Әз Маңғыстау әзілдері
Әз Маңғыстау әзілдері
250
оқылды
Маңғыстау өңірінде «Қошанай айтқан екен» деген әңгімелер өте көп. Иманды болғыр, ол кісі өмірден өтіп кеткен. Бірақ, көзін көрген, айтқан әңгімелеріне куә болған мыңдаған адам қазір де бар. Оқтаулы мылтық сияқты, реті келгенде айта салатын, бірақ тыңдаушылар күлкіден құлап қалатын адам болған дейді.  

МҰРЖА

Қошанайдың айтқыш дегенін естіген қисық мұрын кісі Қошекеңді сөзге тартпақ болып тиісіп қоймайды. Әлгінің сөзіне мән бермесе де, қисықмұрын темекісінің түтінін Қошанайдың бетіне үрлейді. Сонда Қошанай: -Аға, түтініңіздің кемі жоқ, бірақ мұржасы келіспеген екен,- депті. Жұрт ду күледі. Сол жерде бір тақырбас көсе жігіт қатты күліп: -Аға, маған не айтасың? – депті. Сонда Қошекең: -Сенің жағыңды айырып, тісіңді қағып қазанға сала қоятын екен,- депті.  

ҚҰЖАТТАН ҚҰДАЙ ТОНАПТЫ

Бір әженің паспорты жоғалып кеткен екен. Қайтадан шығаруды біреуге тапсырғанмен, ол адам анау-мынау деп жүргенде бес-он жыл өтіп кетсе керек. Әйтеуір бұйырған күні құжатты алыпты. Ертеңіне жасы келген әже о дүниеге аттанып кете барыпты. Кемпірдің садақасына барып тұрған Қошекең: -Апайды құдекең танымай жүр екен, құжаты келген соң жанын алыпты, - депті.  

ҚҰЛАҚ ҚИҒАН

Бірде ауылда милиция келіп, тұрғындардың бәрін жинап үлкен жиналыс болыпты. Сонда біреу «ұрылар менің түйемнің оң құлағын қиып кетті» десе, екіншісі «менің түйемнің сол құлағын қиып кетіпті» деп жатса Қошекең «Бұлар түйе ұрлап жүргендер емес, түйе құрастырып жүргендер шығар» депті.

***

Бірде Жармышқа қайынжұртына көрісе келіпті. 90-шы жылдардың бас жағы. Ауылға айлыққа жаздырып күріш берген екен. Қай үйге барса да ет қосып күріш береді дейді. Кезекті бір үйге барса, ол үй де шәйға ет қуырып күріш пісіріпті. Сонда Қошекең қасындағы адамға «Мыналар бірінікін бірі жылытып беріп жүргеннен сау ма?» деген екен.  

БЕЙНЕТ

Қошанай бірде Рахат деген құрдасының көлігімен мал қарап шығып, машиналары далада бұзылып қалып ауылға жаяу қайтыпты. Қошанай сонда құрдасына: -Рахат дегенге еріп жүрсем, қу бейнет екенсің ғой!, - депті.  

ҚОЙ ҚОРА

Қошанайдың қой қорасы өртеніп жатса керек. Завферма көршісі үй ішімен дымы қалмай шелекпен су тасып сөндіріп жүр екен. Қолын артына қайырып алыстан қарап тұрған Қошанайға шыдамай кеткен көршісі: -Ай, Қошанай, қора сенікі, неғып тұрсың?,- десе, - Жақында Мерген емшіге барып едім. «Қораңа мал бітпейді. Ішін отпен аластамасаң болмайды» деп еді. Жақсы болғанын қарашы, - депті Қошекең.  

ТОЙҒАН ҚОЙ

Қошекең қой кезекке шығып ұйықтап қалыпты. Сөйтсе қойлардың алды сағат үш - төртте кетіп қалыпты. Содан кешкі алтыдан кете ауылға келсе, ауылдың адамдары «малды неге ерте жібердің» деп ұрысып жатыр дейді. Сонда Қошанай «Шөпке тойған қойларды ауылға жібере бердім» деген екен.  

ЖАҚСЫ БОЛДЫ

Бірде Қошекең құрдасымен мал қарап шықса, машиналары аударылып қалыпты. Төрт дөңгелегі аспанға қарап жатқан көліктен екеуі зорға дегенде шығып, шетке қарай барып отырыпты Сол кезде Қошекең құрдасына қарап «Жақсы болды ғой, астын қарап алсайшы» деген екен.  

КЕЛЕСІ ЖОЛЫ

Қошанай көлігін жөндеп жатқанда бұрын үш рет үйленген жиені тағы келіншек алып келгенін хабар­лап. Тойға шақыра келген балаға Қошекең «Сәлем айтарсың, қолым тимей жатыр. Келесі үйленгенде қалмай барамын» депті.  

Жинаған Айшуақ ДӘРМЕНҰЛЫ