Жаңа туған нәрестенің тоңазытқыш камерасында өлуі туралы оқиға елді шошытып, дәрігерлерге деген сенімді көмескілендіріп жібергендей.
Оқиғаның нақты себептері анықталмай тұрып, кеше Атырау облыстық перинаталдық орталықтың 31 қызметкері жұмыстан шығу туралы өтініш жазғаны да мәлім болды. Жаңа туған сәби өлімінің күрт жоғарылап кету көрсеткішінің артынша тірі туған сәбиді анықтама үшін өлтіру оқиғасы еліміздің медицина саласындағы кемшіліктердің тым асқынып тұрғанын айқындап бергендей.
Ресми деректерге сүйенсек, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Шыңғыс Қабдолла елордада өткен брифингте «Гиппократтың антына адал болуды уәде еткен денсаулық сақтау саласының қызметкерлері жаңа туған нәрестені тоңазытқыш камераға салып өлтірді деген күдікке ілінді. Тексеру нәтижесінде анықталғандай, сәби қателіктің салдарынан құжат бойынша өлі туғандардың қатарына енгізіліп кеткен. Шынтуайтында ол тірі болған. Баланың тірі екенін білгеннен кейін дәрігерлер оңалту амалдары бойынша шұғыл шараларды қабылдаудың орнына рәсімделген құжат бойынша, сәбиді шетінеп кеткенше сол жерде қалдырған. Дәрігердің әрекетінің бір себебі – толтырылып қойған құжат. Ол түзетілмеген» деген болатын. Перзентхана орталығының басшысы мен әйелді босандырған акушер-гинекологтың үстінен қылмыстық іс қозғалды.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Атырау облысындағы сәби өлімі туралы мәлімдеме жасап, сәбидің жақындары мен отбасына барлық әріптестері атынан көңіл айтты.
«Бала өліміне әкеп соққан қасақана медициналық көмек көрсетпеу туралы айтыпты, естігенде таңғалдық» деді ол Денсаулық сақтау министрлігінде өткен брифингте. Е.Біртанов оқиға бойынша Денсаулық сақтау министрлігінің ұстанымын жариялады. «Біздің ұстанымымыз – тергеу нәтижесі мен барлық сараптаманың жүргізілуін күту. Медициналық қызметкерлер тарапынан заңсыз әрекеттердің болған-болмағанын анықтау. Содан кейін ғана толыққанды пікір бере аламыз» деді ол.
Сонымен бірге, министр оқиғаның қызу қоғамдық талқылауға түскенін және барлық медициналық қызметкерлерге күйе жағылғанын айтты. «Меніңше, медициналық қызметкерлердің басым бөлігі өз еңбегін адал атқарып келеді. Сондықтан жалпыға кінә артудың қажеті жоқ» деді Е.Біртанов.
Десек те, Атырау облыстық перинталдық орталықтың 31 қызметкері жұмыстан шығу туралы өтініш жазғаны да мәлім болып отыр.
Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметінің хатшысы Серікжан Ерментаевтың берген мәліметіне сүйенсек, жұмыстан шығуға арыз берген қызметкерлермен Денсаулық сақтау министрлігі, сала басқармасы, кәсіподақ ұйымдарының өкілдері диалог орнатуға әрекет етіп жатыр. Олардың әрқайсысы – күн сайын адам өмірі үшін күресіп жүрген мамандар. Перзентхана қызметкерлері қазір жұмыс орындарында.
Айтарлығы, Атырау облыстық перинталдық орталықта орын алған жағдай мәлім болған соң, өңірге Денсаулық сақтау вице-министрі бастаған республикалық мекемелердің жетекші мамандары келді.
Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиеваның айтуынша, облыстық перинаталдық орталық дәрігерлеріне еліміздің басқа аймақтарынан медицина қызметкерлері көмекке келіп жатыр.
– 2019 жылдың басынан бері Атырауда қалалық перзентхананы екінші деңгейден үшінші деңгейге ауыстыру жұмысы жүргізілді. Босандыруды ұйымдастыруға бағытталған жоспарлы шара аясында облыстық перинаталдық орталықтан анестезиолог-реаниматолог ауыстырылды. Екі неонатолог келді. Бәрі де – тәжірибелі, еңбек өтілдері бар мамандар. Аталған ауруханаға Ақтөбе облысынан тағы екі маман-неонатолог келеді.
Қалалық перинаталдық орталық жүз пайыз жабдықталған, – дейді Мәншүк Аймұрзиева.
Қалалық перзентхана ауыр дерті бар жүкті әйелдерге босандыру бойынша сапалы медициналық қызмет көрсетуге дайын.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы М.Аймұрзиеваның айтуынша, облыстық перинаталдық орталықтың да жұмысы күшейтіледі. Жұмыстан кеткен дәрігерлерді Атыраудан, еліміздің басқа да аймақтарынан келген мамандар алмастырады. Аймақта қыркүйектен бастап бала өлімін азайту бойынша жоспарланған шаралардың орындалуын бақылайтын мониторинг тобы жұмыс істейді. Реаниматолог, неонатолог, акушер-гинеколог дәрігерлер келген. Педиатрия және балалар хирургиясы ұлттық ғылыми орталығының директоры Риза Боранбаева бастаған жалпы саны жеті маман қазір Атырауда. Сонымен қатар республикалық орталықтардан акушер-гинеколог, Нұр-Сұлтан қаласындағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығынан анестезиолог-реаниматологтары да атыраулық дәрігерлермен бірге бала өлімін азайтуға күш салуда.
Атырауға іссапармен келген Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева облыстық, қалалық перинаталдық орталықтардың жұмысымен танысып, дәрігерлермен жүздесіп, нақты тапсырма берді.
Атырау облысы