕК,
Ақтөбе облысы