Жануардың құны жоқ, жәбірлеудің түрі көп
Жануардың құны жоқ, жәбірлеудің түрі көп
 

Жазасыз қалған қылмыс көп

Мәселен, маусым айында Алматыда екі жасөспірім күшікті қапқа салып өртеп жіберсе, Атырау қаласының екі тұрғыны иттерді мылтықпен атқанын видеоға тү­сіріп, әлеуметтік желі­ге жариялады. Ақтауда те­ңіз жағасында демалуға кел­гендер онсыз да жоғалып бара жатқан Каспий ит­балығын тас­пен ұрғанын көргенде қоғам белсенділері бұл мәселеге бейжай қарауға болмайтынын ескертті. Одан қалды, қасқыр секілді жабайы аңдарды қорлағандар да жиі кездеседі. Ізін ала Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыған байланысты мектеп бағдарламасына «Балалардың эко­логиялық білімі» пәнін енгізуді ұсынды. Алайда жан­уарлардың қауіпсіздігі мәселе күйінде қала беретін сыңайлы. Себебі Құқықтық статистика комитетінің дерегіне көз жүгірт­сек, 2015-2019 жылдар аралығы мен 2020 жылдың қаңтар-наурыз айларында жануарларды қорлауға қатысты 636 қыл­мыс­тық іс тіркеліп, оның жетеуі ғана Қыл­мыстық кодекстің 316-бабы бойынша (120 АЕК (333 360 теңге) көлемінде айыппұл не­месе 120 сағат қоғамдық жұмысқа тар­тылады, 30 тәулікке қамау) жазаға тар­тылған. Демек, жалпы қылмыстың 99 па­йызы жылы жабылыпты. Жуырда елордада жануар­ларды қорғау жөніндегі кеңес құрылды. Қала әкімдігі жанынан жұмыс істейтін кеңес құрамына ветеринар мамандары мен жа­нуарларды қорғау ісімен ай­налысатын қоғам бел­сенділері кіріп отыр. Бұл жануарларға қа­­тысты мәселені түбегейлі шеше қоя ма, ол жағы әлі беймәлім. Ал INUCOBO жа­нуарларды қор­ғау қауымдастығының пре­зиденті Лилия Сәрсенова болса, әр аймақтағы әкімдіктер жануарларды қорғау мақсатында әрекет етуі тиіс екенін айтады. janyar
– Жануарларды жәбірлейтін аза­маттардың көптігін, жануар­лардың құқы қорғалуы қажет екенін 2017 жылдан бері үзбей айтып келеміз. Қамқоршылар кеңесіне ереже жаздық, өтпеді. Әкімдік жанынан кеңес құрыл­ғаны жақсы бастама. Көзқарас түзеліп келеді. Бірақ әр өңірдегі әкімдіктер өз тарапынан осы мәселеге қатысты қо­ғамдық ба­қылау мен ұйымдастыруды қолға алғаны жөн, – дейді маман.
Бір қызығы, біз жоғарыда атаған 316-бап­тың шикілігі көп. Бұл бап бойынша қоғамға аса зиян келтірмеген, кішігірім бұ­зақылық қылмыстары қаралады. Зардап шеккендер полицияға жүгінбесе де болады. Соның әсерінен жануарларды қорлаған жайттардың көбі жабулы күйінде қалды, егер өзгеріс болмаса қала да бермек.  

Қожайынның жауыздығы

2016 жылы белсенділер жан­уар­ларды қорлауға қа­тыс­ты Алматыда митинг ұйым­­дастырды. 2019 жыл­дың қараша айында жануар­ларды қорғаушылар Мә­жіліс­ке «Жануарларға жа­уап­кершілікпен қарау» заңының жобасын ұсынды. Депутаттар оны Үкіметке 2020 жылдың қаңтарында тапсырған еді. Шілдеде заң жобасын Экология министрлігі қолға алды. Тамыз­дың басында қоғамдық тыңдалым өтіп, оған жануарларды қор­ғаушылар, кинологтер мен бас­қа да мүдделі азаматтар қа­тысты. Заң жобасының басты қағидаларына жануарларға ізгі болу және заманауи та­лаптарға сай болу енді. Мысалы, үй жан­­уарларын бірыңғай базаға тіркеу, қа­раусыз және қаңғыбас жануарларды ба­­қылауда ұстау талабы, олардың санын эти­­каға сай реттеу, жануарларға қатаң қа­рауды насихаттауға тыйым салу, ауыл ша­руашылығында төрт түлікті жас бала­лардың кө­зінше союға тыйым салу ұсы­ныл­­ды. Сарапшылар жануар­ларға қатысты тұрмыстық зом­былықтың ашылмай қа­латынына қапалы. Егер заң іс жүзінде қол­данысқа енетін болса, біраз мәселелердің алдын алары хақ. misik
– Жануарларға жиі жәбір көрсететін өз қожайындары. Жақында ғана қожайын­ның өз итін тоңазытқыштың есігімен тұн­шықтырып өлтірмек болған сорақы жағ­дайы – көп мысалдың бірі ғана. Аш­тан қатыру, ыс­тық машинаның ішінде қал­дырып кету, сусыз және тамақ­сыз қа­мап қою немесе байлап тастау, бақшаны таптап тастағаны үшін улап өлтіру, керек емес төлдердің көзін жою, суға тұн­шықтыру – осының бәрін қан­дай да бір жауыздар емес, жа­уапсыз қожайындар істейді. Бұлардың бәрін жануарларды қорғау ұйымында заңгер болып жұмыс істегенде көрдім, – дейді Animal Law жөніндегі сарапшы Мария Байдильдинова.
 

Шетел тәжірибесін ескерсек

Ресей үкіметі 2018 жылы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау» федералды заңын қабыл­дап үлгерді. Қазір ресейліктер аймақтардағы жекеменшік және муни­ципалды жануарлардың баспана мәселесін шешіп жа­тыр. Ал Еуропа одағында 1987 жыл­дан бері Жануарларға жә­бір көрсетуден қорғау жө­нін­дегі конвенция жұмыс іс­тейді. Германия 2002 жылы жануар­ларды қорғауды конституция арқылы бекітті. Италияда осы­ған ұқсас заң мен оған беріл­ген түсініктер 241-бетте толық жазылған, оған қоса онда әр­түрлі үй жануарын асырауға қатысты кеңестер бар. Ка­надада 2020 жылдан бастап үй жануарларының денсаулығын арнайы инспекторлар қада­ғалайды, ал жа­нуарларға қарсы қылмысты хабарлау үшін жеке желі жұмыс істейді. Мұның бәрі үлгі аларлық мысал, бі­рақ елімізде әлі де болсын жан­уарлардың құқығы тапталып жатқаны айқын.     Түйін:

 Қоғам үшін үйреншікті көрінген ит төбелесі де жануар­ларды қорлаудың бір түрі. Соған қарамастан бұл қорлықтың дәу­рені жүріп тұр, көрермен ау­диториясы да кең. Одан бөлек, жаугершілік заманда баланы қаскөй етіп шығару үшін мал бауыздап үйретеді екен. Сон­дықтан жану­арларды қорғау арқылы біз келер ұрпақты ізгі­лікке бастауымыз тиіс.

 

мадиярМадияр ТӨЛЕУ