Айналаңызға көз салыңызшы. Бәрі бірінің орнын басу үшін пайда болған. Ішінде қажеттілік себепші болғандары көбірек. Мысалы, iPhone қымбат болған соң, Huawei балама смартфон шығарды. Сол сияқты қонақүйді хостел алмастырды. Әлемде хостелді қымбат қонақүйдің арзан баламасы дейтіндер бар. Ал елімізде хостел тоқтайтын орын емес, еңбек мигранттарының мекеніне айналғалы қашан...
100 жылдан астам уақыт бұрын әлемді шарлайтындарға арзан жатын орын ұсыну Америка мен Еуропа елдерінде белең алды. Саяхатқа құмар жандар үшін жаңа тыныс ашылды. Хостелдің негізгі мақсаты да – осы. Мәселен, мұхит асып шетелге жеттіңіз делік. 50 евроға қонақүй жалдағанша, 20 евроға хостелде тұрған тиімді. Өйткені күні-бойы қала аралап келген сізге жатын орын болса жетіп жатыр. Еуротур жасайтын студенттер де хостел қызметіне дән риза. 2017 жылы EXPO-ны тамашалаған туристердің көбі астанадағы хостелді мекен еткен.
2018 жылғы дерекке сүйенсек, елімізде 3 мыңнан астам орналасу орны жұмыс істейді. Статистикаға қонақүй, демалыс үйі, пансионат, хостел мен кемпинг кіреді. Қазақстандағы алғашқы хостел ісі 2010 жылдары басталыпты. «EXPO кезінде елордада 95 хостел туристерге қызмет көрсеткен. Шара аяқталған соң хостел саны 60-қа қысқарды». Бұл – «Астана конвеншн бюро» ЖШС туризм бөлімінің басшысы Саят Құсайыновтың мәлімдемесі.
Пайда табу көзі
Қазір көпқабатты үйде хостел ашу бизнеске айналды. Booking.com, apartamenty.kz сайтына кірсеңіз, арнайы рейтинг бар. Сайт астанадағы хостелдердің үздік ондығын ұсынады. Орташа бағасы мен орналасу аймағына да көзайым боласыз. Хостелді күніне, айына, сағатына жалдауға болады. Booking.com мәліметінше, баға 1 800-16 800 теңге арасында.
Пәтер иесі сол жағалауда үйді орташа есеппен айына 110 мың мен 160 мыңның арасында жалға береді. Ал хостелде тұратын бір адам айына 25 мың теңге ақы төлейді. Екі бөлмелі үйде 16 адамнан орналастырғанда айына 400 мың теңге табыс әкеледі. Бұл – орташа есеп. 3-4 бөлмелі үйде бұдан да көп адам тұратынын ескеріңіз.
Жақында елордада бір пәтерде 40 адам тұратыны анықталды. Көпқабатты үй тұрғындары шағым жасаған. Сол жағалаудағы тұрғын үй Ақорда, Парламент пен Үкімет ғимаратына, Министрліктер үйіне жақын екен. Көрші үйдегілердің айтуынша, хостелде тұратындар тыныштық этикасынан бейхабар. Арасында ішетіндері, кеш келіп, жұрт мазасын қашыратыны бар. Тұрғындар хостелде тұратындардың үй алдына, лифттің айналасына қоқыс тастай беретініне наразы.
Тіпті, тосын оқиғалар орын алады екен. Телеарналардың біріне пікір берген Айжан Мұқанова екі жігіттің ерегесіп, бір-бірін жаралағанына куә болған. «Таңғы 3-4 шамасында қабырғаның арғы жағынан дүрсіл мен айғай естідім. Жиһаздарды қиратып жатқанын естігенде төбелес басталғанын түсіндім. Есікті сәл ашып қарасам, екі жігіт бір-бірін қуып, балконға қарай жүгіріп шықты. Сол жерде төбелесіп, біреуі айғайлап көмекке шақырды. «Жарамды таңыңдар, жедел жәрдем шақырыңдар!» деп жатты. Қанды көрген бойда дереу полицияға телефон соқтым» дейді Айжан Мұқанова.
