Хостелде кімдер тұрады?
Хостелде кімдер тұрады?
142
оқылды

Айналаңызға көз салы­ңызшы. Бәрі бірінің орнын басу үшін пайда болған. Ішінде қажеттілік себепші болғандары көбірек. Мы­салы, iPhone қымбат бол­ған соң, Huawei балама смарт­фон шығарды. Сол сияқты қонақүйді хостел алмастырды. Әлемде хос­­телді қымбат қо­нақүй­дің арзан баламасы дей­тіндер бар. Ал елімізде хос­тел тоқ­тайтын орын емес, ең­бек мигрантта­ры­ның ме­ке­ніне айналғалы қашан...

100 жылдан астам уақыт бұ­рын әлемді шарлайтындарға арзан жатын орын ұсыну Аме­рика мен Еуропа елдерінде белең алды. Саяхатқа құмар жандар үшін жаңа тыныс ашылды. Хос­телдің негізгі мақсаты да – осы. Мәселен, мұхит асып шетелге жеттіңіз делік. 50 евроға қонақүй жалдағанша, 20 евроға хостелде тұрған тиімді. Өйткені күні-бойы қала аралап келген сізге жатын орын болса жетіп жатыр. Еуротур жасайтын студенттер де хостел қызметіне дән риза. 2017 жылы EXPO-ны тамаша­ла­ған туристердің көбі астанадағы хостелді мекен еткен.

2018 жылғы дерекке сүйен­сек, елімізде 3 мыңнан астам орналасу орны жұмыс істейді. Статистикаға қонақүй, демалыс үйі, пансионат, хостел мен кемпинг кіреді. Қазақстандағы алғашқы хостел ісі 2010 жылдары басталыпты. «EXPO кезінде елордада 95 хостел туристерге қызмет көрсеткен. Шара аяқ­талған соң хостел саны 60-қа қыс­қарды». Бұл – «Астана кон­веншн бюро» ЖШС туризм бө­лі­мінің басшысы Саят Құса­йыновтың мәлімдемесі.

 

Пайда табу көзі

Қазір көпқабатты үйде хостел ашу бизнеске айналды. Booking.com, apartamenty.kz сайтына кірсеңіз, арнайы рейтинг бар. Сайт астанадағы хостелдердің үздік ондығын ұсынады. Орташа бағасы мен орналасу аймағына да көзайым боласыз. Хостелді күніне, айына, сағатына жалдауға болады. Booking.com мәліме­тінше, баға 1 800-16 800 теңге арасында.

Пәтер иесі сол жағалауда үйді орташа есеппен айына 110 мың мен 160 мыңның арасында жалға береді. Ал хостелде тұратын бір адам айына 25 мың теңге ақы төлейді. Екі бөлмелі үйде 16 адам­нан орналастырғанда айына 400 мың теңге табыс әкеледі. Бұл – орташа есеп. 3-4 бөлмелі үйде бұдан да көп адам тұра­тынын ескеріңіз.

Жақында елордада бір пәтер­де 40 адам тұратыны анықталды. Көпқабатты үй тұрғындары ша­ғым жасаған. Сол жағалаудағы тұрғын үй Ақорда, Парламент пен Үкімет ғимаратына, Ми­нистр­ліктер үйіне жақын екен. Көрші үйдегілердің айтуынша, хостелде тұратындар тыныштық этикасынан бейхабар. Арасында ішетіндері, кеш келіп, жұрт мазасын қашыратыны бар. Тұр­ғындар хостелде тұратындардың үй алдына, лифттің айналасына қоқыс тастай беретініне наразы.

Тіпті, тосын оқиғалар орын алады екен. Телеарналардың бі­ріне пікір берген Айжан Мұқа­нова екі жігіттің ерегесіп, бір-бірін жаралағанына куә болған. «Таңғы 3-4 шамасында қабыр­ғаның арғы жағынан дүрсіл мен айғай естідім. Жиһаздарды қи­ратып жатқанын естігенде тө­белес басталғанын түсіндім. Есік­ті сәл ашып қарасам, екі жі­гіт бір-бірін қуып, балконға қарай жүгіріп шықты. Сол жерде төбелесіп, біреуі айғайлап кө­мекке шақырды. «Жарамды та­ңың­дар, жедел жәрдем шақы­рың­дар!» деп жатты. Қанды көр­ген бойда дереу полицияға телефон соқтым» дейді Айжан Мұқанова.

