Жазасыз қалған қылмыс көп
Мәселен, маусым айында Алматыда екі жасөспірім күшікті қапқа салып өртеп жіберсе, Атырау қаласының екі тұрғыны иттерді мылтықпен атқанын видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялады. Ақтауда теңіз жағасында демалуға келгендер онсыз да жоғалып бара жатқан Каспий итбалығын таспен ұрғанын көргенде қоғам белсенділері бұл мәселеге бейжай қарауға болмайтынын ескертті. Одан қалды, қасқыр секілді жабайы аңдарды қорлағандар да жиі кездеседі. Ізін ала Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыған байланысты мектеп бағдарламасына «Балалардың экологиялық білімі» пәнін енгізуді ұсынды. Алайда жануарлардың қауіпсіздігі мәселе күйінде қала беретін сыңайлы. Себебі Құқықтық статистика комитетінің дерегіне көз жүгіртсек, 2015-2019 жылдар аралығы мен 2020 жылдың қаңтар-наурыз айларында жануарларды қорлауға қатысты 636 қылмыстық іс тіркеліп, оның жетеуі ғана Қылмыстық кодекстің 316-бабы бойынша (120 АЕК (333 360 теңге) көлемінде айыппұл немесе 120 сағат қоғамдық жұмысқа тартылады, 30 тәулікке қамау) жазаға тартылған. Демек, жалпы қылмыстың 99 пайызы жылы жабылыпты. Жуырда елордада жануарларды қорғау жөніндегі кеңес құрылды. Қала әкімдігі жанынан жұмыс істейтін кеңес құрамына ветеринар мамандары мен жануарларды қорғау ісімен айналысатын қоғам белсенділері кіріп отыр. Бұл жануарларға қатысты мәселені түбегейлі шеше қоя ма, ол жағы әлі беймәлім. Ал INUCOBO жануарларды қорғау қауымдастығының президенті Лилия Сәрсенова болса, әр аймақтағы әкімдіктер жануарларды қорғау мақсатында әрекет етуі тиіс екенін айтады.– Жануарларды жәбірлейтін азаматтардың көптігін, жануарлардың құқы қорғалуы қажет екенін 2017 жылдан бері үзбей айтып келеміз. Қамқоршылар кеңесіне ереже жаздық, өтпеді. Әкімдік жанынан кеңес құрылғаны жақсы бастама. Көзқарас түзеліп келеді. Бірақ әр өңірдегі әкімдіктер өз тарапынан осы мәселеге қатысты қоғамдық бақылау мен ұйымдастыруды қолға алғаны жөн, – дейді маман.Бір қызығы, біз жоғарыда атаған 316-баптың шикілігі көп. Бұл бап бойынша қоғамға аса зиян келтірмеген, кішігірім бұзақылық қылмыстары қаралады. Зардап шеккендер полицияға жүгінбесе де болады. Соның әсерінен жануарларды қорлаған жайттардың көбі жабулы күйінде қалды, егер өзгеріс болмаса қала да бермек.
Қожайынның жауыздығы
2016 жылы белсенділер жануарларды қорлауға қатысты Алматыда митинг ұйымдастырды. 2019 жылдың қараша айында жануарларды қорғаушылар Мәжіліске «Жануарларға жауапкершілікпен қарау» заңының жобасын ұсынды. Депутаттар оны Үкіметке 2020 жылдың қаңтарында тапсырған еді. Шілдеде заң жобасын Экология министрлігі қолға алды. Тамыздың басында қоғамдық тыңдалым өтіп, оған жануарларды қорғаушылар, кинологтер мен басқа да мүдделі азаматтар қатысты. Заң жобасының басты қағидаларына жануарларға ізгі болу және заманауи талаптарға сай болу енді. Мысалы, үй жануарларын бірыңғай базаға тіркеу, қараусыз және қаңғыбас жануарларды бақылауда ұстау талабы, олардың санын этикаға сай реттеу, жануарларға қатаң қарауды насихаттауға тыйым салу, ауыл шаруашылығында төрт түлікті жас балалардың көзінше союға тыйым салу ұсынылды. Сарапшылар жануарларға қатысты тұрмыстық зомбылықтың ашылмай қалатынына қапалы. Егер заң іс жүзінде қолданысқа енетін болса, біраз мәселелердің алдын алары хақ.– Жануарларға жиі жәбір көрсететін өз қожайындары. Жақында ғана қожайынның өз итін тоңазытқыштың есігімен тұншықтырып өлтірмек болған сорақы жағдайы – көп мысалдың бірі ғана. Аштан қатыру, ыстық машинаның ішінде қалдырып кету, сусыз және тамақсыз қамап қою немесе байлап тастау, бақшаны таптап тастағаны үшін улап өлтіру, керек емес төлдердің көзін жою, суға тұншықтыру – осының бәрін қандай да бір жауыздар емес, жауапсыз қожайындар істейді. Бұлардың бәрін жануарларды қорғау ұйымында заңгер болып жұмыс істегенде көрдім, – дейді Animal Law жөніндегі сарапшы Мария Байдильдинова.
Шетел тәжірибесін ескерсек
Ресей үкіметі 2018 жылы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау» федералды заңын қабылдап үлгерді. Қазір ресейліктер аймақтардағы жекеменшік және муниципалды жануарлардың баспана мәселесін шешіп жатыр. Ал Еуропа одағында 1987 жылдан бері Жануарларға жәбір көрсетуден қорғау жөніндегі конвенция жұмыс істейді. Германия 2002 жылы жануарларды қорғауды конституция арқылы бекітті. Италияда осыған ұқсас заң мен оған берілген түсініктер 241-бетте толық жазылған, оған қоса онда әртүрлі үй жануарын асырауға қатысты кеңестер бар. Канадада 2020 жылдан бастап үй жануарларының денсаулығын арнайы инспекторлар қадағалайды, ал жануарларға қарсы қылмысты хабарлау үшін жеке желі жұмыс істейді. Мұның бәрі үлгі аларлық мысал, бірақ елімізде әлі де болсын жануарлардың құқығы тапталып жатқаны айқын. Түйін:Қоғам үшін үйреншікті көрінген ит төбелесі де жануарларды қорлаудың бір түрі. Соған қарамастан бұл қорлықтың дәурені жүріп тұр, көрермен аудиториясы да кең. Одан бөлек, жаугершілік заманда баланы қаскөй етіп шығару үшін мал бауыздап үйретеді екен. Сондықтан жануарларды қорғау арқылы біз келер ұрпақты ізгілікке бастауымыз тиіс.
Мадияр ТӨЛЕУ