АТА-АНАЛАР МЕН БАЛАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҒЫ ТӨМЕН
Қазақстанда жасөспірімдердің құқықбұзушылық фактілерінің статистикасын жүргізетін құзырлы органдардың мәліметтері бірыңғай емес. Мәселен, Ішкі Істер министрлігінің мәліметі бойынша, елімізде соңғы жылдары балалар арасындағы қылмыс орташа есеппен 6 пайызға кеміген. Прокуратура керісінше жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өршіп тұрғанына алаңдайды. Құқықбұзушылыққа басты себептердің бірі – отбасындағы жағдай, ата-аналардың ішімдікке салынуы, әлеуметтік мәселелер, ішкі күйзеліс. Қылмыс пен әлеуметтік жағдай қаншалықты өзара байланысты? Қылмысты тек жағдайы төмен отбасынан шыққан балалар жасай ма? Жоқ, соңғы өңірлік статистика бұл стереотиптік көзқарасты да бұзды. Мәселен, Ақтөбе облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, қылмыс жасаған балалардың 52 пайызы толық әрі әлеуметтік жағдайы жақсы отбасыларынан шыққан болса, небәрі 30 пайызының жағдайы төмен болғаны анықталған. Мұның өзі материалдық жағынан жақсы қамтылса да, тәрбие жағына мән бермейтін отбасылардың көптігін аңғартса керек. Статистика бойынша, қылмыс жасайтындардың 90 пайызы – ұлдар. Бұл қоғамдағы ұлдардың психикалық және психологиялық доминантты жағдайынан бөлек, елімізде көбіне-көп қыз тәрбиесімен ерекше құлшыныспен айналысу үрдісін көрсетпей ме? Әдетте «Қызға қырық үйден тыю» дегенде, бұл мақалдың алдындағы «Ұлға отыз үйден тыю» деген жағын ұмыт қалдырамыз. Қарапайым мысал, кез келген аулада ұлдар төбелесіп, бір баланың денесін көгертсе, ата-аналар «не бопты, балам кәмелет жасына толмаған, жауапқа тартылмайды» деп ойлайды. Мәселен, Ақтаудағы жол-көлік оқиғасында да жасөспірімнің анасы жәбірленуші тарапқа баласының кәмелет жасына толмағанын, сондықтан жауапқа тартылмайтынын сеніммен айтқан сияқты. Бірақ бұл – құқықтық нигилизмнің асқынған түрі. Себебі Қазақстанның Қылмыстық кодексінде қылмыс жасаған уақытында 14 жасқа толған адамдарды қылмыстық жауаптылыққа тартуға негіз бола алатын отызға тарта бап бар. Адвокат-заңгер Абзал Құспан қылмыстық жазаның мақсаты – адамды жазалап, мемлекеттің кек алуы емес, болашақта мұндай қылмыстарды болдыртпау, алдын алу, қайталануына тосқауыл қою екенін еске салады:– Ақтөбе қаласында болып жатқан жағдай көпшілікке тарап кетті. Бұл жерде төбелескен балалардың жазасыз қалуы теріс әсер етеді. Өйткені басқа да ата-аналар «біздің балалар кәмелетке толмаған, балалық қылды» деп қарапайым түсінікпен отыра беруі мүмкін. Мәселен, Қылмыстық кодексте адамға ауыр дене жарақатын келтіру, орта дәрежелі дене жарақатын келтіру 14 жастан бастап қылмыстық жауаптылыққа тартылады. Ақтөбедегі жағдай бойынша айтсам, жәбірленушінің жарақаты орта дәрежеге жете ме, жетпей ме, білмеймін. Бірақ орта дәрежедегі қылмыс болу үшін адам кем дегенде үш жұмадан артық ауруханада жатуы керек, белгілі бір органы жұмыс істемей қалуы керек. Сондай-ақ алдыңғы қатардағы үш-төрт тісі сынса да жауапқа тартылады. Негізі, мұны сот-медициналық сараптама анықтайды. Бұл жердегі жағдай бүкіл елдің алдында талқыға түскеннен кейін мектеп директорларын жазалады. Бірақ мектеп директорларын не үшін жауапқа тартқанын түсінбеймін?! Әрине, мектеп ішінде болған оқиға болса немесе директорлары көре тұра шара қолданбаса түсінер едім. Бұл жерде бірінші кезекте ата-анасын жауапкершілікке тарту керек. Ең болмаса, әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесін қарастыру керек, - дейді.Заңгердің айтуынша, жасөспірімдер арасындағы құқықтық нигилизммен күресте жаңадан бір нәрсе ойлап табудың қажеті жоқ. Бұрыннан қалыптасқан жүйе бар.
