Ішің күйсе, тұз жала!
Ішің күйсе, тұз жала!
644
оқылды
Кей шалдарда сақал бар, қа­зақта мынадай мақал бар: «Ішің күйсе, тұз жала!» Күні кеше Пре­зидент жариялаған Жолдауын оқыған кейбір кертартпалардың іштері өрт болып, күйіп жатқан бо­лар? –Масқара, енді мемлекеттік  қызметкерлердің саны қысқаратын болыпты! –Не дейсің? –Жолдауды оқымадың ба, не? –Ішім ашып барады! –Мә. –Бұл не? –Сиыр жалайтын қара тұз. –Оны қайтемін? –Ішің күйсе, тұз жала. Енді  біз қысқартыламыз. Азғантай мекемеге далиған дамбалдай мамандардың қажеті не? Ия, ендігі кезекте мемлекеттіңк қызметкерлердің саны қысқар­тылатын болды. Ішің күйсе, тағы да тұз жала! –Мені соттайтын болды! –Неге? –Түсімде көршімді пышақтап өлтіріп қойыппын. –Ол түсің ғой? –Ия, көршіме түсімді айтып нем бар десеңші? Дереу сотқа беріпті! Түсінде мені өлтіруден тайынбаған бұзақы өңінде өлтіруден тайынбайды деп жазыпты. –Сосын? –Сот көршімнің ығына қарай жығылып жатыр! –Қай-қайдағыны айтпашы. –Көршім соттың алақанына ақша қыстырса керек. –Сонда соттың кім болғаны? –Парқор болғаны... Дәл осындай сот оқиғасы бола қоймас, дегенмен соттардың әділ­етсіздігі,көпе–көрнеу істі қара майға малындыра салатыны жасырын емес. Президент жол­дауында былай де­лінген: « Сот шешімдерінің сапасын арттыру үшін бірқатар маңызды шараларды жү­зеге асыру керек. Де­генмен, сот шешімдерін мұқият талдау жұмысын жолға қойып, бірыңғай сот тәжірибесін орнықтыру қажет. Азаматтарымыз жария-құқықтық дауларда билік орган­дарының ше­шімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде көп жағдайда теңсіздік ахуалында қалып жатады. Сондықтан, осындай теңсіздіктерді болдырмау мақсатында дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде әкімшілік әділет құрылымын енгізу қажет.» Міне, көрдіңз бе, жолдауды жіті назарға алыңыз, ал ішіңіз күйіп бара ма, дереу тұз жалаңыз! –Ей, инспектор, былай тұр, атам. –Атпа, атсаң, арам қатам... –Жолымды бөгеме. –Өз еркіңмен беріл, сөзден көбік жеме. –Киіктерді қызғанба! –Тоқта, бостан –босқа жын­данба! Көрдіңіз бе, браконьерлер құтырып кетті, талайы құрықтан сытылып кетті. Құқық қорғау­шылардың шешімі жеңіл жаза болды, тіпті,  елімізде бір–екі инспектор қаза болды. Олар таби­ғатты таптап, ар-ұяттан аттап, аң біткенді ата бастады, сөйтіп, қыруар байлыққа бата бастады. Ал, жолдауда былай делінді: «Бүгінде броконьерлер сақадай–сай жаб­дықталып, қаруланған және өз­дерінің жазалана қоймайтынына сенімді. Биылдың өзінде жануарлар әлемін қорғап жүрген екі инспектор браконьерлердің қолынан қаза тапты. Бұл тек бір ғана мысал, алайда браконьерліктің тамыры тереңге жайылған, соның ішінде бұл құқық қорғау органдарының  сал­ғырттығынан болып отыр. Бро­коньерлер ұлттық байлығымыз – табиғатымызға аяусыздықпен орны толмас зиян келтіруде.  Үкіметке екі ай ішінде тиісті заңнаманы қатайту үшін шұғыл шараларды қабылдауды тап­сырамын.» Ал, құрметсіз броконьер мырзалар, іштерің күйсе, тұз жа­лаңдар! –Балам, өскенде кім боласың? –деп сұрады әкесі. –Қорқытып, ақша табамын. –Ондай мамандық жоқ қой, балам? –Неге? Бар. –Қандай? –Сыбайлас жемқорлармен күресетін органда жұмыс істеймін. –Ол жерде сыбайлас жем­қолармен тек күресесің ғой? –Оой, әкетай, күрескен болып жүріп, қорқытып, қырып салмаймын ба? Ақшаның өзің ұшып келе бастайды! Міне, сіз сыбайлас жем­қорлықпен күресетіндердің бәрі күресе береді дейсіз бе? Күрескен болып, жығыла салады, немесе қорқытып ақшаға, байлыққа ба­тындар да бар. Астанада, Алматыда, Шымкентте қос-қостан үй сатып алып, астыларына  «Джип» мінген , отызыдң ішіндегі сыбайлас жем­қорлықпен күресетін жігіттердің жапырып жегендері сонша, ауыз­дарынан ақ май ағып жүр. Сонда олар үкімет белгілеген айлықтарымен ғана күн көріп жүр дейсіз бе? Бір кездері сыбайлас жемқорлықпен күресудің бастығы болған Мақсат Дүйсеновтің өзі бүгінде шетел асып кетіп қалған жоқ па?  