Бұл күндегі жағдайдың бірі ғана. Ел ішінде бұдан асып түсер жайт орын алады. Көпқабатты үй тұрғындарының назы – хостелдегі адам санында. Бір пәтерде – 40, екіншісінде – 24 адам тұратыны. Жоғарыдан хостелді жабуға талай рет көмек сұрапты. Қалалық жиындарда мәселе етіп көтерген. Қарастырамыз дегенімен нақты әрекет болмай тұр.
Заң не дейді?
Хостел қызметі 2016 жылы шыққан «Орналастыру қызметі туралы жалпы ереже» арнаулы стандарты аясында жүзеге асады. ҚР СТ 2847-2016-да тұрғын үйлерде орналасқан хостелде 20-25 адамға дейін рұқсат етілген «шағын хостел» санаты бар екен. Бірақ нормативтік нормада аталған стандартқа сілтеме норма берілмепті. Хостелдегі тәртіп, гигиена, талап түрлерін қадағалайтын арнайы мемлекеттік орган жоқ. Салдарынан хостел нарығы жүгенсіз кеткен.
Ресейде тұрғын үйдегі хостелдер тек 1-қабатта орналасады. Өйткені басқалардың тынышын алуға, мазалауға, кедергі келтіруге тыйым салынған. Адам саны да шекті нормадан аспауы қажет екен.
Елімізде тұрғын үйде орналасқан хостелдерді қадағалай алмаймыз. Себебі Кәсіпкерлік туралы кодекстің 5-бабы бар. Кодекс тармағы бойынша, әркімнің кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне, өз мүлкін кез келген заңды кәсіпкерлік қызмет үшін еркін пайдалануға құқығы бар. Сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілері кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде тең мүмкіндікке ие. Сондықтан хостелдегілердің тәртібіне, тазалығына, жалпы жағдайына үй иесі жауап береді.
Елордада хостелде ұзақмерзімді тұратындардың көпшілігі – еңбек мигранттары. Есепте баласын емдеуге келгендер мен экотуристер бар. Аты-жөнін өзгертіп беруімізді сұраған кейіпкеріміздің астанада жұмыс істегеніне – 1 жыл. Айнұр бастапқыда жалдамалы пәтерді таңдапты. Жалақы күйі пәтерде тұрақтауды көтермеген соң хостелді жөн көріпті. «Адам көп демесеңіз, қазіргі хостел тәп-тәуір. Бағасы да көңілге қонымды. 1 жыл ішінде үйреніп қалдым. Хостел таңдарда келісімшартқа, тазалыққа, иесіне назар аударамын. Жалдамалы пәтерде тұрғым-ақ келеді. Алайда бағасы тым қымбат. Ал хостелде тұрсам, үй алуға тиын-тебен жинай аламын» дейді ол.
P.S.
Хостел иелерін тек әкімшілік жауапкершілікке тартуға болады. Өйткені нақты осы бағытта заң жобасы жоқ. Ресейде биыл Тұрғын үй кодексіне өзгеріс енгізіп, хостел талаптарын жариялады. Осындайда Жарнама заңын түзетеміз дейтіндер еске түседі. Мектепте бәріне бірдей диктант жаздыртып, артынан тексеретін еді. Әскерде де тәртіп бір. Алдымен бар фронтты жасақтап, артынан кем-кетігін ескергеніміз жөн секілді.
Шетелге саяхаттасаңыз есте жүрсін – хостел ең дұрыс таңдау. Әрі ақшаңыздың біраз бөлігін үнемдейсіз. Еуропада хостелі ең қымбат өлке – Рим. Бара қалсаңыз орташа есеппен 30 мың теңге төлейсіз. Арзан хостел – Лиссабон мен Будапеште. 9 мың теңгеңіз болса, Атлант мұхиты жағалауында түнеп шығасыз.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