Моноқалаларда құрылыс қарқыны баяу
Моноқалаларда құрылыс қарқыны баяу
290
оқылды

Баспана құрылысына бюджеттен арна тартатын миллиардтар әділетсіз бөлінуде. Мәжіліс депутаттары осындай тоқтамға келіп отыр. Үкімет сағаты аясында талқыға салынған «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мембағдарламасын жүзеге асыру жайы көптеген сұрақ тудырды.

Мәселен, 2,5 жыл ішінде қы­руар қаражат шығындалса да, әкімдіктерде үй кезегінде тұр­ған­дардың жалпы санының бар-жоғы 6 пайыздайы ғана пә­терге ие болған. Парламент­шілер мәліметінше, елімізде кем дегенде 512 мың адам баспанаға мұқтаж саналады және тиісті кезекке іліккен. Оның 30 мың­дайы он жылдан көп уақыттан бері пәтерлерін күтуде. Әрі бұл мерзім ұзамаса, кеми қояр түрі жоқ. Үй кезегіндегілердің 200 мыңнан астамы – әлеуметтік аз қамтылғандар.

Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов кейбір кезегі үлкен өңірлер мен аудандарға «Нұрлы жер» аясында жеңілдікті тұрғын үй салуға бюджеттік ақша ти­мейтініне назар аудартты. Демек үй кезегі ұлғаймаса, азаймайды.

2017 жылдан бастап, 2019 жыл­ғы 1 шілдеге дейінгі ара­лықта, яғни 2,5 жыл ішінде 30 мың аза­матқа пәтер берілген. Бұл кезек­те тұрған жалпы адам санының 6,3%-дайы ғана. Осы кезеңде Ал­маты қаласында тұрғын үй ке­зегінде тұрған 8 мың адамға немесе 37%-ына, Түркістан об­лы­сында – 4 мың адамға (13,5%-ына), Қызылорда облысында 3 300 адамға (12%-ына) баспана берілген. Атырау облысында бұл көрсеткіш небәрі 720 адамды, ШҚО-да – 855 адамды құрайды. Ендеше, депутаттар тұжырым­дауынша, Үкімет халықты тұр­ғын үймен қамту бойынша қо­сымша шаралар қабылдауы қажет.

– Мұқтаж азаматтарды «Нұр­лы жер» бағдарламасы жет­кілікті түрде толық қамтымауда. Бюджет қаражатын өңірлердің қажеттіліктері мен кезекте тұр­ған мұқтаж адамдарды ескермес­тен бөлу практикасы жалғасып жатыр. Мысалға, кезекте тұрған тұрғындарының саны көп – 48 мыңнан асатын Алматы об­лысына соңғы үш жылда бар бол­ғаны 18,7 млрд теңге бағыт­та­л­ған. Ал кезектегі адамдар саны 26 мың адамды құрайтын Қостанай облысына мемлекеттік бюджеттен 26,8 млрд теңге бө­лінген. Қарағанды облысында 35 мың адам кезекте тұр, оған 19,5 млрд теңге ғана қаржы бө­лінген, – деді Н.Сабильянов.

Әрине, бұл Қостанайдың баспана қаражатын азайту керек деген сөз емес, оған жол беруге болмайды. Керісінше, қалған облыстардың бюджетінің осы бөлігін ұлғайту қажет.

Мұның сыртында, «Нұрлы жер» аясында шағын, моно­қа­лаларда, аудан орталықтары мен ауылдарда жеке тұрғын үйлер құ­рылысының қарқыны тасба­қа­ның қимылын елестетеді. Қа­зір­гі кезде оларда 210 мыңдай адам баспанаға зәру. Алайда 2,5 жыл ішінде барлығы 188 үй не­месе 5 мың пәтер тұрғызы­лыпты.

Кейбір елді мекендерде үй кезегі кеңес кезіндегі дүкен ке­зегіне ұқсап кетіпті: сөрелер бос, тауардың саудаға қашан шыға­рылатыны белгісіз. Н.Сабилья­нов­тың дерегінше, кейінгі жыл­дары бюджет қаражаты есебінен бірде-бір тұрғын үй салынбаған аудандар да бар. Мысалы, Түр­кістан облысының Сарыағаш ауданында 4 мыңға жуық азамат кезекте тіркелген. Бірақ соңғы 10 жылда бұл ауданда тұрғын үй тұрғызылмаған. Ақмола облы­сының Шортанды ауданында 600 адам кезекте тұр. Әйткенмен, 2013 жылдан бері онда тұрғын үй мүлдем берілмеген. ШҚО-ның Аягөз қаласында үй кезегі 1 мың­ға жуық адамнан құралған. Алайда ширек ғасырдан бері бұл қалада бірде-бір көппәтерлі жаңа тұрғын үй бой көтермепті. Өкінішке қарай, мұндай көрініс көптеген басқа ауданда да қайталануда.

Сондықтан Мәжіліс уәкі­летті орган мен жергілікті әкім­дік­тер­ден шағын, моноқалаларда және ауылдарда баспана салуға назар аударуын және бюджеттен тиісті қаржы бағыттауын сұрайды.