«Алматы облысында 3 304 отбасыға АӘК төлеу тоқтатылды», «Қостанай облысында АӘК 116 отбасыға уақытша, 1 193 отбасыға түбегейлі төленбейді», «БҚО-да тексеру нәтижесінде 586 отбасыға АӘК төлеу уақытша, тағы 508 отбасыға мүлдем төленбейтін болады»... Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің әр өңірден таратып жатқан осы суыт мәлімдемелері майдан даласынан жеткен мәліметтерді елестетеді.
Солай болуға да тиіс шығар. Өйткені осы арқылы Үкімет ымырасыз күрес жүріп жатқанын, нақтылай кетсек, мемлекеттік көмекқаржыны заңсыз алуға тырысқан «алаяқтар мен масылдарға» қарсы аяусыз соғыс ашқанын паш етуде. Алайда бұл «уралаған» хабарлар шынымен бюджеттің мойнында отырған ірі мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардағы басшылардың ел қаржысы есебінен миллиондап-миллиардтап бонустар алатыны, мысалға, БЖЗҚ-ның жарнамаға ғана 277 миллион теңге жұмсағаны секілді мәліметтермен еш үйлеспейді.
Мұндай хабарды естіген бұқара халық, әсіресе ауылдағы ағайын: «Оу, неге әлеуметтік көмектен айырасыңдар! Беріңдер, онсыз да талан-тараж болып жатқан халық қаржысын халықтан қызғанасыңдар ма?» деп назаланатыны содан. Жұртшылықтың көңілтолмастығын құлағы шалса керек, жауапты ведомство Үкіметке атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа моделін ұсынды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Үкімет мүшелеріне 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік қолдау шараларының кешенді қолданылуын қарастыратын жаңа заң жобасын таныстырды.
Оған сәйкес, біріншіден, 4 және одан да көп кәмелетке толмаған баласы, соның ішінде жасы 23-ке жетпеген, күндізгі бөлімде оқитын студенттері бар барлық көпбалалы отбасыға енді жеке мемлекеттік жәрдемақы төлене бастайды. Салыстыру үшін айтсақ, әзірге тек әл-ауқаты төмен көпбалалы аналар ғана жәрдемақы алуға құқылы. Демек құрсағы алтын аналарды «кедей-бай» деп бөлу және кемсіту жойылмақ. Мемжәрдемақы мөлшері бала санына қарай сараланады. Әр балаға орта есеппен 10-11 мың теңгеден беріледі деп күтілуде.
Екіншіден, мемлекет АӘК-ті отбасының барлық мүшесіне тоқсан сайын тағайындау тәжірибесіне қайта оралмақ. Б.Нұрымбетовтің пайымдауынша, бұл бір жағынан, АӘК алушылардың өз табыстарын ұзақ жасыруына жол бермейді. Екінші жағынан, отбасылардың табыстары осы уақытта төмендеп кетуі де ықтимал, олай болса, АӘК көлемі қайта есептеліп, көтеріледі.
Үшіншіден, Үкімет аз қамтылған отбасылардағы балаларға қамқорлықтың кепілдендірілген әлеуметтік пакетін ұсынады. Ведомство басшысы олардың 1-ден 6 жасқа дейінгі балалары ыстық тамақпен, гигиеналық құралдармен және білім беру қызметтерімен қамтылатынын, ал 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалары – мектепте күн сайын тегін ыстық тамақпен, қалалық қоғамдық көлікте күнделікті тегін жол жүрумен, мектеп формасымен, оқу құралдарымен қамтамасыз етілетінін мәлімдеді.
Үкімет басшысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, өңірлерде АӘК берудің жаңа тәсілдері туралы түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруды жүктеді.
Ведомство осы қазан айының соңына дейін тиісті заң жобасын Парламентке енгізуге міндеттелді.
Кейін журналистер алдына шыққан министр Б.Нұрымбетов жан басына шаққандағы орташа кірісі 20 789 теңгеден төмен отбасылардың ғана АӘК алуға құқығы бар екенін еске салды.
«Кейбір азаматтар мемлекет халыққа не үшін көмектесіп отырғанын дұрыс түсінбейді. Өзінің нақты табысын жасырған 73 мыңнан астам отбасыға АӘК заңсыз тағайындалған. Біз төлемдерді тоқтатуға немесе қайта есептеуге мәжбүр болдық. Бизнеспен айналысу фактілерін жасыру жағдайлары да аз емес. Мысалы, Алматы облысында көпбалалы отбасы биылғы 11 маусымынан бастап АӘК алып келген. Бірақ тексеру барысында ол отбасыда 852 бас мал тіркелген шаруашылығының бары анықталды» дейді министр.
Жалпы, АӘК биыл 417 мың отбасыға немесе 2,1 миллион адамға тағайындалған екен. Алайда министр Б.Нұрымбетовтың айтуынша, бүгінде бұл сан 306 мың отбасыға немесе 1,6 миллиондай адамға дейін кемітіліпті.