Бұл күндегі жағдайдың бірі ғана. Ел ішінде бұдан асып түсер жайт орын алады. Көпқабатты үй тұрғындарының назы – хос­телдегі адам санында. Бір пәтер­де – 40, екіншісінде – 24 адам тұратыны. Жоғарыдан хостелді жабуға талай рет көмек сұрапты. Қалалық жиындарда мәселе етіп көтерген. Қарастырамыз дегені­мен нақты әрекет болмай тұр.

 

Заң не дейді?

Хостел қызметі 2016 жылы шыққан «Орналастыру қызметі туралы жалпы ереже» арнаулы стандарты аясында жүзеге асады. ҚР СТ 2847-2016-да тұрғын үйлерде орналасқан хостелде 20-25 адамға дейін рұқсат етілген «шағын хостел» санаты бар екен. Бірақ нормативтік нормада атал­ған стандартқа сілтеме норма берілмепті. Хостелдегі тәртіп, гигиена, талап түрлерін қада­ғалайтын арнайы мемле­кеттік орган жоқ. Салдарынан хостел нарығы жүгенсіз кеткен.

Ресейде тұрғын үйдегі хос­телдер тек 1-қабатта орналасады. Өйткені басқалардың тынышын алуға, мазалауға, кедергі келті­руге тыйым салынған. Адам саны да шекті нормадан аспауы қажет екен.

Елімізде тұрғын үйде орна­ласқан хостелдерді қадағалай алмаймыз. Себебі Кәсіпкерлік туралы кодекстің 5-бабы бар. Кодекс тармағы бойынша, әр­кімнің кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне, өз мүлкін кез келген заңды кәсіпкерлік қызмет үшін еркін пайдалануға құқығы бар. Сондай-ақ кәсіпкерлік субъек­тілері кәсіпкерлік қызметті жү­зеге асыру кезінде тең мүм­кін­дікке ие. Сондықтан хостелде­гілердің тәртібіне, тазалығына, жалпы жағдайына үй иесі жауап береді.

Елордада хостелде ұзақ­мерзімді тұратындардың көп­шілігі – еңбек мигранттары. Есепте баласын емдеуге кел­ген­дер мен экотуристер бар. Аты-жөнін өзгертіп беруімізді сұраған кейіпкеріміздің астанада жұмыс істегеніне – 1 жыл. Айнұр бас­тап­қыда жалдамалы пәтерді таңдапты. Жалақы күйі пәтерде тұрақтауды көтермеген соң хостелді жөн көріпті. «Адам көп демесеңіз, қазіргі хостел тәп-тәуір. Бағасы да көңілге қо­ным­ды. 1 жыл ішінде үйреніп қал­дым. Хостел таңдарда келісім­шартқа, тазалыққа, иесіне назар аударамын. Жалдамалы пәтерде тұрғым-ақ келеді. Алайда бағасы тым қымбат. Ал хостелде тұрсам, үй алуға тиын-тебен жинай аламын» дейді ол.

 

P.S

Хостел иелерін тек әкім­шілік жауапкершілікке тартуға болады. Өйткені нақты осы бағытта заң жобасы жоқ. Ресейде биыл Тұрғын үй кодексіне өзгеріс енгізіп, хостел талаптарын жария­лады. Осындайда Жарнама заңын түзетеміз дейтіндер еске түседі. Мектепте бәріне бірдей диктант жаздыртып, артынан тексеретін еді. Әскерде де тәртіп бір. Алды­мен бар фронтты жасақтап, артынан кем-кетігін ескергеніміз жөн секілді.

Шетелге саяхаттасаңыз есте жүрсін – хостел ең дұрыс таң­дау. Әрі ақшаңыздың біраз бөлігін үнемдейсіз. Еуропада хостелі ең қымбат өлке – Рим. Бара қал­са­ңыз орташа есеппен 30 мың теңге төлейсіз. Арзан хостел – Лиссабон мен Бу­да­пеште. 9 мың теңгеңіз болса, Атлант мұхиты жағала­уында түнеп шығасыз.


Айзат АЙДАРҚЫЗЫ