Бізге белгілісі, бар мәселе басшылықтың тенниспен айналысу құнын өсіргеннен кейін туындаған. Тек санаулы балаларды ғана тегін оқыту үшін арнайы іріктеу өткізіп, қалғандарын айына қомақты ақша төлеуге міндеттемекші. Ал ата-аналар бұған үзілді-кесілді қарсы шығып, наразылықтарын білдіріп отыр. Олар орталықтың тәлімгерлерді сонша жыл тегін жаттықтырып, енді ақылы қылғанын түсіне алмай пұшайман болуда. 9 жыл бұрын «Дәулет» спорт кешеніне ауысқан теннисші Сәбина Байғали сол кезде бұлай өкінемін деп ойламағанын айтады. Ол сонымен қатар соңғы 5 жылдықта бапкері Виталий Павловтың жас теннисшіні кемсітіп, менсінбей, спорттық жарыстардан қалыс қалдырып, жолын бөгегенін де жасырмай жайып салды. Жас теннисші түрлі турнирде жеңіске жеткені, алған алғысхаттары мен медальдарының бүгінде түкке де жарамай тұрғанына қапалы.
– Маған және тенниспен айналысатын кейбір балаларға бапкеріміз Виталий Павловтың тарапынан кемсітушілік, ашық қудалау, қоқан-лоқы көрсету бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатыр. Шынымды айтсам, қатты шаршадым. Бұған дейін түрлі жарыстарда жақсы жетістіктерге қол жеткіздім. Соңғы іріктеу турнирінде жинаған ұпайымды есепке алмады. Үлкен тенниске бет бұрған өзге балалардың кейбірі де осылай арпалысып жүр. Әңгіменің түп төркіні ақшада жатыр. Теннис орталығы әуесқой тенниспен айналысатындардың ақысын көтермек. Бүгінгі күнге дейін жас теннисшілер спорттық үйірмеге тегін қатысса, енді 120 мың төлеуі тиіс, – дейді Сәбина.Сол іріктеуден Сәбинадан бөлек өзге де үздік теннисшілердің көбі өтпей қалған. «Бұл спортшы болуға талпынған баланың жігерін жасытып, сағын сындырады ғой», – дейді теннисші қыздың әкесі Байғали Момбеков.
– Спортта қаракөздеріміздің саны аз. Олар көбіне шеттетіліп жүретінін күнделікті өмірде жиі көріп, байқап жүрміз. Бұл балалар спортында да белең алған. Көпшілігі теннисті еуропалық спорт түрі, қазақтарға келіңкіремейді деп ойлайды. Қазақтар көкпарға, күреске, боксқа икемді деп ақтап аламыз. Бұл дұрыс емес. Содан да болар, жақсы нәтижеге қол жеткізе алмай келеміз. Теннис федерациясының құрылғанына 28 жылдай уақыт болды. Алайда қазіргі кезде елімізден ауыз толтырып айтарлық қазақтың мықты теннисшілері шыққан жоқ. Көбінесе легионерлерге иек артамыз. Ең өкініштісі, балалар спортына дендеп көңіл бөле алмай жүрміз, – дейді ол.Дияс Досқараев кеткен соң, оның орнына Америкадан басқа маман келіп басшы болғанын айтқан Байғали Момбеков содан бастап теннис ақылы болғанын әңгіме барысында айтты.
– Жаңа талапқа сай орталықтағылар турнир ұйымдастырып, жеткіншектерді іріктеуден өткізді. Үздік көрсеткіш көрсеткен қызымды ақылы бөлімге жіберіпті. Іріктеуден өтпеген өзге де тәлімгерлер енді ай сайын 120 мың теңге төлеуі керек екен, – деген Байғали Түймебайұлы қазіргі уақытта қызының қатарластарымен бірге басқа бапкерлерге ақысын төлеп, жаттығып жүргенін айтты.Іріктеуден өтпей қалған қызының ертеңгі күніне алаңдайтынын тілге тиек еткен Раушан Тойшыбаева да басшылықтың шығарған шешімімен келіспейтіннің бірі.
– Жақында іріктеу болды. Менің қызым ғана емес, біраз балалар ақылы бөлімге ауыстырылыпты. Неге десеңіз, олар айына балалардан 120 мың теңге төлем алғысы келеді. Қызым тенниспен 10 жылдан бері айналысып жүр. Сонша жыл спортпен айналысып жүріп, неге қомақты ақша төлеуіміз керек, – дейді ол.Ал «Дәулет» теннис орталығының басшылығы ата-аналардың «іріктеу турнирін өткізді дегені жалған, олардың өкпелеуге еш құқы жоқ» деп отыр. Бірнеше жылдан бері балалар тенниске тегін қатысып келді, ендігі кезекте тек спортқа жаңа келгендер ғана бастапқы кезде ақысыз жаттығуы керек деп есептейді.
– Ата-аналар балаларының тегін жаттығуға қатыспайтынына наразы. Бұған дейін теннисшілер федерация арқасында тегін жаттықты. 28 қыркүйек пен 1 қараша аралығында іріктеу турнирі өтеді. Сол турнирде кімнің мықты, кімнің тегін жаттыға алатынын көреміз. Бірақ бұл турнирге федерацияға қарсы ата-аналар балаларымызды қатыстырмаймыз деп отыр. Тенниспен кәсіби шұғылдану мүмкіндігі тек 18 балаға берілу керек қой, – дейді Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Юрий Польский.Біздің білуімізше, басшылық бапкерлердің жалақысы мен коммуналдық шығындарды балалардан түскен ақшаның есебінен өтемекші екен. Сондай-ақ спорттық топқа бұрынғыдай 40 емес, 18 бала ғана алынатын болған. Қалғандары әуесқой топқа ауысып, бапкермен ақылы түрде жаттығуы керек. Ал жас теннисші Сәбина Байғалидің жеке бапкерін кінәлау мәселесіне келер болсақ, қазіргі кезде аталған жайт бойынша Теннис федерациясында қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр. Ішкі тексеру комиссиясының құрамына психологтер тартылған. Барлық деректердің ақ-қарасын ашу мақсатында жүргізілетін тексеріс жұмыстары екі аптаға созылады. Тек сол кезде ғана нақты шешім қабылданбақ.
Абылайхан ЖҰМАШ