– Біздің судьялардың бір жаман әдеті – сот процестерінің жария болғанын қаламауы. Жоғары сот төрағасы Жақып Асанов сот процесінің ашықтығын, жариялылығын қамтамасыз ету туралы мәселені көп қозғаған еді. Бізде сот процестері жария емес. Содан әрбір ата-ана өз баласын қорғап, «сот істі дұрыс қарамады» деп шығады. Содан ел-жұртта неше түрлі теріс әңгіме тарайды. Сот процестерін тәрбиелік мақсатта ашық жүргізу керек. Қазір әлеуметтік желі арқылы бүкіл Қазақстан халқын қамтуға да болады. Қолданыстағы Қылмыстық процестік кодекске сәйкес, Жоғарғы соттың Қылмыстық істер бойынша сот істерінің жариялылығын қамтамасыз ету туралы арнайы қаулысы бар. Міне, бұл мәселе не заңға, не адамгершілік қағидаттарына қарсы келмейтін қалыпты жағдай. Бірақ біздің судьялар өз кәсіби біліктілігіне күмәндана ма, әйтеуір сот процестерін ашық жүргізуге қырын қарайды, – дейді заңгер Абзал Құспан.
БАЛА ТӘРБИЕСІНДЕ ГРУЗИЯДАН ҮЛГІ АЛАМЫЗ БА?
2019 жылы Қазақстанның құқық қорғау органдарының есебінде 7,5 мың жасөспірім тұрған. Балалар қылмысы қатігездігімен және себеп-салдарының жоқтығымен ерекшеленеді. Елімізде балалар құқын қорғау, отандық заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкестендіру бағытында бірқатар жұмыс жүргізіліп, Президент бастамасымен тиісті заңдарға өзгерістер де енгізілген. Девианттық мінез-құлықты балалар тұратын арнайы ұйымдардың атауын да өзгертпек. Соңғы жылдары еліміздің билік органдары жемқорлықпен күрес, полиция реформасы бойынша ғана емес, балалар қылмысын азайту ісінде де Грузияға бет түзеуге даяр. Грузия тәжірибесіне келсек, аса ауыр қылмыс түрлерінен басқа жағдайларда балаларды жазаламауға тырысады. Оларға екінші мүмкіндік беріп, психологтармен жұмыс жүргізіледі. Жоғары санатты психолог Алмагүл Алдабергенова «гаджеттер заманында» әрі карантиндік жағдайда балалар түгілі, ересектердің жүйке жүйесін тоздыратын факторлардың көбейгенін айтады:– Жасөспірімдердің әртүрлі жаман әрекеттерге баруының себебі отбасында ата-ананың балаға аз уақыт бөлуі деп есептеймін. Менің алдыма келген жасөспірімдерден де мұны көп естимін, «мені ата-анам түсінуге тырыспайды, бәрібір мені қолдамайды, сол үшін айтпаймын» деп ішкі жан күйзелісін шығармайды. Қыз балаға – анасының, ұл балаға – әкесінің аса қажет болатын кезі – осы жасөспірім шақ. Жасөспірімдердің күйзелісін гармондардың жоғарылауымен байланыстырамыз. Бірақ бұл болуы қажет процесс. Жасөспірім шақтың да өтпелі екенін ұмыту бар. Бұл – жетілу кезеңі. Бірақ ата-анада «баламда жетілу кезеңі болып жатыр» деп қуану жоқ, – дейді.Психологтың айтуынша, ата-аналар «балам ашушаң боп кетті, қашан бұл кезең бітеді» деп күтеді. Бірақ бұл кезеңде балаға көңіл бөлмеу, онымен сырласпау дұрыс емес. Сондықтан балаға ата-анасының пікірінен гөрі өз қатарласының сөзі ақылдырақ, дұрысырақ көрінуі мүмкін. Жасөспірімнің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасына байланысты Алмагүл Алдабергенова былай дейді:
– Мәселен, әкесінің көлігімен әйелді басып кеткен балада әйелге деген үлкен агрессия болуы мүмкін. Көбінесе бізде әкесіне деген өшпенділікті басқа бір ер адамнан алу, анасына деген өшпенділікті басқа бір әйелден алу бар. Сондықтан онсыз да ашу-күйзелісте жүрген балаға бұл әрекет қанағаттану процесі ретінде болып тұр. Мұның алдын алуға әбден болар еді. Егер кезінде бала жақындарымен өзінің ішкі күйзелісімен, жан тебіренісімен бөліскенде ашу-ыза сол жерде сыртқа шығып кетер еді. Ішкі бұлқыныс шықпаған соң, өкінішке қарай ол айналадағы адамдарға зиянын тигізетін жолын таңдады, – дейді. Психологтар да, полиция қызметкерлері де ата-анаға бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, баланың мінез-құлқындағы өзгерістерді мүлт жібермеудің маңызын айтады. Егер біреудің тарапынан буллинг болса, мұны тек мектеп басшылығына ғана емес, құзырлы органдарға да хабарлау қажет. Бүгінде қатарластары қудалап, ұрып-соғып, бопсалап жүрген әрбір бесінші оқиға ғана полицияға жетеді екен.
Кәмшат ТАСБОЛАТ