Ал, Жолдауда былай жазылған: « Заңсыз және арандатушылық әрекеттерге барғаны үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс–қимыл органдарының қызметкерлерін қатаң жазалау керек. Ондай қыз­меткерлерге тергеу саласында орын жоқ.» Ал, керек болса! Жемқорлығын жасырып, өтірік декреттік де­малыста жүрген қызметкерлер, іштерің күйсе, тұз жалаңдар! –Стюардесса! –Не  бұйырасыз? –Маған ет асып әкеліңізші? –Жындысыз ба? –Жындылар ұшаққа отыр­майды. –Бізде ондай қызмет жоқ. –Онда билет құны неге сонша қымбат? –Оны басшылықтан сұраңыз. –Стюардесса? –Ау? –Бәлау. Маған палау пісіріп әкеліңізші? –Біріншіден, маған бәләу деп тіл тигізбеңіз, екіншіден, сіз ресторанда отырған жоқсыз! –Онда неге билет құны қымбат? –Мен қайдан білейін? –Стюардесса? –Ау? –Бәләу емес... Маған билеп беріңізші? –Сіз ішіп алғансыз ба? –Ия. –Не іштіңіз? –Айран. –Әй, қайдам... Бізге билеуге болмайды, билесек, жағдайымыз оңбайды. –Онда билет құны неге сонша қымбат? Шетелде ұшақ билеттері біздікінен отыз пайыз төмен екен.Стюардесса? –Ау? –Ештеңе... –Сіздің бір ноқатыңыз кем бе? –Жоқ, билет құнын есеп­теген­дер­дің бір ноқаты кем. Жолаушы орнынан тұрды да, стюардессаның бетінен сүйіп алды. –Бұл не? –Билет құнына кіреді... Стюардесса қыз бетін басып қашып кетті, ал жолаушының жүрегі дүрсілдеп, қан қысым тасып кетті... Міне, көрдіңіз бе, Жолдауда былай жазылған: «Мысалы, сұ­ранысы жоғары бағдарлар бо­йынша негізгі әуе тасымалдаушы белгілейтін билеттердің  құны неге сонша қымбат? Оның бағасы еу­ропаға қарағанда отыз пайызға артық. Біздің әуежайда көрсетілетін қызметтер құнының салыстырмалы түрде жоғары болуын қалай түсіндіруге болады?» Міне, ендігі жерде Жолдаудағы сыннан кейін тексерулер бас­талатыны анық. Әуежай басшы­ларының іштері күйіп отырған шығар? Іштерің күйсе, тұз жа­лаңыздар! –Билет бар ма? –Жоқ! –Неге жоқ? –Жоқ деген сөз жақсы. –Астанаға жетуім керек еді? –деді жолаушылайтын азамат кассада отырған қызға мұңая қарап. –Билет жоқ дедім ғой сізге? –Енді қайда олар? –Қолдан алыңыз. –Қайтем енді? –Сізде бет жоқ екен! Осындай келеңсіздік темір жол бекеттерінде көп кездеседі.  Билетті әдейі қолдан тапшыландырады. Бұл көлеңкелі бизнестің тамыры тереңге жайылған. Жолдауда бұл келеңсіздікке де ерекше көңіл бөлініпті: «Тиісті министрлік пен ведомстволардың салғырттығына байланысты темір жол билеттерінің тапшылығы қолдан жасалып отыр. Бұл салаларда тез арада тәртіп орнату керек.» Темір жолда тәртіп тәлтіректеп тұр. Іштерің күйсе, тұз жалаңыздаар, шенеунік мырзалар! –Сіз аким? –Ия. –Мен шетелдік азамат. Кон­годан. –Хош келдіңіз! –Жер сатады? –Жоқ. –Жер асты? –Жоқ! –Акча береди. –Жоқ! –Неге? –Түрме  орын жоқ. –Мен тауып береді.. Кө­мектеседи. –Рахмет, менің атым Ахмет. Сау болыңыз! –Окэй, менин атим Сокей. Осындай, отанын , жерін сатпайтын әкімдер бар біздерде! Әкім десе жаман ойламайық! Әкім әркім емес! Жер сатылмайды! Президент жолдауында солай деді. Ей, жер сатқысы келетіндер, іштерің күйсе, тұз жалаңдар!  

Мұхтар ШЕРІМ