Қазақстанның мұнай-газ саласы – елдің әлеуметтік-экономикалық даму ерекшеліктерін айқындайтын жетекші әрі стратегиялық сала. Сондықтан Бас прокуратура осы сектордағы заңбұзушылықтар туралы шетелдік жекелеген БАҚ-та жарияланған мәліметтердің шындыққа сәйкестігін тексерген. Оның қорытындысы Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің кеңейтілген отырысында қаралды.
Соңғы 10 жылда батыстық БАҚ-та, сондай-ақ жергілікті баспасөзде мемлекеттік басқару жүйесіне де, елдің бүкіл мұнай-газ саласына да көлеңке түсіретін келеңсіз материалдар таратуда. Осыған орай, «нұротандық» депутаттардың өтініші негізінде прокуратура органы Энергетика және Қаржы министрліктерімен бірігіп, биыл «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының қызметіне тексеру жүргізді. Бас прокуратура тексеру нәтижесінде «аталған жарияланымдардағы мәліметтер шындыққа сәйкес келмейді» деген байлам жасады.
Атап айтқанда, газға экспорттық бағаларды төмендету, сондай-ақ «ҚазРосГаз» компаниясының Қазақстаннан газ экспорты саласындағы кірістерді жымқыру үшін делдал-компанияларды пайдалануы және сыбайлас жемқорлық жоспарлары туралы ақпарат расталмады. Материалдарды зерттеу барысында прокуратура мұндай мәлімдеме саладағы жағдайды түсінбегеннен пайда болады деген ұйғарымға келді.
Ресеймен арадағы үкіметаралық келісім аясында Қазақстаннан экспортталатын табиғи газдың 90%-дан астамы тең көлемде Қазақстан тарапына «қарсы жеткізу» тетігі арқылы өтеледі. Мұндай мәмілелердегі жалғыз және тікелей контрагент – ресейлік «Газпром». Бұл айырбастау операциялары Қазақстанның ішкі нарығына газ жеткізуді көздейді. Мұндай мәмілелерде бағаны Қазақстан Үкіметі реттейді: бұл ел ішіндегі газға ішкі бағаларды ТМД елдері арасында ең төменгі деңгейде ұстап тұруға ықпал етеді. Энергетика министрлігінің дерегінше, ішкі нарықтағы орташа бөлшек сауда бағасы 1 текше метр үшін 18,5 теңгеден аспайды. Яғни, Ресейге қарағанда 2 есе, ал Қырғызстанға қарағанда 5 есе аз.
Швейцарияның Vitol мұнай трейдерінің «бақылауды монополияландыруы» және «Қазақстанның мұнай экспортындағы орасан үлесті басып алу үшін әкімшілік ресурсты пайдалануы» туралы ақпарат та расталмады. Бас прокуратура мәліметінше, отандық мұнай экспортындағы Vitol мұнай трейдерінің үлесі соңғы 10 жылда 10%-дан аспаған. Мұны әрине, орасан үлес деп айту қиын.
Теңіз және Қашаған кен орындарының мұнайындағы қазақстандық үлеске тоқталсақ, оны сатып алу рәсімдерін де батыс журналистері сын нысанасына айналдырып алды. Олар мұнда да Vitol-ға «артықшылық» берілген деседі. Алайда мұндағы жағдай да жарияланымдарда сипатталғанға қарағанда басқаша көрінеді. Ресми құжаттарға сәйкес, Vitol мұнай трейдері «ҚазМұнайГаз» тендерінде жеңіске жетті. Себебі болашақ мұнай жеткізілімдері үшін аванс бере отырып, ҚМГ үшін барынша тиімді шарттарды ұсыныпты.
Құзырлы орган Қазақстаннан экспортталатын мұнай бағасын төмендету фактілерін де анықтамады. Мұнай экспорты бойынша барлық мәмілелерге салық органдары трансферттік баға белгілеу туралы заңнамаға сәйкестігі тұрғысынан мониторинг жүргізіп, бақылайды екен.
Бұдан бөлек, Бас прокуратура елдің мұнай-газ активтерін сату кезінде орын алды делінген заңсыз мәмілеге қатысты айыптауларды да талдады. 2010-2013 жылдары Швейцария прокуратурасы қазақстандық бірқатар мұнай-газ активін сату деректеріне тергеу жүргізді. Қазақстанның құқық қорғау органдары Швейцариядағы әріптестеріне осы мәселеде барлық қажетті көмек көрсетті. Материалдарды жан-жақты зерттеу ешқандай заңбұзушылық таппағандықтан, тергеу ақыры 2013 жылдың соңында тоқтатылды.
Бас прокуратура Мәжіліс депутаттары теріс жарияланымдарға дер кезінде дұрыс ден қойса және қажетті ақпаратты ұсынса, онда қоғам экономика салаларының дамуы туралы шынайы түсінікке ие болады деген пікір білдірді.