– Отандық өндірушілер ішкі нарықты қамти алмаса, Еуразиялық одақ елдерінен тауар импорттауға болады. Ресейден әкелінетін құс еті Еуразиялық одақтың тарифтерімен келеді. Шетелдік еттің құны біздікінен төмендеу. Сондықтан күрт қымбаттайды деу қиын. Ал жұмыртқа тез бүлінеді, тасымалдауы бар, сақтауы бар. Ол қымбаттауы мүмкін. Шетелдік тауар өндірушілер логистикасын тез-тез реттесе, қазіргі сақталады. Егер логистиканы дұрыс ұйымдастырмаса, карантин шектеулері алыс-берісті тежеп тастаса, баға өседі. Ондай жағдайда құс етін көп тұтынатын үйлер мал етіне көшеді, – дейді сарапшы.Ал АШМ Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметовтің пікірінше, бұл індет құс еті мен жұмыртқа құнына онша әсер етпейді.
– Қазір Қазақстанда жұмыртқа өндірумен 35 құс шаруашылығы кешені айналысады. Олар қуаттылығы ішкі нарықты толық қамтып отыр... Отандық құс фабрикалары жыл сайын 5 миллиардтан астам жұмыртқа өндіреді. Ішкі нарықтың қажеттілігі 106 пайыз қамтамасыз етілген, – дейді шенеунік. Е.Ахметовтің айтуынша, биыл жұмыртқа бағасы былтырғымен салыстырғанда бес пайыз арзандаған.Қазақ ұлттық аграрлық университеті Ара, құс және балық шаруашылығы кафедрасының меңгерушісі Шоқан Әлпейісовтің ойынша, құс өнімдерінің бағасына құс тұмауы онша әсер етпейді.
– Бұл бірінші тұмау емес. Соңғы 10-15 жылда екі-үш рет осындай эпидемиялар жүріп өткен. Ірі фабрикаларға әлі вирус жеткен жоқ. Себебі фабрикалар жекеменшік қожалықтар сияқты құсты жайылымда ұстамайды, жабық қорада бағады. Жабайы құстармен байланысқа түсірмейді. Әртүрлі ауруға қарсы вакциналау жұмыстарын жүргізеді. Егер де бір себептермен ауырған бір көгершін фабрикаға кіріп кетсе, жұқтырады. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданындағы «Бескөл» құс фабрикасында тұмау жабайы қаздан жұғып, біраз құс ауырып өліп қалды. Сондықтан індет фабрикаларға тимесе, қымбатшылық болмайды. Құс өнімдерінің бағасы негізінен жем-шөпке байланысты. Өнімнің өзіндік құнын есептегенде 70 пайыз шығыны жемшөпке жұмсалады. Биыл бидай, арпа қымбаттаса, онда баға шарықтауы ғажап емес, – дейді профессор.Рас, құс тұмауынан кейін сала мамандарын мазалайтын басты мәселенің бірі – жем бағасы. 3 жыл бұрын құс өсірушілер бидайдың бір тоннасын 40 мың теңгеге сатып алатын. Биыл «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» бидайдың тоннасын 80 мың теңге төңірегінде бекітті. Отандық кәсіпкерлерге өнімді қымбаттату тиімсіз. Біздегі баға көтерілсе, ішкі нарықты Ресей тауарлары жаулайды. Кезінде ірі құс фабрикаларына бір жұмыртқаға 3 теңге субсидия бөлінетін. Биылдан бастап бұл сома екі есе қысқарды. Ал құс етіне субсидия бұрынғы деңгейде тұр. Қазақстан Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының басшысы Максим Божко: «дүкендерде тауық еті мен жұмыртқаның бағасы баяғыдай», – дейді. Егер құс тұмауын жедел жеңсек, қымбатшылыққа ұрынбайды екенбіз.
– Құстар 10 пайыздан артық қырылмаса, құс еті мен жұмыртқа құны көтерілмейді. Одан асып кетсе, әрине қымбаттайды. Алайда халықтың төлем қабілетін де қаперде ұстау қажет. Құс етінің бағасы сиыр, қой етімен теңессе, біз тұтынушысыз қаламыз, – дейді Максим Божко.Кеше ғана Шымкенттен бір танысым хабарласты.
– Өткен аптада біз жақта жұмыртқаның бір талы 33 теңгеден еді. Кеше 38 теңгеге қымбаттады. Ал бүгін әйелім 40 теңгеден алыпты. «Неге қымбат?» десе, сатушы «Солтүстіктен жұмыртқа мен тауық еті әкелінбей жатыр. Карантин» деп жауап беріпті, – дейді. «Дүкендерде тауық еті мен жұмыртқаның бағасы баяғыдай» деген Божкоға сенесіз бе, әлде әр тиыны санаулы Шымкент тұрғынына сенесіз бе, оны патша көңіліңіз білсін.Айтпақшы, тағы бір нәрсені ескеру керек. Жұмыртқа бағасының өзгеруі – маусымаралық құбылыс. Яғни, жыл сайын жаз мезгілінде жеміс-жидек пен көкөністер көбейіп, жұмыртқаға сұраныс азайғандықтан, баға арзандайды. Күз бен қыста сұраныс артқанда, баға қалпына келеді. Мамыр-тамыз айларында қыркүйек-сәуір аралығымен салыстырғанда, халық жұмыртқаны екі есе аз сатып алады. Нарықтық экономиканың заңына сәйкес, өндірушілер жазда жұмыртқаны арзан бағамен сатуға мәжбүр. Тіпті, біраз шығынға да ұшырайды.
– Бірақ халық бағаның өскеніне ғана мән береді, арзанға сатылғанын ұмытып кетеді, – дейді Божко.Ең бастысы, құс тұмауы адамға жұқпайды екен. Алда-жалда арзан-қымбатына қарамай құс өнімін тұтынамын десеңіз, сақтық шараларын естен шығармаңыз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кеңесі бойынша, біріншіден, құс етін толық пісіріп жеген жөн. Жұмыртқаның сарысын да жартылай шикі қылмай, әбден қуырып-қайнатқан дұрыс. Құс еті мен жұмыртқаны тоңазытқышта, өзге азық-түліктен бөлек сақтаған абзал.
Еркебұлан НҰРЕКЕШ