Президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирустың екінші толқынына сақадай-сай болуды тапсырды. Алматы қаласындағы ауруханаларды аралап шыққан Мемлекет басшысы іссапар кезінде осындай тапсырма жүктеді. «Қазір әлемдегі ахуал өте қиын. Еуропа мен Америкада екінші толқын жүріп жатыр. Пандемияның бірінші толқынынан үлкен сабақ алдық. Бұл тәжірибе бізге әлі керек болады. Оңай болған жоқ. Қателіктер кетіп жатты. Соның ішінде Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан да. Бірақ сол қатемен жұмыс істедік. Сол себепті екінші толқынға дайын болайық», – деді Тоқаев. Бүгінде Ұлттық кардиохирургиялық орталық, University Medical Center корпоративтік қоры мен Назарбаев университетінің зертханасы бірлесіп, постковид синдромын зерттеуге қатысты жобаны қолға алып жатыр. Бұл туралы Ұлттық кардиохирургиялық орталықтың басқарма төрағасының міндетін атқарушы Махаббат Бекбосынова хабарлады. «Ковидпен ауырып шығу бір басқа, одан кейінгі постковид синдромы деген бар. Бір-екі айдан кейін қазақстандық науқастар бас ауруы, жадының нашарлауы, көз көру мен құлақ есту қабілетінің төмендеуі сияқты түрлі мәселелерді айта бастайды. Өйткені COVID инфекциясы ағзаны толық зақымдайды. Коронавирус пневмониясының ең ауыр формасы – артериялық гипертония. Бізде коронавирустан қайтыс болғандардың жартысында осындай артериялық гипертония болған. Бірақ егер науқас қан қысымын бақылауда ұстаса, аман қалу мүмкіндігі жоғары», – дейді Бекбосынова.Ковидпен ауырып шыққандардың 80 пайызы постковид синдромын бастан өткерген деседі. Жеңіл түрде ауырғандардың өзінде бұл белгілер болады. Бұл жердегі қиын мәселе – денсаулығы онсыз да мәз емес азаматтардың жағдайы ауырлауы ықтимал екені. Сондықтан тәуекел тобындағылар бұған бейжай қарамағаны дұрыс. Тұрғылықты мекенжайы бойынша емханаға тіркеуге тұрып, дәрігердің бақылауында болғаны абзал. Сонымен қатар қандай да бір асқынған белгілер байқалса, бірден дәрігер шақыру керек. Үйде, өздігімен емделуге тырыспау қажет екенін мамандар бірауыздан ескертіп жатыр. Осыған дейін белгілі болғандай, коронавирус бірінші кезекте өкпені зақымдап, вирустық пневмония тудырады. Бірақ соның өзінде әркімде әртүрлі өтеді. Іс жүзінде көріп отырғанымыздай, бірі өзінің ауырғанын білмей қалса, енді бірі бір өліп-тірілгендей болды. Вирус жұқтырғаннан кейінгі салдардың ішінде қантамырда тромбтардың түзілуі бар. Ол болса тромбоэмболияға, тіпті өлімге душар етуі мүмкін. Әсіресе, көп отырып, аз қимылдайтындарда тромбоз қаупі жоғары.
Көлік жүргізуге болмайды
«Кемедегінің жаны бір» демекші, ковидпен ауырғандар әлеуметтік желіде белсенді түрде ой бөлісіп, ортақ чаттарда пікір алмасады. Мысалы, Facebook желісінде – COVID-19 survivorcorps, Telegram-да «Запахи/вкусы после COVID-19» деген топ бар. Ол жерде көпшілігі шаш қатты түсіп жатқанын, дәм мен иіс сезуде үлкен проблема туындап жатқанын айтып шағымданған. «Өте қатты терлейтін болып кеттік. Жұмыртқа, ет, пияз жей алмаймыз. Мұрнымызға келетін иістің қандай екенін нақты суреттеу қиын. Құдды шіріген иіс секілді. Басында иіс сезбей қалған едік. Бұлай жүргеннен мұрын бітелгені жақсы сияқты. Кейде таттың иісіне ұқсап кетеді. Үйден гөрі далада көбірек мазалайды. Терезе ашса да сондай иіс келеді» деген сарындағы жазбалар жетерлік. Құтылудың амалын іздеген олар соя етін, кептірілген тағамдарды жеуге көшкен.
