Еуразиялық экономикалық одақ аясында қабылданып жатқан кейбір шешімдер сарапшыларды «Одақ Қазақстанға тиімді болып тұр ма?» деген мәселеге қайта-қайта оралуға мәжбүрлеуде. Ғаламторда «2014 жылғы 29 мамырдағы ЕАЭО туралы шартқа өзгерістер енгізу, сондай-ақ жекелеген халықаралық шарттардың қолданылуын өзгерту және тоқтату туралы хаттама» жобасы ресми жарияланды.
Құжатқа сәйкес, одақ аясындағы сыртқы шекаралардағы барлық кеденнен «ортақ қазынаға» жиналатын бүкіл алым-салықты өзара бөлісу кезінде Қазақстанның еншісіне тиесін үлес тағы да азайтылған.
«Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер төмендегіге келісті: кедендік әкелу баждарының (балама қолданылатын өзге де баждар, салықтар мен алымдар) сомаларын есептеу және бөлу, оларды мүше мемлекеттер бюджеттерінің кірісіне аудару тәртібі туралы хаттамаға (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа №5 қосымшаға) мынадай өзгерістер енгізілсін.
Әрбір мүше мемлекет үшін кедендік әкелу баждары сомаларын бөлу нормативтері мынадай мөлшерде белгіленеді:
Ресей Федерациясы – 85,065 пайыз;
Қазақстан Республикасы – 6,955 пайыз;
Беларусь Республикасы – 4,860 пайыз;
Қырғыз Республикасы – 1,900 пайыз;
Армения Республикасы – 1,220 пайыз».
Бұл ретте Беларусь, Қырғызстан және Армения үлестерінің неге аз екені түсінікті: олардың аумағы тым шағын, шекаралары да сонша ұзын емес. Тек екі мүше елдің – Қазақстан мен Ресейдің жері ғана ұлан-байтақ, далиып жатыр. Бірақ осыдан бес жыл бұрын бекітіліп кеткен келісім бойынша Қазақстан кедендік баждан түсетін барлық табысты солтүстік көршісінен кем дегенде 12 есе кем алады. Және бұл үлесі ары қарай азаюда.
Бұған қатысты одақтың басты органы – Еуразиялық экономикалық комиссияның жауабы қысқа болды.
– ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер бюджеттері арасында кедендік әкелу баждарының сомаларын бөлу нормативтері мөлшеріне Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес мүшелері келісімдерін берді. Тиісті хаттамаға қол қойылды, – деп мәлімдеді ЕЭК баспасөз қызметі.
Осылайша, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап, Қазақстанның одақтағы ортақ кірістен алатын еншісі 0,1 пайызға – биылғы 7,055%-дан 6,955%-ға дейін кемиді.
Рас, Ресей де алапат үлесімен шамалы бөліседі. Келер жылы еншісі небәрі 0,2%-ға – қазіргі 85,265%-дан 85,065%-ға дейін төмендейді.
Бір қарағанда, Ресейдікі көбірек азаятын сияқты. Шындап келгенде, үлесі ең көп азайып отырғаны – біздің республика ғана. Салыстыру үшін айтсақ, Қазақстан жоғалтатын 0,1% дегеніміз 7,055%-дың екі пайызына жуық.
Ал Ресей жоғалтатын 0,2 пайыз оның 85,265%-дық үлесіне шаққанда, 0,23456%-ды құрайды, яғни өте аз.
Басқаша айтқанда, Қазақстан қатарлы өз еншісінің 2 пайызын өзге серіктестеріне қиып бергісі келсе, Ресей 0,2% емес, кем дегенде 1,7% үлесінен айырылуға тиіс.
Екі ел осы еншілерімен кіммен бөліседі? Тек Беларусьпен ғана.
Өйткені өзге екі елдің көрсеткіші сол бұрынғыдай өзгеріссіз қалмақ: Армения үлесі 2020 жылы – 1,22% болады (2019 жылы да 1,22%), Қырғызстандікі – 1,9% (бүгінде де 1,9%).
Ал Беларустікі биылғы 4,56%-дан артып, бес пайызға жуықтайды: 4,86%-ға жетеді.
Сарапшылардың мәліметінше, бұған дейін ЖЕЭК отырыстарында Беларусь тарапы Еуразиялық одақ ішінде импорттан түсетін баж алымдарының республикалар арасында әділетсіз бөлінетініне талай шағымданыпты.
«Жыламаған балаға емшек бермейді» деген халық даналығы бар. Өз мемлекеттерінің экономикалық мүдделерін қорғауда біздің және қырғыз ағайындардың келіссөзшілеріне анағұрлым белсенді болу, бірін-бірі қызу қолдауы қажеттей. Әйтпесе, діні бір, тіні, ділі ұқсас өзге үш серіктесіне жем болып кетуі ғажап емес.