Халықпен жұмыста атүстілік пен салғырттықтан арылу керек. Бұл туралы Сенат төрағасы Дариға Назарбаева Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында облыстық мәслихат депутаттарымен кездесу кезінде айтты.
Парламенттің жоғарғы палатасының басшысы жергілікті депутаттарды елімізде мәслихаттардың құрылғанына 25 жыл толуымен құттықтады. Д.Назарбаеваның айтуынша, өкілді органдар жергілікті мемлекеттік басқару жүйесінде аса маңызды рөл атқарады.
Аймақтармен өзара ынтымақтастығын арттыру мақсатында бүгінде палата жанынан Жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес жұмыс істейді. Сенат мәслихаттардың рөлін одан ары нығайту, мәслихат хатшысының мәртебесін арттыру, сондай-ақ босатылған негізде қызмет атқаратын депутаттар институтын енгізу жөнінде үкіметке ұсыныстар топтамасын әзірледі.
Әйтпесе, сенаторлардан айырмашылығы сол, аймақтардағы депутаттарға жалақы төленбейді, сондықтан олардың әрқайсысы сессиядан тыс уақытта еңбекақысы мен табысы бар өзге жұмыстармен шұғылданады.
Жоғарғы палата ұсыныстарының бәрі «Қазақстандағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға түзетулерде көрініс тапты. Дариға Назарбаева мәслихат депутаттарын аталған заң жобасын белсенді талқылауға шақырды.
Спикер мәслихат жанындағы Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесуде олардың жұмысының дербестігін арттыру қажетін нықтады.
– Біз Сенаттың жанында Жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құрдық және оған зор үміт артып отырмыз. Мәслихатпен байланыс тығыз әрі белсенді және екіжақты болғанын қалар едік, – деді Дариға Нұрсұлтанқызы.
Оның пікірінше, халықпен жұмыс жасаудың жаңа форматын жолға қою керек болады: жұртшылықтың қатысуымен көшпелі отырыстарды үздіксіз өткізіп, жасалған жұмыстар туралы ресми сайттарда ғана емес, әлеуметтік желілерде де кеңінен жариялау қажет.
Д.Назарбаева бұл ретте осы жұмыстар атүсті жасалмай әрі сөз жүзінде қалмай, нақты мазмұнға ие болуға тиістігіне назар аудартты.
Бұдан бөлек, Сенат төрағасы ұлттық мәдени орталықтар басшыларымен кездесуде аймақтардағы ассамблеялардың мәртебесін нығайту, атап айтқанда, жастарды мәдени орталықтар жұмысына тарту, сондай-ақ түрлі ұлт өкілдері үшін «әлеуметтік лифт» жүйесін құру мәселелерін талқылады.