«Бүгінде науқастардың дені сауығу сатысын білмей, симптомдарды шатастырып алып жатыр. Сөйтіп, қайтадан антибиотик ішіп, антикоагулянттарға қайта оралып жатқандар бар. Олай етуге болмайды. Өйткені бұл ағзаны әлсіретеді. Анализ тапсырып барып, ем алу қажет», – дейді пульмонолог Айжан Ерназарова. Дәрігердің айтуынша, жыл сайын қыста пневмония, ОРВИ сырқаттарына шалдығатындар көрсеткіші бірден өсіп кетеді. «Коронавирусқа дейін өкпе-тыныс ауруларын, өлім-жітім көрсеткішін БАҚ аса жазбайтын. Енді көбірек ақпарат беріліп, өлім саны айтылғандықтан жұрт алаңдай бастады. Екінші толқынның қаншалықты деңгейде өтерін дөп басып айту мүмкін емес. Тек жалпылама айтқанда, жыл сайынғы бронхит, пневмонияға коронавирус инфекциясы қосылады. Сондықтан алдын алудың жалғыз тәсілі – сақтық шараларын ұстану».
Балалардың өлім-жітім көрсеткіші төмен
Бұдан бөлек, әлемдік ғалымдардың балалар денсаулығына қатысты дабылы жайлы да айта кету керек. Балаларда коронавирус инфекциясына байланысты мультижүйелік қабыну синдромы (MIS-C) болуы мүмкін. Бұл жағдайда жүрек зақымдалып, өмір бойы дәрігердің бақылауын қажет ететін дәрежеге жеткізеді дейді. Мұндай пікір The Lancet медициналық журналында жарияланған зерттеу нәтижесінде айтылды. MIS-C ауру симптомсыз инфекциядан 3-4 аптадан кейін сап-сау балалардан да табылуы мүмкін екен. Бұл туралы медицина докторы, Техас университетінің медициналық ғылымдар орталығының магистрі Альваро Морейро мәлімдеді. «Зерттей келе, аталған синдромның аурудың айқын белгілерінсіз пайда болғанын көрдік. Бұл – қорқынышты. Балаларда еш белгі болмай, бірер аптадан соң денесі қабынуы мүмкін», – дейді Морейра.Зерттеу жасаған топ постковид синдромының әлем бойынша тіркелген 662 дерегін талдаған. Соның нәтижесі былай болыпты: балалардың 71 пайызы интенсивті терапия бөліміне жатқызылған, стационарда 7-9 күндей емделген, бәрінде безгек болған, 73,7 пайызында диарея, 68,3 пайызында құсу белгілері кездескен. 90 пайызына ЭКГ жасалып, оның ішінде 54 пайызында нормадан ауытқу байқалыпты. Балалардың 22,2 пайызына өкпені жасанды жолмен желдету аппаратттары қажет болған. 11 бала өмірден өткен.
Айжан Ерназарова балаларда мұндай синдромның байқалып отырғанын растап отыр. «Атап айтқанда, дене қызуы көтеріліп, асқазан-ішек жолдарында өзгерістер болып, әсіресе бөртпе, конъюнктивит пайда болып жатыр. Негізі бөртпеге баса мән беру керек. Осы белгілердің бірін байқасаңыз, бірден дәрігерге хабарласыңыз. Өйткені мультижүйелік қабыну синдромы байқалған баланың ауруханада болғаны дұрыс. Тағы бір айта кетерлігі, бір емес, бірнеше дәрігер бақылауында болуы керек. Атауының өзі мультижүйелік болуы сол себепті. Әлем бойынша балалардың өлім-жітім көрсеткіші төмен. Бізде тіпті тіркелмеген. Дегенмен ата-аналар өздері үшін де, балалары үшін де сақ болғаны жөн», – дейді дәрігер. Әзірге синдромды емдеудің тиімді тәсілі нақтыланған жоқ. Бастысы, сақтық шараларын сақтау арқылы денсаулыққа мән беру.
Жадыра АҚҚАЙЫР